"Царьград" – Қазақстанда ресейлік пропаганданы бұғаттаудың басы ма?

1367

Ресейлік бұл ақпарат құралы Қазақстандағы орыс диаспорасын Қазақстан билігіне қарсы көтеруге тырысып жүр, сонысымен де елге қауіпті. 

"Царьград" – Қазақстанда ресейлік пропаганданы бұғаттаудың басы ма? Фото: topnews.ru

Ресей пропагандасы 2010 жылдардан бері белсенді түрде Қазақстанға қарсы жалған ақпарат таратып, қазақ елі мен жеріне көз алартып келеді. Әсіресе, соның ішінде "Царьград" порталы және телеарнасы ерекше көзге түсуде. Ол қазақ пен орыс арасында алауыздық қоздыруға барынша күш салып келеді.

Мысалы, кеше өз сайтының Қазақстанда бұғатталғанына қатысты түсініктемесінде ол дәл осы қарау тірлігі үшін ("республикадағы орыстарға қысымдар туралы тұрақты әңгімелегеніміз үшін") жазаланғанын меңзеді және Қазақстанға қатысты бұл арам ісін ары қарай жалғастыруға уәде етті.

Қынжылтатыны сол, "Царьград" бірден бұғатталмады, оған Қазақстанның билігі бір емес, 4 рет ескерту (ұйғарым) жасапты. Бағдат Мусиннің командасының "құлағына алтын сырға": өкінішке қарай, оның Ютубтағы, Дзендегі арналары бұғатталмапты. Қазақстандағы оқырмандарының санасын сол жақтан уламауы үшін оған да тосқауыл қойып тастаған жөн.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ресейлік пропагандистік портал ұлтараздық алауыздықты өршіткені үшін бұғатталған. Қазақстанның Қылмыстық кодексінде "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" деген 174-бап бар.

"Ресейлік "Царьград" сайтында теріс қоғамдық резонансты және ұлтаралық алауыздықты қоздыруға бағытталған материалдар әшкереленді. Ондай материалдарды орналастыру Қазақстанның бұаралық ақпарат құралдары туралы (13-бабының 4-бөлімі) заңының, ҚР Конституциясының (20-баптың 3-бөлімі),  "Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы" заңының (1-ші баптың 1) тармағының) талаптарына, сонымен қатар Қылмыстық кодекске (174-бапқа) қайшы келеді. "БАҚ туралы" заңының 24-бабының 3-бөліміне сәйкес, Қазақстан Конституциясын және осы заңның нормаларын бұзатын ақпарат таратқан шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарына Қазақстан аумағында қол жеткізуді тоқтата тұру көзделген", – деп түсініктеме таратты ақпарат министрлігі.

Яғни, толық жабылған жоқ, уақытша тоқтатылған. Егер заңға қайшы деп танылған материалдарын жойса, қазақстандықтарға қайтадан қолжетімді болады.

Министрлік tsargrad.tv, kz.tsargrad.tv  интернет-ресурстарына қолжетімділікті шектеу шараларын қабылдау үшін "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ және байланыс операторлары атына ұйғарымдар жолдады.

"Қазақстан аумағында https://tsargrad.tv және https://kz.tsargrad.tv интернет-ресурстарына қолжетімділік уәкілетті органның 2021 жылғы 18 қаңтардағы №25-01-25/63 және 2023 жылғы 31 мамырдағы №23-01-2-23/2071 ұйғарымдарына сәйкес шектелді", – деп нақтылады министрлік.

Қазақстан тарапы биылғы 17 тамызда қайталап мониторинг жүргізді. Оның қорытындысында Қазақстанның заңнамасын бұзатын материалдарын аталған интернет-ресурстардың қожайыны сол бойы жоймағаны анықталды. Яғни, оған қолжетімділікті қалпына келтіруге еш негіз жоқ.

"Бұл ретте егер аталған интернет-ресурстар Қазақстанның заңнамасын бұзушылығын жойса, онда оларға қолжетімділік қайтадан қалпына келтіріледі. ҚР заңнамасын сақтауды талап ету мәселесінде министрлік әрдайым интернет-ресурстардың әкімшілігімен конструктивті диалогты орнату және ынтымақтастықты жолға қою позициясын ұстанады", – деп жанжалға әуес еместігін ашық аңғартты ақпарат министрлігі.

 Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі сайтынан скриншот

Министрліктің сайтында "Интернет контентке шағым айту" деген арнайы бөлім бар. Қазақстандықтар сонда елімізде таралатын ресейлік пропагандистік ақпарат құралдарына шағым түсіре алады. Мысалы, сол бөлімнің "Сайтты тексеру" бөлімінде ресейлік "Царьград" телеарнасының сайты экстремизмді насихаттағаны үшін бұғатталғаны көрсетілген. Бұған ондағы төрт материал негіз болыпты. Оның соңғысында "қазақ ұлтшылдарының орыс әйелдеріне террор жасап жатқаны" туралы жалған ақпарат пен қауесет таратылған.

Қазақстан Үкіметінен алғашқы ескерту ұйғарымы 2021 жылғы қаңтарда жолданыпты. Соңғысы биылғы 31 мамырда берілген.

Қазақстанда диаспораларды қазаққа қарсы қоюды көксеген аталған телеарнаны және оның сайтын ресейлік дәндар миллиардер Константин Малофеев 2015 жылы, яғни Мәскеу Украинадан Қырымды тартып алып, Донбаста қырғын ұйымдастырып жатқан тұста ашты. Ақпарат құралы өзін "орыстың тұңғыш консервативті ақпараттық, сараптамалық телеарнасы" деп атайды.

Малофеевтің өзі активтері Украинаға өтемақы ретінде тапсырылатын бірінші ресейлікке айналуы мүмкін. Биылғы мамырда АҚШ Бас прокуроры орыс миллиардерінен тәркіленген қаражаттардың бір бөлігін Украинаға беруді мақұлдады. Ол ақшаның сомасы жарияланбады. Бірақ бұған дейін Украинаның Бас прокуроры Андрей Костин әңгіме 5,4 миллион доллар туралы болып отырғанын мәлімдеді.

Константин Малофеев 2014 жылдан бері Батыс елдерінің, соның ішінде АҚШ, Еуроодақ пен Канаданың санкциялық тізімінде тұр.

"Novaya Gazeta Europe" Қазақстан билігі "ресейлік басқа пропагандистерге сабақ болуы үшін әдейі, көрнекті түрде осы пропагандистік ресурсқа соққы жасап отыр" деген пікір білдірді.

"Бұл бұғаттау шынайыға емес, демонстративтіге көбірек ұқсайды. Себебі, "Царьградтың" Youtube-арнасы сол бойы бұғатталмады. Сонымен бірге "Царьградтың" Қазақстандағы көрермендерінің саны онсыз да тоқтаусыз құлдырап, минимумға таяды. Шын мәнінде оның пропагандистік тыраштанулары "Россия 1" телеарнасының және пропагандист Соловьевтің қолына су құя алмай қалды. Сондықтан Украинада кең ауқымды соғыс басталғалы Қазақстанда үнемі пікірталас жүруде. Оған қатысушылар осы зиянды пропагандадан арылудың дұрыстығын дәлелдеді. Мысалы, кабелдік операторларға ресейлік телеарналардың сигналын таратуға тыйым салған абзал. В.Соловьев немесе Маргарита Симоньян өзінің күйеуімен бірге бұл сынның отына май құюмен келеді. Оларға жұрт алдында тіпті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та шағымданған болатын. Алайда мұндай шағым жағдайды бірер айға ғана тыныштандырады, содан соң бәрі қайтадан басталады. Қорыта айтқанда, Қазақстанда бірде бір ресейлік телеарна бұғатталмаған: саяси ерік-жігер жоқ", – деген байлам жасады басылым.

Бірақ, бәлкім, биліктің "Царьградқа" қатысты шешімі Қазақстанға тап-тап берген жаулық көзқарастағы ресейлік пропаганданы бұғаттаудың басы болар? Оны уақыт көрсетеді.

Басылымның тұжырымдауынша, қазақ төзімді халық, бірақ ұлттық намысына тиіп, арын таптауға төзе алмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу