БЖЗҚ салымшыларының шотына 196 млн теңгеден астам қаржы қайтарылды

Бұған қордың "Jusan Ventures" ЖШС-ға жолдаған талап арызы нәтижесінде қол жеткізілді.  

БЖЗҚ салымшыларының шотына 196 млн теңгеден астам қаржы қайтарылды

Jusan Ventures компаниясы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жай акцияларды сатып алғаны үшін 196 304 931 теңге сомасында қаржыны қайтарды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 18 наурызындағы жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің портфелінде "Jusan Mobile" АҚ ("KazTransCom" АҚ) 77 073 дана жай акциялары болған. 

2021 жылдың ақпанында "Jusan Ventures" ЖШС Қазақстан қор биржасының (KASE) интернет-ресурсында тиісті талапты жариялау арқылы санатына БЖЗҚ да кіретін миноритарлық акционерлерден акцияларды бір данасын 5 750 теңге бағамен мәжбүрлеп сатып алу құқығын мәлімдеді. 

KASE деректеріне сәйкес, 12.02.2021 жылғы жағдай бойынша көрсетілген баға индикативтік ретінде расталды. 2021 жылғы наурызда "Jusan Ventures" ЖШС барлық миноритарлық акционерлерден, оның ішінде БЖЗҚ зейнетақы активтері портфелінен акцияларды аталған бағамен сатып алған болатын.

"Алайда, миноритарлық акционерлердің бірі сотқа талап арыз берген соң, тәуелсіз бағалауды ескере отырып, сот акциялардың бір данасының құнын 8 297 теңге деп айқындады. 2022 жылдың 14 сәуірінде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі заңды күшіне енді", – деп хабарлады БЖЗҚ баспасөз қызметі.

Аталған сот шешімін ескере отырып, БЖЗҚ "Jusan Ventures" ЖШС-не акциялар құнының айырмасын төлеуді талап етіп, сотқа дейінгі талап арызын жіберіп, төлем мерзімдерін белгіледі.

Қордың сотқа дейінгі талап арызына сәйкес, "Jusan Ventures" ЖШС акциялар құнындағы айырмашылықты төлейді. Қосымша ақы сомасы сот белгілеген акциялар құны мен бұрын төленген әрбір акция бағасының айырмасы негізінде әр акция үшін 2 547 теңге мөлшерінде деп белгіленді. Нәтижесінде 196 304 931 теңге БЖЗҚ салымшылары мен алушыларының зейнетақы активтері есебіне аударылды.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу