БЖЗҚ бір айда қанша табыс тапты?

Наурыз БЖЗҚ үшін табысты ай болды.  

БЖЗҚ бір айда қанша табыс тапты?

Қор деректерінен бір ай ішінде 144,4 млрд теңге пайда тапқанын көруге болады. Оның жартысына жуығын (70,9 млрд теңге) бағалы қағаздар бойынша, РЕПО салымдары мен операцияларын қоса алғанда, сыйақылар әкелген, деп хабарлайды inbusiness.kz.

I тоқсанда есептелген инвестициялық табыс мөлшері 367,23 млрд теңгені құрады. Бұл ретте 2020 жылғы қаңтар-наурызда көрсеткіш айтарлықтай жақсы болды. Былтыр қор 667,7 млрд теңге пайда тапқан. Бірақ бұл теңгенің әлсіреуіне байланысты шетел валютасын қайта бағалаудан түскен кірістер.

"2021 жылдың басынан бастап салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 1,90% инфляция кезінде 2,84% құрады. Осылайша, БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша нақты кірістілік 0,94%-ды көрсетіп тұр. 2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша БЖЗҚ салымшылары (алушылары) үшін соңғы 12 айда (2020 жылғы сәуірден бастап 2021 жылғы наурызға дейін) зейнетақы активтерінің кірістілігі 7% мөлшеріндегі инфляция кезінде 7,57%-ды көрсетті. Осылайша, соңғы 12 айда БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша нақты кірістілік 0,57%", – деп атап өтті қор.

БЖЗҚ мемлекеттік облигацияларды сатты

Наурыз мәмілелерінің басты ерекшеліктерінің бірі – шет мемлекеттердің бағалы қағаздарын ауқымды сату.

"Қаралып отырған кезеңде индекстік басқаруға көшу шеңберінде БЖЗҚ инвестициялық декларациясының 27 – тармағына сәйкес шет мемлекеттердің жалпы сомасы 356,40 млрд. теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздары сатылды, сондай-ақ, шет мемлекеттердің МБҚ жалпы сомасы 552,53 млрд. теңгеге өтелді", – деп атап өтті БЖЗҚ-да.

Қағаздары сатылған елдердің тізіміне мыналар кірді:

АҚШ – МБҚ сату көлемі БЖЗҚ-ға шамамен 170 млрд теңге әкелді.

Ресей – 93,3 млрд теңге. Бұл 2019 жылдың қарашасынан бастап ресейлік борыштық қағаздардың алғашқы сатылымы болды.

Индонезия – 31,4 млрд теңге.

Мексика – 23,3 млрд теңге.

Чили – 22,6 млрд теңге.

Филиппин – 13,7 млрд теңге.

Бразилия – 2,3 млрд теңге.

Бұл қағаздардың басым бөлігі 2018-2019 жылдары сатылып алынғанын атап өткен жөн. Бұл ретте ауқымды сатылымға қарамастан көптеген елдердің облигациялары БЖЗҚ портфелінде әлі де қалып отыр. Өткен айда қарыз қағаздары толығымен сатылған Чили ғана.

Сондай-ақ, бұрын сатып алынған қағаздар бойынша ауқымды жоспарлы өтеулерді атап өткен жөн. Атап айтқанда, АҚШ облигациялары бойынша төлемдер 550 млрд теңгеден асты. 808,6 млрд теңге жаңа борыштық қағаздарды сатып алуға бағытталды. Бұл рекордтық мәмілеге айналды. Бұрын-соңды БЖЗҚ АҚШ-тың мемлекеттік қарызына айына осынша көп ақша жұмсамаған.

Шетелдік компаниялардың облигациялары азайды

Ауқымды сатылымдар мемлекеттік бағалы қағаздарға ғана емес, сонымен қатар шетелдік компаниялардың облигацияларына да әсер етті. Атап айтқанда, мына мекемелердің қағаздары сатылды:

"Газпром" – 12,4 млрд теңгеге.

Export – Import Bank China – 12,1 млрд теңге (БЖЗҚ портфелінде осы эмитенттің борыштық қағаздары енді жоқ).

Banco Nacional COM EXT– 9 млрд теңге (Барлық облигациялар сатылды).

Rosneft Oil Co via – 7,5 млрд теңге (Барлық қағаздар сатылды).

Sinopec GRP overseas DEV – 6,9 млрд теңге.

Pertamina Persero PT – 4,5 млрд теңге.

Barclays Bank PLC – 2,4 млрд теңге (БЖЗҚ-да осы эмитенттің борыштық қағаздары енді жоқ).

Indian Railway Finance – 2,3 млрд теңге.

"Сбербанк России" ААҚ – 2,2 млрд теңге .

Наурыз айында Қор шетелдік эмитенттермен жаңа мәмілелер жасаспады. Шетелдік ЕДБ-де дәстүрлі депозиттер де болмады. Алайда бір ескі шот жабылды. Societe Generale салымы бойынша 41,95 млрд теңге өтелді.

Басқа жаңалықтар

Наурызда БЖЗҚ ҚР Қаржы министрлігінің МБҚ-ын жалпы сомасы 63,75 млрд теңгеге сатты. Тағы 18,22 млрд ұқсас қағаздар бойынша жоспарлы өтем әкелді.

Ұлттық Банкке дәстүрлі салымдар өтелді. Мәмілелердің жылдық орташа көлемі 8% кірістілікпен 71,66 млрд. теңгені құрады

БЖЗҚ 2018 жылдан бастап алғаш рет "Қазақстанның Даму банкінің" облигацияларын сатты. Мәмілелер сомасы 24,5 млрд теңгені құрады

БЖЗҚ "KazTransCom" АҚ мен "АТФБанк" АҚ акцияларын жалпы сомасы 0,52 млрд теңгеге сатты. Тағы 1,45 млрд теңге "Банк Центр Кредит" облигациялары сатылымынан түсті.

"Халық банкі" өзінің борыштық қағаздары бойынша 5,17 млрд теңгеге жоспарлы өтеуді жүзеге асырды

Зейнетақы активтерін кезең-кезеңімен беру шеңберінде сыртқы басқарушы компанияларға шетелдік эмитенттердің жалпы сомасы 19,64 млрд.теңгеге акциялары мен депозитарлық қолхаттары берілді.

Серік Селеубайұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу