БЗТ есебінен шетелдік клиникаларда ем алу алгоритмі анықталды

6667

Зейнетақы есебінен емделу қаулысына көптен күтілген өзгеріс енбек. 

БЗТ есебінен шетелдік клиникаларда ем алу алгоритмі анықталды

Денсаулық сақтау министрлігі "Емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" бұйрыққа өзгеріс енгізетін министр А.Цойдың жаңа бұйрығының жобасын жария етті, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

БЗТ-ға дәрі сатып алуға болады

Алдыңғы бұйрық 2021 жылғы 15 ақпанда қабылданған және одан көптеген кінәрат, қайшылық табылды. Мысалы, ата-аналарға төл зейнетақы жинағы есебінен тек 18 жасқа толған балаларын ғана емдетуіне рұқсат етілді. Себебі, қолданыстағы құжат өзгеге беру құқығын көздейді. Ал өзіне табысталғанды қабылдап алуды рәсімдеу үшін азамат кәмелет жасқа толған болуы шарт. Тым жас балалар үшін ата-аналары қол қоятыны мәлім. Бірақ ата-ана екі тарап атынан – тапсырушы және қабылдап алушы ретінде қатар қол қоя алмайды.

Сондықтан біріншіден, қазақстандықтар  18 жасқа толмаған балаларын емдетуге БЗТ-ны пайдалана алуы үшін жаңа құжат өзгеге тапсыруды, яғни "уступканы" жоймақ.

"Алушыға біржолғы зейнетақы төлемдерін өзгеге беру процесінсіз өзінің жақын туысының, жұбайының емделуіне пайдалануға жол беріледі", – делінген түзетулерде. Бұл мүмкіндікті пайдалану үшін "ерлі-зайыпты екенін немесе туыстық қатынастарын растайтын құжаттарды қоса ұсыну" қажет. Мысалы, баланың туу туралы куәлігін қоса тіркейді.

"Бұл жоба баланың заңды өкілдері мен жақын туыстарына өз БЗТ-сын оның емделуіне пайдалану мүмкіндігін беру мақсатында әзірленді. Яғни, жобада БЗТ-ны өзгеге беру туралы келісімсіз-ақ оны баланы емдеуге пайдалану қарастырылған. Осылайша, баланың заңды өкілдеріне төл зейнетақы жинақтарын баланы емдеуге еркін пайдалану құқығы беріледі", – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.

Екінші жаңалық: қазіргі кезде емханалардағы дәрігерлік-консультациялық комиссиялар (ДКК) төрт мыңнан астам азаматқа өз зейнетақы жинағына емделуіне рұқсат бермей қойыпты. ДКК бір рет бас тартса, ол азамат екінші рет жүгіне алмайды. Жаңа бұйрық жобасы бұл әділетсіздікті жоюы мүмкін. Онда "Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіппен комиссияның шешіміне шағым жасау" мүмкіндігі берілгелі тұр.

Үшіншіден, зейнетақы жинағын қымбат дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсауға да жол ашылмақ. Бұл үшін сырқат мысалы, дәріханамен "дәрілік заттарды сатып алуға шарт жасасады".

Шетелде емделу алгоритмі белгілі болды

Төртіншіден, енді "Емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларында" БЗТ есебінен "Қазақстанда емделу" және "Шетелде емделу" деген жеке-жеке параграфтар пайда болады. Ол не үшін керек?

"Егер азамат шетелде емделуге ниет білдірсе, онда оған уәкілетті операторда теңгедегі емес, шетел валютасындағы арнайы шот ашу қажет болады. Алайда алушы БЖЗҚ-ға өтініш жіберген кезде біржолғы зейнетақы төлемдері зейнетақы қорынан теңгемен түседі. Тиісінше, тек ұлттық валютада арнайы шот ашылады. Бұдан әрі дәрігерлік комиссияның қорытындысын алғаннан кейін және шетелдік ұйыммен медициналық қызметтер көрсетуге шарт жасалған жағдайда, алушы уәкілетті операторға нысаналы пайдаланылуын растайтын құжаттарды ұсынған кезде шетел валютасында арнайы шот ашу қажет болады", – деген түсініктеме берді ДСМ.

Әрине, отандық медұйымдарға қарағанда, шетелдік клиникалармен жұмыс істеу күрделірек. Сондықтан халықаралық ақша аударымдарын жүргізу ерекшеліктерін және "Отбасы банкке" түсетін жүктеменің өсетінін ескере отырып, БЗТ-ны аудару мерзімін 10 жұмыс күніне дейін арттыру көзделіп отыр.

Сонда азамат өзінің немесе ауқатты туыстарының зейнетақы жинағына бөгде елде емделуі үшін не істеуі керек? Өтініш беруші дәрігерлік комиссияның (ДКК) қорытындысын алғаннан кейін шетелдік медициналық ұйымды немесе шетелдік сатушыны таңдайды. Онымен "медициналық қызметтер көрсету туралы" немесе "дәрілік заттарды сатып алу туралы" шарт жасасады, одан төлем шотын сұратып алады.

Содан соң "Отбасы банкінің" интернет-ресурсындағы жеке кабинетінде шарттың немесе төлем шотының сканерленген нұсқасын, сондай-ақ дәрігерлік комиссия қорытындысын тіркейді.

БЗТ-ның шетелде емделуге нысаналы пайдаланылғанын растайтын құжаттарға мыналар жатады: біріншіден, дәрігерлік комиссияның қорытындысы, екіншіден, медициналық ұйым мен алушы арасында жасалған "медициналық қызметтер көрсету туралы шарт" немесе "дәрілік заттарды сатып алуға сатушы мен алушы арасындағы шарт", үшіншіден, деректемелері көрсетілген ақы төлеу шоты. Бұл ретте шот шет тілінде жасалған болса, оның нотариалды куәландырылған аудармасы қоса берілуге тиіс. Егер азамат мысалы, Ресейде емделсе, орыс тілінен аударма қажет етілмейді.

"Отбасы банк" ұсынылған осы құжаттарды 10 жұмыс күні бойы тексереді. Құжаттар пайдалану мақсаттарына сәйкес келсе, алушы уәкілетті операторға БЗТ-ны шетелдік валютаға конвертациялау және оны шетелге аудару жөнінде өтініш жазады. Халықаралық аударым үшін комиссия БЗТ сомасынан ұсталады.

"Отбасы банк" бұл өтінішті 5 жұмыс күнінде тексеріп, БЗТ-ны нысаналы жеріне, төлем шотында көрсетілген реквизиттер бойынша аударады.

Шетелде емделуге әзірге өтініш қабылданбайды

"Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова әзірге бірде бір адам зейнетақы жинағы есебінен шетелде емделмегенін білдірді.

"Азаматтар біржолғы зеййнетақы төлемдерін Қазақстанның не шетелдің медұйымдарында ем алуға пайдалана алады. Дегенмен, қазіргі кезде тек Қазақстанда емделуге өтініш бере аласыз. Шетелдегі клиникаларда медқызметтер алуға өтініштерді қабылдау сәл кейінірек қолжетімді болады. Бұл жерде БЗТ-ны орфандік аурулардан (оның тізімін мына сілтемеден таба аласыз) емделуге, тіс протездеу, имплантация секілді стоматологиялық қызметтерге, операциядан кейінгі тыртықтарға, туа біткен ақауларға, мастэктомиядан кейінгі реконструктивтік және қалпына келтіру-пластикалық операцияларға, радионуклидтік және радиойодтерапияға, радиохирургиялық емдеуге (гамма-пышақ, киберпышақ), протон терапиясына, сондай-ақ мүйізді коллагеннің кросслинкингі, көзді лазерлік түзету секілді офтальмологиялық қызметтерге пайдалана аласыз", – деді Л.Ибрагимова.

Яғни, шетелдік клиникалар үшін де медқызметтер тізімі өзгермейді.

4,5 ай өтсе де, БЗТ есебінен азаматтарды дерт-кеселден арылту науқаны әзірге нашар жүруде. 1 шілдедегі жағдай бойынша қазақстандықтар зейнетақы жинақтары есебінен медқызметтер алуға 19 мың 401 өтініш беріпті. Оның 4 мың 741-іне мұндай мүмкіндік беруден бірден бас тартылған.

Нәтижесінде, небары 14 мың 92 өтініш бойынша тек 13 миллиард 294 миллион теңге аударылыпты. Алайда уақытында пайдаланып үлгермегендіктен осы қатардан 3 мың 713 адамның 2 миллиард 360 миллион теңгесін "Отбасы банк" БЖЗҚ-ға кері қайтарып жіберді.

Салыстыру үшін айтсақ, БЗТ-ны баспана алуға жұмсау саласында 325 мың 19 өтінішке 1 триллион 495 миллиард 85 млн теңге аударылған! Сондай-ақ ол бағытта халықтың зейнетақы жинағы "Отбасы банк" сыртында, "Altyn Bank"-ке, "ЦентрКредит банкіне", "Фридом Финанс Қазақстан банкіне" және "Халық банкіне" аударылуда. Ал БЗТ есебінен емделуде қаражат тек қана "Отбасы банкіне" жолданады.

БЗТ-ны медқызметтерге жұмсау жөнінен Алматы қаласы алда тұр: 2 908 алматылықтан өтініш түскен, оның 2 177-сіне 2 млрд 427 млн теңге берілді. Екінші орында Нұр-Сұлтан келеді: 2 539 өтініштің 1 890-ына 1 млрд 979 млн теңге бағытталды. Аймақтар арасында Маңғыстау (2 247 өтініштің 1 827-сіне 1 млрд 679 млн теңге), Атырау (2 193 өтініштің 1 712-сіне 1 млрд 955 теңге) және Ақтөбе (1 435 өтініштің 1 080-іне 821 млн теңге) облыстары көш бастады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу