Қос команда арасындағы ойында бақандай 5 гол салынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бірінші таймды испаниялық клуб жақсы бастағандай көрінген. Бірінші болып "Бетис" сапынан Эз Абде 9-минутта гол соқты. Одан соң "Челси" есепті теңестіруге әрекет етті, бірақ бұл ойы бірінші кезеңде жүзеге аспады.
Ойынның екінші бөлігінде англиялық клуб қатарынан төрт рет қақпа торын тулатты. Голды Энцо Фернандес 65, Николас Джексон 70, Джейдон Санчо 83, Мойсес Кайседо 91-минутта салып, жанкүйерлерін бір серпілтіп тастады. Осылайша, қарсыласын 4:1 есебімен жеңген Англияның "Челси" командасы футболдан UEFA Конференция лигасының чемпионы атанды. Олар осыған дейін 2012, 2021 жылдарда Чемпиондар лигасын жеңіп алса, 2013, 2019 жылдарда Еуропа лигасында мерейі үстем болды. Сонымен үш еурокубокта кубокқа ие болып отыр.
"Бетис" өз тарихында тұңғыш рет еурокубок ойындарының финалына шықты.
Еске салайық, Конференция лигасы турнирі 2021 жылдан бері тұрақты өтіп келеді. Қазірге дейін "Вест Хэм Юнайтед" (Англия), "Рома" (Италия), "Олимпиакос" (Грекия) командалары бір-бірден кубокты иеленді.