Цхададзе: "Бүгінгі ойында Жоао Паулоға көз тиді"

1231

Паулода бүгінгі матчта гол соғатын керемет мүмкіндіктер болды.

Цхададзе: "Бүгінгі ойында Жоао Паулоға көз тиді"

Шымкенттік "Ордабасы" Премьер-лиганың 14-турында талдықорғандық "Жетісудан" басым түсті. Талғардағы Ұлттық құраманың базасында өткен кездесу 3:1 есебімен аяқталды.

"Ордабасы" капитаны Пабло Фонтанелло 7-минутта Жоао Паулоның нәтижелі пасынан кейін есеп ашты. Ал 18-минутта Абдуллай Диакате пенальтиді сәтті орындап, есепті еселеді. 66-минутта Рубен Бриджидоның бағыттаған соққысын қақпашы Шабаев тоса алмай, голға айналдырды. Ал 73-минутта қосалқы құрамнан шыққан Айбар Жақсылықов гол соғып, есепті қысқартты.

Бұл ойыннан кейін "Ордабасы" 24 ұпаймен екінші орынға көтерілді. "Жетісу" 16 ұпаймен жетінші орынға тұрақтады.

"Ордабасы" командасының бас бапкері Кахабер Цхададзе "Жетісумен" (3:1) болған матч туралы өз пікірін білдірді.

"Өте маңызды ойын. Турнир кестесіндегі бәсекелестікті ескеретін болсақ, барлық командалар бір жерге шоғырланып орналасқан. Қазір әр ойын финал сияқты. Жігіттердің жеңіске жетуге шындап кіріскені ойынның басынан-ақ байқалды. Матчқа келетін болсақ, бұл лайықты жеңіс деп ойлаймын. Біз үш гол соқтық. Көптеген мүмкіндіктер жасадық. Өкінішке орай, баспасөзде Жоао Пауло туралы көп жазылғандықтан, бүгінгі ойында оған көз тиді. Оның өте керемет мүмкіндіктері болды, бірақ жолы болмады. Келесі ойындарда гол соғады деп үміттенемін. Нәтижелі ойын үшін барлық жігіттерге үлкен рахмет! Олар қорғаныста да, шабуылда да мұқият ойнады. Біз өзімізді өте жақсы қырымыздан көрсеттік деп ойлаймын. Алға жылжып, келесі ойынға дайындалатын боламыз", - деді Цхададзе.

Сонымен қатар бүгін "Қайрат" футболдан Қазақстан чемпионатының 14-ші турында "Каспийден" басым түсті. Кездесу Алматыдағы Орталық стадионда өтіп, 3:1 есебімен аяқталды. Ақтаулық команда 14-минутта матчтағы алғашқы голды соқты, Марат Шахметов бұл голды өз еншісіне жазды. Алайда, үзіліске дейін алматылықтар есепті теңестіріп қана қоймай, есепте алға шықты. Алдымен, 31-минутта Адеринсола Эсеола жауапты голды соқса, "Каспийдің" ресейлік қорғаушысы Лионель Адамс 40-минутта өз қақпасына гол соғып алды. 80-минутта Вагнер Лав матчтың нүктесін қойды.

Нәтижесінде "Қайрат" 35 ұпай жинап, турнирлік кестедегі көшбасшылығын сақтап қалды, ал жеті ұпаймен "Каспий" соңғы 11-ші орында тұр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу