Былтырдан бері шетелде 40-қа жуық қазақстандық қайтыс болды

Отандастарымыз көбінесе оқыс оқиғалардан көз жұмады екен.

Былтырдан бері шетелде 40-қа жуық қазақстандық қайтыс болды Фото: Ашық дереккөзден

ҚР Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, 2022 жылдың басынан бері шетелде 40-қа жуық қазақстандық қайтыс болды. Олар қандай жағдайда көз жұмды? Отбасыларына қандай көмек көрсетілді? Бұл сұрақтардың жауабын inbusiness.kz тілшісі іздеп көрді.

Қазақстан азаматтары 40-қа жуық мемлекетке визасыз барып, саяхаттай алады. Статистика бойынша, отандастарымыздың тең жартысы жыл сайын шетелде демалады екен. 2022 жылы шетелдерге 7,7 млн қазақстандық саяхаттаған. 

Бұған сыртқа жұмыс бабымен, оқуға кететіндерді қосу керек. Соңғы сайлаудағы дерек бойынша, 62 елде 77 сайлау учаскесі ашылған. Ол жерде 12 132 адам дауыс беруі тиіс болған. Бұл - ресми тіркеліп, шетелде тұрақты және уақытша тұрып, жұмыс істейтін қазақстандықтар саны.

Бұдан бөлек, Сыртқы істер министрлігіне өздері туралы деректерді хабарламайтын, ерікті түрде консулдық есепке де тұрмайтын отандастарымыз да бар. Бұл міндетті рәсім емес, бірақ кез келген оқыс оқиғада шетелде жүрген қазақстандықтардың құқықтарын ҚР СІМ ғана қорғайды.

Мәселен, былтыр Қазақстанның шетелдегі консулдық мекемелеріне отандастарымыздан 21 319 өтініш келіп түскен, олардың 99,8  пайызы қанағаттандырылған. Атап айтқанда, 6 азаматқа қаржылық көмек көрсетіліп, 12 азамат санавиациямен елге жеткізілген.

"ҚР азаматтарының басым бөлігі шетелде тұрғылықты тұру және көші-қон тәртібін түсіндіруді, жергілікті мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл жасауды, қажетті құжаттар немесе анықтамаларды рәсімдеуге қатысты құқықтық көмек көрсетуді сұрайды", – деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігі.

Алайда, кейде оқыс оқиғалар мен қайғылы жағдайлар да тіркеледі. Мысалы, былтырдан бері шетелде 40-қа жуық қазақстандық қайтыс болып, денелері елге жеткізілді.  Ал соңғы аптада ғана Таиландта 2 отандасымыз қаза тапты.

Өкініштісі, ел-жер көремін деп аттанып, мәйіттері елге қайтқан азаматтардың басым бөлігі оқыс оқиғадан көз жұмады екен.

"Сондықтан біз азаматтарымызды өздеріңіз барған елдің барлық талаптарын, заңдары мен ережелерін мүлтіксіз орындауға шақырамыз. Егер жүзуге тыйым салынса, демек суға түсуге болмайды. Таиландта бұл кезеңдегі толқындар өте қауіпті. Отбасыңыз бен достарыңызға зияныңызды тигізбеу үшін ережелерді қатаң сақтаңыз", – деп қосты министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Таиланд құтқарушыларының хабарлауынша, тыйымдарға қарамастан, суға түсіп, толқындардың астында қалып, қаза табатын шетелдік көбейген.

"Мұндай әрекеттерді негізінен ТМД елдерінен келген туристер жасайды", – деп атап өтті Таиланд құтқарушылары.

Еске сала кетсек, 2022 жылы 7,7 млн қазақстандық өзге елде демалды. Олардың басым бөлігі теңіз жағасындағы саяхатты таңдаған. Басым бөлігі Түркия, БАӘ, Мысыр, Тайланд мен Мальдив аралдарына аттанған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу