2021 жылдың наурызындағы көрсеткіш бойынша бір жыл ішінде БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтерінің көлемі 14%-ға өсіп, 12,6 трлн теңгені құрады, деп хабарлады inbusiness.kz порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл ретте зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі жүзеге асыратынын айта кету керек. Сонымен қатар 2021 жылдың қаңтарынан бастап азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін, оның ішінде басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беруді көздейтін заңнамалық нормалар енгізілді.
Жалпы алғанда, Ұлттық банк зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру арқылы зейнетақы жинақтарының кірістілігін арттыру үшін БЖЗҚ-ның инвестициялық портфелін үнемі әртараптандырып отырады. Мәселен, 2020 жылдың 1 наурызында мемлекеттік бағалы қағаздардың үлесі 41,5% -ды құраса, биыл олардың үлесі 44,3% -дан асты. Сыртқы басқарудағы активтердің үлесі де едәуір өсіп, 2020 жылы 3%-дан 2021 жылы 7,8%-ға жетті. Сондай-ақ шетелдік банктердегі салымдар көлемі 1,9%-дан 3,5%-ға артты.
Сонымен қатар, келесі қаржы құралдарының үлесі төмендеуде:
- шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары (12,9% -дан 8,6% -ға дейін);
- Қазақстан Республикасы ұйымдарының бағалы қағаздары (27,9% -дан 25,5% -ға дейін);
- Қазақстанның екінші деңгейлі банктеріндегі депозиттері (2,3% -дан 2% -ға дейін).
Нәтижесінде биылғы жылдың екі айында ғана инвестициялық кіріс 222,9 млрд теңгеге жетті. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54,6%-ға жоғары. Ал жылдық кірістілік 11,4%, инфляция 7,4%-ға тең. Осылайша, соңғы бір жылда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің нақты кірісі 4%-ды құрады. Биыл зейнетақы жинақтарының көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары.
Ал 2020 жылы пандемия мен дағдарыс кезеңінде инвестициялық кіріс 1,3 трлн теңгені құрады. Мамандар мұны абсолютті рекорд деп бағалауда.
Жалпы алғанда инвестициялық кіріске бағалы қағаздар (депозиттер және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі табыс, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау түріндегі және валютаны қайта бағалау түріндегі кірістер, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және өзгеде құралдар арқылы түскен қаржы жатады.
Ал БЖЗҚ-ға барлық зейнетақы активтері қосылғаннан бері Ұлттық банк кепілдік берген инвестициялық кіріс шамамен 4,9 трлн теңгені құраған. 2021 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық кірістің үлесі 35,1% құрап отыр.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !