Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерін "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ-ның облигацияларына нарықтық талаптармен инвестициялау туралы шешім қабылдады.
2018 жылғы 29 қарашада Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес мақұлдаған инвестициялаудың 2018 жылға арналған негізгі бағыттарына сәйкес БЖЗҚ-ның 450 млрд теңге сомасындағы зейнетақы активтері "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ-тың айналыс мерзімі 15 жылдық облигацияларына нарықтық талаптармен және жылдық 10%-дық сыйақы мөлшерлемесімен инвестицияланды.
"ҚазАгро" ҰБХ" АҚ агроөнеркәсіптік кешенді индустриалдық дамытуды ынталандыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыратын негізгі институт. Қазақстан Республикасының үкіметі Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ-тың жалғыз акционері. Халықаралық рейтингтік агенттіктердің жоғары несиелік бағасына ие болған холдинг бағалы қағаздар нарығындағы сенімді қарыз алушылар қатарына жатады. Мәселен, "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ-тың ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі Fitch Ratings агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша оң болжаммен "ВВВ-" деңгейінде тұр", деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкі.
Айта кетейік, холдингтің меншікті капиталы 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 244,9 млрд теңгені құрайды.
"Жалпы алғанда агроөнеркәсіптік кешен Қазақстан экономикасының стратегиялық маңызды секторларының бірі болып табылады және өндіруші саланың Қазақстан экономикасына әсер етуін теңестіруге мүмкіндігі бар негізгі қозғалтқыш ретінде қаралады", деп жазады бас банктің баспасөз қызметі.
Осылайша, бір жағынан, жоғарыда көрсетілген инвестициялар БЖЗҚ салымшыларына жыл сайын біршама инвестициялық кіріс әкелетін болса, екінші жағынан саланы қаржылай қалыпқа келтіру есебінен агроөнеркәсіптік секторды одан әрі дамытуға және жетілдіруге, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының борыштық жүктемесін төмендетуге, бағамның нарықтық ауытқуларына байланысты валюталық тәуекелдердің азаюына, сондай-ақ кредиттеу көлемінің ұлғаюына айтарлықтай қолдау көрсетпек.
Бауыржан Мұқан