"Челси" мамандары Дастан Сәтпаевтың оңалу процесіне қолдау көрсету үшін Алматыға келді

165

Жазда Дастан Сәтпаев кәмелеттік жасқа толған соң, лондондық Челси клубының қатарына қосылады.

"Челси" мамандары Дастан Сәтпаевтың оңалу процесіне қолдау көрсету үшін Алматыға келді Фото: Kairat Boranbayev

Осыған байланысты "Қайрат" футбол клубының базасына "Челси" мамандары арнайы келіп, жергілікті жаттықтырушылар штабымен бірлескен жұмысты бастады. Бұл туралы клубтың бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Алекс пен Сэм "Қайрат" базасында қазақстандық мамандармен бірге кәсіби деңгейде жұмыс жүргізіп жатыр. Әсіресе, олар 17 жастағы шабуылшы Дастан Сәтпаевтың оңалу процесіне ерекше көңіл бөлуде. Британдық мамандар ойыншының жарақаттан кейінгі қалпына келуіне көмектесіп қана қоймай, алаңдағы және жаттығу залындағы дене дайындығын жетілдіру бағытында өз тәжірибелерімен бөлісуде.

Дастан Сәтпаев соңғы рет "Қайрат" сапында 26 қараша күні Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің 5-ші туры аясындағы кездесуде алаңға шығып, бір гол соққан болатын. Кейін жарақатына байланысты алматылық клубтың алғашқы оқу-жаттығу жиынына қатыспады. Ал екінші жиынды мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды.

Дегенмен жас шабуылшының дебюттік маусымы сәтті өтті деуге толық негіз бар. Ол клуб және жасөспірімдер құрамалары сапында 48 матч өткізіп, 19 гол соқты. Бұл көрсеткіш оның болашағынан зор үміт күттіретінін аңғартады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу