"Бюджетті ысырап еткен министрлер жазаға тартылады"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
7941

Есеп комитеті елімізде сол бұрынғыша, "шортандар тұтылып, шабақтар құтылып" жатқанын айтады.

"Бюджетті ысырап еткен министрлер жазаға тартылады"

Бюджет тиімсіз шығындалғаны үшін бірде-бір министр орнынан түспеген.

Соған қарамастан, Парламент бүгінгі бірлескен отырысында Үкімет пен есеп комитетінің 2018 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебін мақұлдады.

"Бюджеттік бағдарламалардың жоспарланған көрсеткіштерінің барлығына бірдей қол жеткізіле бермейді. Қазақстанда шығындалған бюджеттік қаражаттар мен нәтижелер арасында байланыс жоқ. Есеп комитетінің бағалауынша, стратегиялық міндеттердің 35 пайызы бойынша белгіленген мақсаттарға қол жеткізбеу қаупі бар. Тағы 35 пайызы орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспары деңгейіне шығарылмай қалған", – деген Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова мұндай жағдайда ел басшылығы қойған әрбір бюджет теңгесінің тиімділік әкелуге тиістігі туралы міндет орындалмауы ықтимал екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, бюджет қаражатының талан-тараж болғаны үшін соған жол берген, кей жағдайда өзі басы-қасында жүрген бірінші басшылар жазаланбайды. Жауапкершілікке бұл іске көп қатысы жоқ немесе тек басшының берген тапсырмасын ғана орындаған қатардағы қызметкерлер тартылуда.

"Сапасыз бюджеттік шешімдер 2018 жылы 138 миллиард теңге бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына соқтырды. Бұл үшін кім жаза тартты? Басым көпшілігінде, шешім қабылдауға қатыспаған қарапайым орындаушылар. Атап айтқанда, есеп комитетінің материалдары негізінде 224 қызметші тәртіптік жазаға ұшырады. Олардың тек 9%-ы ғана – басшылар" – дейді Наталья Годунова.

Осыған орай есеп комитеті Парламентке қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсыныспен шықты. Жаңа түзетулерде лауазымды тұлғаларды қаржылық бұзушылықтар үшін міндетті түрде жауапкершілікке тарту жайы қарастырылуға тиіс. Жазаның ауырлығы бұзушылық сомасының көлемімен байланыстырылуы керек.

Бұдан бөлек, бюджеттік қаржыларды және мемлекеттік активтерді тиімсіз жоспарлау және ұтымсыз пайдалану үшін де жаза көздеу ұсынылды.

Үкімет басшысы Асқар Мамин бұл проблеманың барлығын мойындады.

"Бұл процесте кемшіліктер көп. Оларды жою, бюджеттік жоспарлауды жетілдіру мақсатында біз Үкіметте бірқатар жұмыс жүргізіп, заңнамаға өзгерістер дайындап жатырмыз. Мысалы, бүгінде мемлекеттік органдар алдымен өздерінің стратегиялық жоспарларын бекітеді де, кейін соларға шығыстар лимитін белгілейді. Енді басқаша болады, яғни шығыстар стратегжоспарлар қабылдау кезінде бекітіледі. Нәтиже де шығыстар көлеміне қарай анықталады. Осының арқасында бюджет те сапалырақ жоспарланады деп сенеміз", – деді премьер.

Ол бюджетті ысырап еткен министрлерді тәртіпке шақыруға уәде етті.

"Қазіргі кезде басшылардың жауапкершілігі мәселесі маңызды болуда. Бүгінде әзірленіп жатқан заңнамалық өзгерістер қатарында бірінші басшылардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған жаңа заң жобасы болады. Ол жоба қазір жасалуда. Бұл құжатты 2019 жылдың аяғына қарай Парламентке енгіземіз", – деді Асқар Мамин.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу