БЖЗҚ-ның әзербайжандық зарына үкімет назар аударды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2614

Үкімет басшысы Әзербайжаннан БЖЗҚ қаражатын қайтаруға басымен жауап беретін арнайы өкілдерді бекітті.

БЖЗҚ-ның әзербайжандық зарына үкімет назар аударды

Үкімет отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев БЖЗҚ-ның қаражатын Әзербайжаннан қайтару енді "айрықша бақылауда ұсталынатынын" жария етті. Сондай-ақ ол жауапты тұлғаларға  Әзербайжанның дәрменсіз халдегі халықаралық банкінің облигациясына инвестицияланған қазақстандықтардың зейнетақылық салымдарын және халық мүддесін қорғау бойынша қажетті шараларды қабылдауды қатаң тапсырды.

Халықтың бақуатты қарттығы үшін мемлекетке сеніп тапсырған 71,3 млрд  теңге салымының күйіп кеткелі тұрғанын алғаш сарапшылар анықтап, дабыл қаққан болатын. Жауапты тұлғалар мен мекемелер біраз уақыт үнсіздік сақтап, мұны шыбын шаққандай көрмей, бейғам жатып алды. Тек жақында ғана ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев журналистер алдында мәлімдеме жасап, бұған өзінің еш кінәсі жоқтығын және айыптылардың қаржылық реттеушінің алдыңғы басшылығынан іздеу керектігін жеткізді. Сонымен бірге ұлттық банк төрағасы Әзербайжан тарапының бұл қаржыны қайтару бойынша үш нұсқа ұсынғанын және оның үшеуі де Қазақстанның қаржы жоғалтуына әкелетінін ашық айтты.

"Бірінші вариант – Қазақстан БЖЗҚ-сының 250 млн салымы орнына Әзербайжанның мемлекеттік құнды қағаздары түріндегі 200 млн доллар қарызы ұсынылады: оның жылдық ставкасы 5,125%, өтелу мерзімі 12 жыл. Екінші вариант – Әзербайжанның 250 млн доллар көлеміндегі мемлекеттік құнды қағаздары, бірақ оның қайтарылу мерзімі – 15 жыл, жылдық ставкасы 3% ғана. Үшінші нұсқа – әзербайжандық банк облигацияларының жаңа шығарылымы: қайтару мерзімі 7 жыл, ставкасы 3,5%. Барлық үш вариант шығынға соқтыруды қарастырады. Ұлттық банк тәуекелдерді азайту бойынша шаралар қабылдауда", – деді Данияр Ақышев.

Енді қоғамдық пікірді дүрбелеңге түсірген бұл мәселеге үкіметтің өзіне араласуға тура келді.  

Үкімет жиынында алдымен сөз алған үкімет жетекшісі Бақытжан Сағынтаев халықты сабырға шақыруға тырысты: оның сөзінің түйіні ешбір қазақстандық зейнетақылық қаржыларынан қағылмайды, уақыты жеткенде, тиісті зейнетақысын алады дегенге сайды.

Премьер "Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңға сәйкес, БЖЗҚ акционерлік қоғамының меншік иесі жалғыз үкімет болып табылатынын және мемлекеттің алушыларға міндетті зейнетақы жарналарын сақтауға кепілдік беретінін қадап айтты. Оның айтуынша, үкіметтің өзі Қазақстан азаматтарының зейнетақы активтерін сақтауға тікелей мүдделі. Сондықтан Бақытжан Сағынтаев осы мәселеге байланысты арнайы өкілдерді тағайындады.

"Мен өз тарапымнан әзербайжандық әріптесім – сол елдің премьер-министрімен пікірлестім. Ол банктің барлық кредиторларына қарызды қайтару үдерісінде жан-жақты қолдау көрсететінін айтты, – деді Бақытжан Әбдірұлы.

Рас, әзірбайжандық тараптың бұл сендірулері салынған зейнетақылық қаржының ол жақтан барлық кірістерімен толыққанды қайтатынын білдірмейді. Үкімет отырысында баяндама жасаған қаржы министрі Бақыт Сұлтанов ұлттық банк басшысы айтқан әлгі үш нұсқа қалатынын қайталады. Бірақ ресми Астана оның қайсысын таңдайтыны бойынша әзірге ақырғы шешімге келмепті.

Бақыт Сұлтанов 2014 жылдың қазан айында 250 млн доллар көлеміндегі БЖЗҚ активтері 10 жылға және 8,25% мөлшерлемемен Әзербайжан Халықаралық банкінің қарыздық бағалы қағаздарына салынғанын еске түсірді. Айтқандай, сарапшылар дәл сол кезде әлемде дағдарыс өрши бастағанын ескертеді.

Бұл ретте қаржы министрі 250 млн доллар 2014 жылғы айырбас бағамы бойынша 75 емес, шамамен 45 млрд теңгені құрағанын қаперге салды.

Ол сондай-ақ өз сөзінде бұл қаржының бір бөлігі ендігі қайтқанына назар аудартты: 2014 жылдан бастап бүгінге дейін БЖЗҚ аталған халықаралық банктен өз салымына сыйақы ретінде 15 млрд теңге (52 млн доллар) көлеміндегі қаражат алыпты.

"Бұл инвестицияланған соманың үштен бір бөлігіне жуық, – деді премьерге қайырылған Бақыт Сұлтанов. – Мен сіздің тапсырмаңыз бойынша өз әріптесім – осы мәселе бойынша уәкілетті тұлға болып табылатын Әзербайжанның қаржы министрі Самир Шарифовпен сөйлестім және онымен тұрақты байланыс ұстап отырмын. Оның түсіндіруінше, Әзербайжанның ұлттық валютасының – манаттың кейін девальвацияға ұшырауына байланысты Халықаралық банк кредиторлары алдындағы өз міндеттемелерін орындауды тоқтатқан. Бұл мәселені Әзербайжан үкіметі де, соның ішінде олардың қаржы министрі ерекше бақылауына алды және әріптестеріміздің айтуынша, Әзербайжан банктің барлық кредиторларының мүдделерін қамту үшін бар мүмкіндігін салады".

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өз әріптестеріне биылғы жылдың 23 мамырында Лондонда Қазақстанның ұлттық банкінің және Қазақстан үкіметінің өкілдерінің қатысуымен өткен шетелдік кредиторлармен кездесу кезінде аталған қаражатты қайтарудың егжей-тегжейлі шарттары, яғни үш варианты ұсынылғанын жеткізді. Шілде айының ортасында әлгі Халықаралық банк кредиторларының кезекті жиыны өтеді. Егер кредиторлардың кем дегенде үштен екісі ұсынылған үш нұсқаның бірін таңдаса, қарыздарды қайта құрылымдау бойынша ары қарайғы қадамдар басталады. Болжамға сүйенсек, бұл жұмыс биылғы жылдың күзінде аяқталады.

Министр Бақыт Сұлтанов Қазақстан келіссөз кезінде БЗЖҚ салымшыларының мүддесін қорғау және теріс салдарларды азайту үшін күш салатынына сендірді.

Оның пікірінше, ұсынылған нұсқаларды зерделей келе, үкімет пен ұлттық банк өкілдері кіретін жұмыс тобы БЖЗҚ-ға мейлінше аз шығын келтіретін нұсқаны жүзеге асыруға барлық күш-жігерін бағыттайды. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу