Мәліметке сәйкес, ер адам 2 айдан астам уақыт бойы чат-ботпен сөйлесіп, қылмыс жоспарын егжей-тегжейлі талқылаған. Жасанды интеллект жүйесінің қауіпсіздік тетігі жазбалардан қауіп белгілерін анықтап, ақпарат OpenAI-ға жеткізілген.
Одан кейін OpenAI бұл мәліметті АҚШ Федералды тергеу бюросына (FBI) хабарлаған. Америкалық тарап ақпаратты Бразилия құқық қорғау органдарына жолдаған. Дерек Бразилия Әділет министрлігінің Ciberlab технологиялық бөлімшесіне 16 маусымда түскен.
Үш күннен кейін полиция арнайы операция жүргізіп, күдіктіні ұстаған. Тергеушілердің айтуынша, ол қылмысын 20 маусымда жүзеге асыруды жоспарлаған. Яғни, полиция оны жоспарланған күннен 4 күн бұрын қолға түсірген.
Тергеу барысында ер адамның қылмысқа баруына алимент төлеуден қашу және баласымен қарым-қатынасының болмауы себеп болғаны анықталған. Тінту кезінде оның үйінен белгісіз сұйықтық құйылған 4 бөтелке мен арқан табылған.
Ер адам бастапқыда қамауға алынғанымен, 13 тамызда 54 күннен кейін босатылды. Сот тергеудің тым ұзаққа созылғанын ескеріп, оны қамауда ұстауды тоқтатқан.
Қазір күдікті электронды білезік тағуға міндетті. Сонымен қатар, оған баласына және баланың анасына жақындауға тыйым салынған.
Ал оның адвокаты Педро Песси ChatGPT-пен сөйлесудің өзі қылмыс болып саналмауы тиіс екенін айтып, қорғау тарапының ұстанымын білдірді.