Cанкция ғарышқа да жетті: Ресей Байқоңырдан кетуі мүмкін бе?

6060

Мәскеу Батыспен шиеленіс жағдайында Халықаралық ғарыш станциясынан "2024 жылдан кейін" кететінін мәлімдеп отыр. Кейбір сарапшылар бұл қадам ресейлік космонавттардың ұшуын тоқтатуы мүмкін екенін ескертеді.

Cанкция ғарышқа да жетті: Ресей Байқоңырдан кетуі мүмкін бе?

Бұл жайлы әңгіме көптен бері айтылып келеді. Алайда Мәскеу Халықаралық ғарыш станциясынан (ХҒС) кететінін сейсенбі күні растады. Айта кетсек, Президент Владимир Путин Украинаға әскер кіргізгеннен кейін Батыс Ресейге қарсы жойқын санкциялар жариялады. Ондай шектеулерге РФ-ның ғарыш секторы да ілігіп отыр.

Ғарыш мамандарының ойынша, Ресейдің Халықаралық ғарыш станциясынан кетуі оның космос саласына кері әсер етіп, Ресей мақтанышы саналатын ұшулар бағдарламасына үлкен соққы болып тиейін деп отыр.

"Әрине, біз серіктестеріміз алдындағы барлық міндеттемелерімізді орындаймыз. Бірақ, бұл станциядан 2024 жылдан кейін шығу туралы шешім қабылданды", – деді Ресейдің "Роскосмос" ғарыш агенттігінің жаңа басшысы Юрий Борисов президент Владимир Путинмен Кремльде өткен есеп беру кездесуінде.

"Сол уақытқа дейін біз ресейлік орбиталық станцияны құрастыруды бастаймыз деп ойлаймын", – деді тағы бір сөзінде Борисов.

"Жақсы", – деп жауап берді оған Путин.

ХҒС 2024 жылдан кейін жұмысын тоқтатуы керек. Дегенмен АҚШ-тың ұлттық ғарыш агенттігі – NASA оның 2030 жылға дейін қызмет ететінін болжап отыр.

ХҒС 1998 жылы АҚШ-Ресей ынтымақтастығына үміт зор заманда көкке ұшырылды.

Америка Құрама Штаттарын Ресейдің ХҒС-дан кету жайлы мәлімдемесі таң қалдырды.

 "Халықаралық ғарыш станциясында атқарылған маңызды ғылыми жұмыстарды және ғарыш агенттіктеріміздің жылдар бойғы құнды әрі кәсіби ынтымақтастығын ескерсек, бұл – өкінішті оқиға", – дейді Мемлекеттік департаменттің өкілі Нед Прайс.

АҚШ Ресеймен ғарыштық қарым-қатынасын үзгісі келе ме деген сұраққа ХҒС-ның НАСА бойынша директоры Робин Гатенс "жоқ, мүлде жоқ", деп жауап берді.

Осы уақытқа дейін ғарышты игеру – Ресей мен АҚШ ынтымақтастығы сақталған аз ғана салалардың бірі болды.

"Біз ұшатын жер қалмады"

Ресей өндірістік құрал-жабдықтардан бастап тұтыну тауарларына дейінгі импортқа қатты тәуелді және де Батыстың санкциялары ұзақмерзімдік перспективада РФ экономикасын күйзеліске ұшыратады деген болжам бар.

Космос мәселелері бойынша сарапшы Вадим Лукашевичтің айтуынша, ғарыш ғылымы қатаң санкцияланған елде өркендей алмайды.

"Егер ХҒС 2024 жылы жұмысын тоқтатса, біз ұшатын жер қалмайды. Космонавтиканың туған жері Ресейде адамның басқаруымен ұшу бағдарламасының сақталуына қауіп төніп тұр", – дейді Лукашевич "Франс пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Ресейдің ғылыми және технологиялық оқшаулануының күшеюіне назар аударған Лукашевич биліктің алдағы бірнеше айға ғана жоспар жасай алатынына налып, Ресей өз орбиталық станциясын салса да, оның 1980 жылдарға кері қайтуды білдіретінін атап өтті.

"Ол "кнопкалы" телефон ұстаған кемпір тәрізді архаикалық кейіпте болады", – дейді Лукашевич.

Ғарыштық зерттеуші Виталий Егоров дәл осындай ескерту жасап, бірнеше жылдан кейін жаңа орбиталық станцияны нөлден бастап салу мүмкін болмайтынын айтады.

"2024 жылы да, 2025 жылы да, 2026 жылы да ресейлік орбиталық станция дүниеге келмейді", – дейді Егоров "Франс пресске" берген сұқбатында.

Оның ойынша, толыққанды ғарыш станциясын құру үшін кем дегенде он жыл бойы "ең жомарт қаржыландыру" қажет екен.

Егоровтың айтуынша, Ресейдің ХҒС-тан кеткеннен кейін Мәскеуге ұшу бағдарламасын "бірнеше жылға" немесе "белгісіз мерзімге" доғаруға тура келуі мүмкін.

"Бұл қадам Ресейді Қазақстаннан жалға алып отырған басты ғарыш айлағы - Байқоңырдан да бас тартуға итермелеуі мүмкін", – дейді Егоров.

Ресейдің "Союз" зымырандары 2020 жылы миллиардер Илон Масктың SpaceX компаниясы өз капсуласын шығарғанға дейін Халықаралық ғарыш станциясына адам жеткізетін жалғыз ғана жол болды.

"Қалпына келтіру қиын"

Бір заманда Кеңес одағының космостық бағдарламасы бірқатар маңызды жетістіктерін мақтан тұтты. Соның ішінде 1961 жылы ғарышқа алғаш рет адам аттандыру  және одан төрт жыл бұрын бірінші жер серігін ұшыру тәрізді жетістіктер бар. Бұл ерліктерді Ресей әлі күнге дейін ұлттық мақтаныш ретінде насихаттап келеді.

Алайда кейбір сарапшылардың айтуынша, "Роскосмос" қазір өзінің бұрынғы беделінің көлеңкесінде қалып қойды және де ол соңғы жылдары жемқорлық үшін дауға ілігіп, жерсеріктер мен өзге де ғарыш аппараттарының жоғалуы сияқты бірқатар сәтсіздіктерге ұшырады.

Шілденің ортасында тағайындалған Борисов көпірген мәлімдемелерімен көпке танымал саясаткер Дмитрий Рогозиннің орнына келді.

Рогозин бұған дейін Мәскеумен ынтымақтаспаса, ХҒС орбитадан ауытқып, АҚШ немесе Еуропа территориясына құлауы мүмкін екенін ескерткен еді.

Ғарыш аппараттарын өндіруші Energia компаниясының бас конструкторы Владимир Соловьев Ресейді ХҒС-тан шығуға асықпауға шақыра отырып, Борисовпен келіспейтінін аңғартып отыр.

"Егер біз басқарылатын ұшуларды бірнеше жылға тоқтататын болсақ, қол жеткізген жетістіктерімізді қалпына келтіру өте қиын соғады", – дейді ол "Русский космос" журналына берген сұхбатында.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу