Былыққа батқан "Барыс"

3075

Команданың бюджеті мен оның көрсетіп жатқан өнері жанкүйерлердің наразылығын тудырды.

Былыққа батқан "Барыс"

"Барыс" хоккей клубының айналасында көптеген алыпқашпа әңгіме бар.

Құрлықтық хоккей лигасының ресми сайты осы жақында ғана қазақстандық команданың бір маусымда хоккейшілерге жұмсайтын қаржысын жариялады. Бұл үрдіс жыл сайын орын алып келеді. Мысалы, 2012-2013 жылғы маусымда елордалық "Барыс" ойыншыларына 2 млн еуро көлемінде жалақы берген. Ал биылғы маусымда бұл сома 9,3 млн еуроға жетіп отыр. Яғни, теңгемен 3 млрд 600 млн теңге.

Жыл сайын өз конференциясында плэй-оффқа әзер өтіп, өтпелі кезеңнің алғашқы айналымынан-ақ шығып қалатын командамызға соншама қаржы бөлініп жатқанына жанкүйерлер наразы екені анық. Бірақ "Астана" Президенттік кәсіпқой клубтың әзірге бұл мәселеге бас қатырғысы жоқ. Әлбетте, клуб сонымен қатар демеушілер тартып, жарнама мен маркетингтің арқасында біршама қаржы табатыны анық. Алайда ол табыс "Барыстың" қай жыртығын жамасын? 9 млн еуроны тек жалақыға жұмсағаннан соң, бұл клубты қаржыландыруға еліміздің бюджетінен қомақты қаржы кететіні анық. Қаржы кетсе, нәтиже де керемет болғанын қалайсың. Он жылға жуық Құрлықтық хоккей лигасында ешқандай жетістікке жетпеген отандық команданың ілініп-салынып, көптің бірі болып жүре бергені де шамға тиері хақ.

Құрамында қазақ хоккейшілері көптеп ойнап, тәжірибие жинап соның арқасында Ұлттық құрамамыздың нәтижесі жақсарып жатса да көзді жұма қарауға болушы еді. Алайда, сырттан келген легионерлерге жалақы болып кетіп жатқан елдің ақшасын ойласаң, емешегің езіліп, безіп кеткің-ақ келеді. Команданың биыл да көрсетіп жатқан өнері қарық қылып тұрғаны шамалы. Тұрақтылық жоқтың қасы. Бәлкім, бұл клубтың бағыт-бағдарын өзгертіп, мақсаттарын да қайта қарау қажет шығар? Төгіліп жатқан қаражаттың сұрауын кімнен аламыз?

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу