Бюджетті бекіткенде теңге бағамын асыра сілтеп жіберді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
6277

Доллардың теңгеге шаққандағы бағамы келер жылы қазіргі деңгейін ұстап тұрса да жаман болмас еді.

Бюджетті бекіткенде теңге бағамын асыра сілтеп жіберді

2019 жылға арналған республикалық бюджетті құру кезінде 1 АҚШ доллары 350 теңге деп бекітілді. Ал мұнай бағасының жылдық орташа бағасы 60 доллар болады деп жорамалданды. Бұл туралы ұлттық экономика министрлігі Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

"Бюджетті құру кезінде сыртқы макрошарттарды есепке аламыз. Алдағы жылы мұнай бағасы 60 доллар айналасында болады деп болжануда. Ал доллардың теңгеге шаққандағы бағамына келер болсақ, біз де, Ұлттық банк та оның қай деңгейде болатынын басып айта алмайды. Теңгенің еркін бағамы нарық шарттарымен құрылады. Алдағы жылы доллардың орташа бағамы 350 теңге деңгейінде болуы тиіс", – деді министр. 

Бұл жерде қазіргі көрсеткіштерді де келтіре кетуді жөн көріп отырмыз. Өткен аптаның соңғы сессиясында доллардың теңгеге шаққандағы құны 363,43 теңге болғаны белгілі. Бұл брент мұнайының баррелі 77 доллардың үстінде болғандағы көрсеткіш. Ал ұлттық экономика министрлігінің мұнай 60 доллар болғанда доллар 350 теңге болады дегені қазіргі макроахуалдар аясында аздап күмәнді көрінетіні рас. Әрине, бір кездері мұнай 40 доллар болған кезде де доллардың бағамы 350 теңге айналасында болғаны бар. Бірер жыл бұрын. Бірақ ол кезде Ресейге қарсы санкциялар аздау еді. Енді ғана басталып келе жатқан. Иран мен АҚШ арасындағы жағдай жақсарып келе жатқан болатын. Трамптың сауда соғысы басталмаған еді. Қазіргі Ресейге қарсы бір бума санкцияға қол қойылған күннің ертеңінде рубль мен теңгенің мұрттай ұшатын кезінде доллардың қымбаттағаны теңгені құтқарайын деп тұрғаны шамалы. Оның үстіне мұнайды қазіргі 75-80 доллар емес, 60 доллар деп есептегені де Ұлттық банктің сақтанып отырғаны шығар, дегенмен долларды 350 теңге деп есептеу үшін мұнай бағасының 80 долларға таяп қалғанын да "мойындау" керек еді.

Қысқаша қайырар болсақ, ұлттық экономика министрлігі бюджетті жоспарларда мұнай мен доллар құнын белгілегенде, жұмсартып айтар болсақ, кәсіби жұмыс істей алмай отыр. Өйткені, біріншіден, мұнай бағасын кем белгілеу арқылы келер жылғы бюджеттің шығыстары кем есептеліп, ал кірістері артық болып шығады. Демек, атқарылар жұмыс аз, артық ақша көп болады деген сөз. Тиісінше, экономика зардап шегеді. Ал жыл соңында Сағынтаев бүгін ғана көріп отырғандай игерілмей қалған ақша үшін министрлерді "сілкіп" алады.

Екіншіден, қазіргі 363 теңгелік доллар алдағы уақытта арзандайтын да шығар. Бірақ келер жылғы жаһандық жағдайларды жобалайтын болсақ, теңге үшін жағымды жаңалық аздау. Мұнайдың қымбаттау қарқыны осымен бәсеңдеді. Енді осы 75-80 долларды ұстап тұрса да жетеді. Трамптың екпіні долларды ай санап өсіріп жатыр. Орыс рублінің болашағынан үміт күтушілер қарасы күн санап азайып жатыр. Демек, мұнай нарығындағы қысқамерзімді сілкінулер мен салық уақытындағы маусымдық кішігірім науқандар кезінде болмаса, теңгені айтарлықтай өсіріп, Қазақстанда доллардың арзандауына алғышарт бола қоятындай үлкен күш жоқ. Олай болса, доллардың теңгеге шаққандағы бағамы келер жылы Сүлейменов айтқандай 350 теңгеге түспек түгілі, қазіргі деңгейін ұстап тұрса да жаман болмас еді.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу