Атырау облысында зейнетақы жинақтарын заңсыз шығарудың ірі схемалары әшкереленді. Қаржы мониторингі агенттігі осыған қатысты бейнежазба жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Агенттіктің мәліметінше, 200 млрд теңгеден астам қаражат жалған клиникалар және 226 дроппер арқылы шығарылған.
Жарияланған видеода күдіктілер салымшылардың ақшасына 15 элиталық автокөлік құралын, қымбат зергерлік бұйымдар, коммерциялық үй-жайлар, пәтерлер мен жер учаскелерін сатып алғаны айтылған. Олардың жалпы құны 600 млн теңгеден асады. Бейнежазбада Mercedes-Benz G63, BMW X7, Cadillac Escalade, Toyota Land Cruiser 200 және т.б. көліктер көрсетілген.
Қаржы мониторингі агенттігі қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздестіру жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Айта кету керек, бұған дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жалған стоматологиялық қызмет көрсету арқылы 200 миллиард теңгені заңсыз шығару фактілері анықталғанын жазған едік.
Қазақстандықтар тісін зейнетақы ақшасына енді емдете алмайды.