Чемпионат қайта жалғасады

844

4-тур ойындарында жанкүейерлер қандай тартыс көре алады?

Чемпионат қайта жалғасады

Алматылық "Каспий", кешіріңіздер ақтаулық "Каспий" осы турда қызылордалық "Қайсарды" қабылдайды. Өз алаңында ойнайтын "Каспийдің" ойыны Алматыдағы "Орталық" стадионда өтеді. Себебі, Ақтау қаласындағы стадион қазір жөндеу жұмыстарын бастан өткеріп жатыр. Кахабер Цхададзенің командасы біріншілік басталғалы бері ұпай еншілеген жоқ. Енді осы турда барын салып көрері анық. Қарсыласы "Қайсардың" да шамасы шарықтап тұрған жоқ. Олардың жағдайы ақтаулықтардан асып тұрғаны шамалы. Өз алаңында "Ақсумен" тең тарқасқаны болмаса, ұпайсыз еді. Мына матчта екі ұжым да аянып қалмасы анық. Себебі, клуб басшылығының басшылығы, яғни облыстық әкімдік қатулы қабақпен төніп тұр.

Қарызға батып, тек жергілікті ойыншыларға сенім артып отырған "Шахтер" осы турда "Қайратпен" кездеседі. Елордалық "Шахтер" деген лақап ат алған бұл команда осы ойынды Қарағанды қаласында өткізетін болыпты. Демек, осы жолы шынымен де өз алаңында ойнайды деп айтсақ болады. Сонымен, қарағандылық "Шахтер" өз алаңында ойнап ұпай алуды көздейді. Бірақ, жергілікті жанкүйерді қуанту қиын болады. Себебі, қарсылас болып, адуынды алматылық "Қайрат" келіп отыр. Әр ойында кем дегенде 2 гол салатын бұл команда "кеншілер" қақпасына лап қояры белгілі. Игорь Солошенконың командасына тең ойнаудың өзі бір бақыт.

"Ақсу" мен "Мақтаарал" ойынында нақты фаворитті айту қиын. Екеуінің турнирлік кестедегі орындары да біркелкі. "Ақсу" бір мәрте тең ойнап, 1 ұпаймен алда тұр. Ал "Мақтаарал" ұпай алмағаны былай тұрсын, осы чемпионатта әлі гол салған жоқ. Кабананганы сатып алдық деп мақтанған "Мақтаарал" мардымды ойын көрсете алмай жүр. Бәлкім, осы турда шабуылшылар гол салып қуантатын шығар. Өйткені, "Ақсудың" қорғанысы қазір нашар болып тұр. 3 ойында 8 гол жіберген қорғанысты ешкім ақтап ала алмас. Қайта, "Мақтаарал" оған қарағанда анағүрлым аз гол жіберген – 3. Сондықтан, бұл ойыннан терезесі тең ойын күтеміз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу