Үкіметтің хабарлауынша, биыл "Tasqyn" атты су тасқынын болжайтын ақпараттық жүйе әзірленіп, іске қосылады. Аталған ақпараттық жүйе ықтимал төтенше жағдайларды модельдеуге және нақты болжамдар жасауға мүмкіндік береді, бұл ауыр зардаптардың алдын алу үшін уақытылы шаралар қабылдауға көмектеседі-мыс.
Шынында солай бола ма, ол жағы белгісіз. Белгісі, бөлінген қаражат игеріледі. Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл ақпараттық жүйеден жылдам нәтиже күтпеу керектігін білдірді. Өйткені әзірге Қызылорда облысында Жаңашиелі, О-2, Келінтөбе, Әйтек, Сунақата сияқты 5 арнада суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін орнатып, су жинау станцияларын қайта құру жобасы іске асырылуда.
Жетісу, Түркістан және Жамбыл облыстарында 16 суару каналын автоматтандыру 2026 жылға дейін созылмақ. Бұлар – былтыр топансудан сонша қатты зардап шеге қоймаған өңірлер. Жойқын су соққысы Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан сияқты облыстардың еншісіне түскені белгілі.
Оның үстіне "Tasqyn" жалғыз болмайды. Бұған дейін Үкіметтің баспасөз қызметі су ресурстарын тиімдірек басқаруға және ықтимал табиғи апаттарды болжауға көмектесетін "заманауи ақпараттық және аналитикалық жүйелер" енгізілетінін мәлім етті.
Құны удай ақпараттық жүйелер құрудан алдына жан салмайтын ведомствоның бірі – Ауыл шаруашылығы министрлігі. Оған қарасты салаларда бірден 4 ақпараттық жүйені іске қосып, жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Олар бұған дейін қолданыста болғандарын ауыстырады. Сондай-ақ осы жылы тағы екеуі қолға алынады.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовтың сендіруінше, цифрландыру саладағы өндіріс көлемін ұлғайтуға, экспорттық әлеуетін арттыруға жағдай жасайды.
"Министрліктің құзыретінде төрт ақпараттық жүйе белсенді жұмыс істеуде. Біріншісі – Субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі. Екіншісі – "Ауыл Аманаты" халықты кредиттеу ақпараттық жүйесі. Үшіншісі – Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесі. Төртіншісі – Агроөнеркәсіп кешені салаларын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі. Сонымен бірге 2 ірі жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Оның бірі – Өсімдік шаруашылығының қадағалану ақпараттық жүйесі. Ол 2024 жылдың соңында пилоттық режимде іске қосылып, 2025 жылдың соңына қарай бүкіл елге кең тарайтын жоба болады", – деді министрдің орынбасары.
Бекбауовтың айтуынша, осы жобаларды бірқалыпты іске қосу үшін агроөнеркәсіп кешенінің экожүйесі бірыңғай цифрлық платформасына өткізіліп жатыр.
Ел қаржысын ақпараттық ресурстарды құруға жұмсауда әсіребелсенділік танытатын ведомстволардың қатарында Денсаулық сақтау министрлігі бар. Ол осынау "қымбат әдетін" биыл да тыймақ емес. Мемлекеттік медициналық бірыңғай ақпараттық жүйе құру бойынша жұмыс басталғанын жариялады.
Шенеуніктер Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жаңа ақпараттық жүйе құрмай жүзеге асыра алмайтын сияқты.
"Президенттің тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құру жұмысы басталды. Ол меншік нысанына қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын барлық денсаулық сақтау ұйымдары үшін деректердің түпкілікті бақылауы мен объективтілігін қамтамасыз етуге тиіс", – деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.
Мұның бәрі депутаттарға жаға ұстатты. Өйткені бюджет дефициті тарихта болмаған рекордтық деңгейге жеткенде, маңызды әлеуметтік-экономикалық жобаларды жүзеге асыруға қаржы жетпей жатқанда, Денсаумині сырқаттарға тегін берілетін дәрілер тізімін күрт қысқартуға барғанда, мұндай басыартық шығыстар да аяусыз азайтылуға тиіс еді.
Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетовтің мәліметінше, жаңадан ашылатындарын айтпағанның өзінде, қолданыстағы ақпараттық жүйелерді сүйемелдеп, модификациялауға жұмсайтын 33 мемлекеттік органның шығыстары биыл 345 миллиард (!) теңгені құрап отыр.
Ал, олардың елге пайдасы, экономикаға қайтарымы күмәнді.
"Жоғары аудиторлық палатаның талдау қорытындысы бойынша 2007 жылдан бері 177 ақпараттық жүйе қолға алынған. Соның 25-і әлі іске қосылмапты. "Ақпараттандыру туралы" заңының нормаларына сәйкес, бұл жүйелер 1 жыл ішінде қолданысқа берілуге тиіс еді. Министрліктер өзім білемдікке салынып, өз беттерінше әрекет етуде. Ортақ саясат болуы керек еді. Ол болмаған соң миллиардтаған қаржы зая кетті", – дейді мәжілісмен.
Бұл ретте астатөк ел ақшасы шашылған ақпараттық жүйелер артынан ың-шыңсыз есептен шығарыла салады екен.
Алайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев жүздеген миллиард қаражаттың нәтижесіз шығындалып жатқанынан жаман ештеңені байқамапты.
"Жоғары аудиторлық палатаның есебінде осы салаға қатысты сын-ескертпелер айтылды. Сонда "пайдалануға енгізілмеген" деген 25 жүйенің үшеуі іске қосылды. 2025 жылдың І-ші тоқсанында тағы 5 жүйені қолданысқа енгізу жоспарлануда. Қалған жүйелер технологиялық тұрғыдан ескіргендіктен, не жұмыс істеп тұрған жүйеге көшуге байланысты есептен шығарылады", – деді министрі.
Оның айтуынша, айыбы ауыр болса, әрі кетсе азынаулақ айыппұлмен құтылады.
"Мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың сыртқы және ішкі қатерлерден қорғалу деңгейін қолдаумен айналысатын біздің министрліктің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті нормативтік актілерді бұзғандарды тексеріп, бұзушылықты анықтаса айыппұл салады. Меморгандардың кез келген ақпараттық жүйені құруға және дамытуға арналған инвестициялық жобалары мен техникалық тапсырмалары сараптамалардан өтеді", – деді Жаслан Мәдиев.
Депутаттар шет-шегі, есеп-қисабы жоқ қаптаған ақпараттық жүйелердің шығыны 345 миллиард теңгемен шектелмейтініне назар аудартты. Олар квазимемлекеттік ұйым – "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамын ("ҰАТ" АҚ) байытып отыр.
Мәжілісмен Анас Баққожаев ІТ саласына қарсы еместігін айтады.
"Бірақ логикаға, ақылға сыймайтын бір құбылыс болып жатыр. Цифрлық даму министрлігіне қарасты "ҰАТ" АҚ деген бір алпауыт мекеме бар. Бүкіл тапсырысты мемлекеттен алады, ол бюджеттің ақшасы! Министрліктердің жүйелерін сүйемелдеу бойынша қызмет көрсетеді, ол да бюджеттің ақшасы! Бұдан бөлек коммерциялық жобаларды да жүргізеді. Бұл мекеме осындай қаражаттармен шалқып, жақсы өмір сүріп жатыр", – деді депутат.
Сонымен қатар "ҰАТ" АҚ хостингтік қызмет көрсетеді.
"Хостингтік қызмет көрсетуге қажетті құрал-жабдықты бұл мекеме бюджет қаражатына алады. Содан хостингтік қызметінің бағасы төмендеу орнына тек өсіп жатыр. Сонда бұл қалай? Министрліктер бізге бюджет мәселесімен келгенде ақпараттық жүйелерін ұстап тұруға қоса, оның хостинг қызметінің ақысын төлеуге де қаражат сұрайды. Бұл қызметтің бағасы 2023 жылмен салыстырғанда екі есеге көтерілді. Квазимемлекеттік мекемеге беріліп қойған бұл не деген еркіндік?" – деп көңілтолмастығы мен түсінбестігін қатар білдірді Баққожаев.
Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев "ҰАТ" АҚ-тың бюджетке артатын шығысы екі еседей өскенін жасырмады.
"Шын мәнінде "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ы мемлекеттік органдар үшін "Электрондық Үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы болып табылады. Қоғамның хостинг қызметтерінің тарифтері антимонополиялық агенттікпен келісілді. 2023 жылдан бері тарифтері өзгерген жоқ. Тарифтері нарыққа сәйкес. Ал, хостинг қызметтерін көрсетуге арналған бюджеті 2023 жылғы 9,8 миллиард теңгеден 2024 жылы 19 миллиард теңгеге дейін өсті. Бұл мемлекеттік органдардың қажеттілігінің артуымен байланысты", – деді Жаслан Мәдиев.