Былтыр салынған екі үй әлі қолданысқа берілген жоқ

5240

Пәтерлерді тапсыру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. 

Былтыр салынған екі үй әлі қолданысқа берілген жоқ Фото: Валерий Бугаев

Өткен жылы Павлодар қаласында жаңа Достық ауданы салына бастады. Ескі саяжайлардың орнына тұрғызылған алғашқы екі көпқабатты баспананың құрылысы қыркүйек айында аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бірақ 216 пәтерлік тұрғын үйлер әлі күнге дейін ел игілігіне берілген жоқ. "Отбасы банк" АҚ салымшылары жаңа баспанаға қоныстанатын уақытты жарты жылдан астам уақыт бойы күтіп жүр.

"Баспана уақытылы берілмегендіктен пәтер жалдап тұруға мәжбүрміз. Ал бұл – қосымша шығын. Жалдау ақысына берген қаражатты ипотекалық несиені өтеуге жұмсайтын едік",дейді тұрғын Руслан Нығметов.

Құрылысы қаңтарда басталып, қыркүйекте аяқталған екі көпқабатты баспананың осы уақытқа дейін бос тұруының басты себебі – орталық инженерлік желілерге қосылмауы. Яғни, үйдің тек қабырғалары тұр. Былтыр Павлодар қаласының әкімдігі су, кәріз және жылу жүйелерін 2020 жылдың соңына дейін жүргізуге уәде беріп еді. Десе де, жергілікті билік бұл сөзінде тұрмады. Енді жоспарлы жұмыстың кешігуіне мердігерлерді мемлекеттік конкурс арқылы анықтауда туындаған қиындықтар себеп болғанын алға тартып, ақталып отыр.

"Әуелде пәтер кілттері қазанда қолымызға тиюі тиіс еді. Тұрғын үйлерде желілер жүргізілмегендіктен, жаңа жылға дейін беретін болды. Оған да келістік. Енді наурыз айының соңына дейін шегерді. Құрылысты бастамас бұрын инженерлік-коммуникациялық мәселелерді шешіп алу керек еді. Қыс бойы жылу болмаған соң, қабырғаларды мұз басты. Енді олар еріп, көгереді. Сонда біз жарты жыл бойы сапасыз пәтерлерді күттік пе?", – деп ашынады тағы бір тұрғын Марат Мұсағалиев.

Екі үйдің құрылысына қаржы бөлген "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Мейрам Өтешов қазіргі уақытта олқылықтардың барлығы жойылғанын айтады.

"Бүгінде пәтерлерде су, жылу, электр энергиясын есептейтін құралдар орнатылды. Тиісті инженерлік желілер тартылды. Тек құжаттарды ресімдеу жұмыстары қалды. Олар аяқталған соң тұрғындар пәтерлерге көше алады",– дейді Мейрам Өтешов.

Белгілі болғандай, жаңа үйлер электр энергиясы, сумен қамтитын орталықтандырылған жүйеге ғана қосылған. Қабырғаларды әбден мұз басып кетпес үшін уақытша жылу желісі тартылған. Ал орталықтандырылған желіге қосылу мәселесі ТМ-42 жылу магистралі іске қосылған соң бір-ақ шешіледі. Алайда бұл магистраль іске қосылмақ түгілі оны орнатуға қажет 5 млрд теңгенің жартысы жоқ. Жергілікті сома тағы 2 млрд теңгеден астам қаражатты республикалық бюджеттен сұрауға бекініп отыр.

Сол себепті алдағы жылу маусымына дейін жаңа магистральдің жылумен қамтылуы екіталай. Сондықтан Достық шағын ауданының тұрғындары тағы да қиындықтарға тап боламыз ба деп қауіптенеді.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу