Бюджет тапшылығы Ұлттық қорды молайтуға мүмкіндік бермей жатыр

2285

Өткен аптада Парламент Мәжілісі "2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заңды қабылдады.

Бюджет тапшылығы Ұлттық қорды молайтуға мүмкіндік бермей жатыр Фото: life.ru

Заң жобасы қызу талқыланды, оның ішінде бюджеттің кірісі мен шығысы, Ұлттық қордың болашағы, жалпы ішкі өнімге қатысты маңызды жайттар бар. Әсіресе, болашақ үшін делінетін Ұлттық қордағы қаражатқа байланысты мәселелер көп.

Әлеуметтік сала алқымнан алуда

Қазақстан бұған дейін республикалық бюджеттің бақандай 40 пайызын әлеуметтік салаға жұмсайтын еді. Енді 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң аясында, келер жылы әлеуметтік салаға 9,8 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл жалпы бюджеттің 45 пайызын құрайды.

Әрине, әлеуметтік салаға, яғни, халықтың қажеттілігі үшін ақша жұмсау ісін айыптай алмаймыз, дегенмен басқа салаларға салмақ түсетінін жасырмаған абзал. Ал экономист Дастан Қаратаевтың айтуынша, Конституцияға сәйкес Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырған. Сол себепті, мемлекеттік бюджеттің 45 пайызын әлеуметтік салаға бөлу орынды іс.

– Қазақстанда халықтың жағдайын жақсарту үшін келесі бағыттарға назар аудару өте маңызды. Алдымен жаңа бос жұмыс орындарын ашу қажет. Экономиканың жаңа салаларын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау керек. Бұл жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және тұрақты жұмыс орындарын құруға көмектеседі. Келесі білім беру және кәсіптік оқыту тұр. Білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына сай етіп жаңарту маңызды, – дейді сарапшы.

Қаратаевтың сөзінше, күнкөріс деңгейін көтеру үшін төменгі жалақыны көтерген абзал. Биыл 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңге мөлшерінде белгіленді. Еліміздегі 2024 жылғы қыркүйек айындағы инфляция көлемі 8,3% құраған. Осыған байланысты ең төменгі жалақы мөлшерін кем дегенде 150 мың теңгеге ұлғайту қажет. Ең төменгі жалақыны ұлғайту және жұмыс берушілерді жалақыны көтеруге ынталандыру азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға көмектеспек.

Айтпақшы, 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында жалпы ішкі өнімнің жылдық өсімі орта есеппен 5,4 пайызға жеткізу көзделген. Дегенмен Дастан Қаратаев ЖІӨ-нің өсімі халықтың әл-ауқатының жақсару көрсеткіші ретінде саналмайтынын айтады.

– Жалпы ішкі өнімнің өсуі экономикалық өсудің көрсеткіші болуы мүмкін, бірақ әрқашан халықтың жағдайының жақсаруына тікелей сәйкес келе бермейді. Егер ел байлығы біркелкі бөлінбесе, адамдардың көпшілігінің әл-ауқаты жақсармайды. Мысалы, ЖІӨ-нің өсуі адамдардың шағын тобының кірісін ұлғайту арқылы болуы мүмкін. ЖІӨ денсаулық, білім, экология және өмір сүру деңгейі сияқты факторларды ескермейді. Бұл аспектілер халықтың нақты әл-ауқаты үшін маңызды ЖІӨ-нің өсуі инфляцияға байланысты болуы мүмкін. Осылайша, ЖІӨ-нің өсуі экономикалық дамудың көрсеткіші бола алады, бірақ халықтың әлеуметтік жағдайын бағалау үшін табыс деңгейі, теңсіздік, білім мен денсаулыққа қол жетімділік сияқты басқа көрсеткіштерді қарастыру қажет, – дейді ол.

Қордағы қаржы көбейе ме?

Бюджет тапшылығы туындағанда Үкімет көбіне Ұлттық қорға жүгінеді, яғни, ұлттық қордағы қаржыны жұмсайды. Осылайша, көбеюге тиіс болған қазына керісінше шығындалуда. Бір жағынан Ұлттық қордың жағдайы мұнай бағасына да қатысты екені жасырын емес. Қара алтынның бір баррелі 100 долларға дейін жетіп тұрса, еш қиындық болмас еді. Алайда қазір әлемде мұнай бағасы тұрақсыз, көбіне төмендеп жатады.

Бұған дейін сарапшылар айтқандай, Үкімет Ұлттық қорға қол салмай, бюджет тапшылығын болдырмау үшін екі нұсқаны бірдей қарастырған жөн. Біріншісі, негізсіз салықтық жеңілдіктерді алып тастап, сол арқылы бюджетке түсетін қаржыны еселеу. Екіншісі, экономикадағы көлеңкелі бизнесті жою. Бұл әрекеттерге экономист Дастан Қаратаев инвестиция тарту жайын қосты.

– Ұлттық қордағы қаражатты сақтау және ұлғайту үшін экономикаға инвестиция тарту басты факті болып қалады. Сондай-ақ, Қазақстан қор биржасы арқылы жетекші компаниялардың акцияларын, корпоративтік және мемлекеттік облигацияларды, басқа да құнды қағаздарды сатып алған жөн. Одан бөлек, биржалық инвестициялық қорларды (ETF) пайдалану керек. Мысалы, KASE индексіне инвестиция салатын және Қазақстанның 8 ірі эмитентінің акцияларынан тұратын ETF FXKZ қоры бар. Бұл әдістер инвесторларға қазақстандық нарыққа шығып, өз инвестицияларын әртараптандыруға мүмкіндік береді, – деп толықтырды маман.

Әзірге Үкімет Ұлттық қордан қаржы алуын тыймайтыны анық. Себебі ел экономикасы бюджет тапшылығын болдырмайтындай хәлде емес. Шамасы, қордағы қаржы кезінде мақсат етілгендей жақын арада 100 млрд долларға жете қоймайтын іспетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу