Былықтың беті ашылды

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
17300

Прокурорлар кешенді тексеріс жүргізу арқылы 400 млн теңгеден астам бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалғанын анықтады.  

Былықтың беті ашылды

Оңтүстік Қазақстан облысында "Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту" мемлекеттік  бағдарламасының іске асырылуында кемшілік көп. Кейбір аудандарда бағдарламаны әзірлеу, қабылдау жөніндегі әдістемелер басшылыққа алынбаған. Ал Қазығұрт ауданында  бағдарламаның индикаторына жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар белгіленбеген.

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен алқа отырысында Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы 1- ші басқармасының басшысы Рүстем Дүйсенбаев мәлім етті.

Белгілі болғандай, 2013-2014 жылдары бюджеттің 79 млн теңгесіне тұрғызылған ірі қара малды қолдан ұрықтандыруға арналған 38  пункт әлі күнге дейін пайдаланылмаған. Тексеру барысында 200 мыңнан астам заң бұзушылық, оның ішінде 3,5 мыңы кәсіпкерліктің дамуына кері әсер ететін әкімшілік кедергі тіркелген. Сонымен қатар 400 млн теңгеден астам бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалғаны әшкереленген. Салық өндіру ісінде де кемшіліктерге жол берілген. Бұл туралы Рүстем Дүйсенбаев: "Прокурорлар ауыл шаруашылығын субсидиялауға қатысты 1,7 млрд теңгенің заң бұзушылығын анықтады. Қазір 26 дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр", – деді.

Қазығұрт ауданында шаруаларға несие беру ісінде де заң бұзушылыққа жол берілген. "Ырыс" микроқаржы ұйымының аудандық өкілі 2016 жылдың желтоқсанында түскен 50-ден астам кәсіпкердің өтінімін бүгінге дейін қарамаған. Осы ұйымнан  595 млн теңге несие алған 218 азаматтың 118-і 283 млн теңгені тиімсіз жаратқан.  Сондай-ақ несие қаржысына 354 бас мал алған 54 тұлға мал иесі ретінде мемлекеттік дерек қорына тіркелмеген.

Тексеру барысында олардың ветеринарлардың жалған анықтамаларын пайдаланып, несиені заңсыз иеленгені анықталған.

"Соңғы 3 жылда ауданның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға қомақты субсидия бөлінгенімен, ауыл шаруашылығы саласының өнімділігі көбеймеген. Өсімдік бағытын субсидиялауға 2 млрд  теңгеден астам қаржы қарастырылған, ал егу алқабы 3831,4 гектарға қысқарып қалған. Мұның себеп-салдары зерделенбеген", – деді облыстық прокуратураның 1-ші басқармасының бастығы.

Шаруаларға субсидия бөлу барысында да түрлі былықтардың беті ашылыпты. Прокурорлардың мәлімдеуінше, 619 кәсіпкерден артық құжат сұратылса, құжаты дұрыс рәсімделмеген 151 кәсіпкерге 139,1 млн теңге субсидия заңсыз берілген. Ал құжаты дұрыс рәсімделген 3 өтінім иесінің өтініші қанағаттандырылмаған. Осындай орашолақтықтардың орын алғанын мойындаған Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев бір ай ішінде барлық кемшлікті жоюға уәде берді.

Басқосу барысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев  дәл осындай кешенді прокурорлық тексерулердің өзге аудандарда да жалғасатынын айтты.

"Жасыратыны жоқ, өңірде жұмыссыздықпен күрес, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, салық түсімін молайту, туризмді дамыту, өңірге инвестиция салу, шаруаларға субсидия бөлу және ауыл шаруашылығы кешенін дамыту  мақсатында қыруар іс атқарылып жатыр. Алайда кейбір аудандарда бұл жұмыс қожырап, аудан әкімдері бейберекетсіздікке жол беріп отыр. Алдағы уақытта барлық аудан, қала әкімдерінің жұмысы жіті қадағалауда болады", – деді облыс әкімі.

Ақжол Қараспан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу