OLIMPBET-футболдан Қазақстан Чемпионатының жалғасы және Бірінші лига клубтары арасындағы Біріншіліктің басталуы әр жарысқа тиесілі бір локацияда өтеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар Екінші лига клубтары арасындағы жарыс бір қалада және қысқа уақыт ішінде өткізілуі мүмкін.
Тізімге еңген қалалардың ішінде Шымкент қаласындағы спорттық кешендердің футбол инфрақұрылымы қарастырылуда. ҚКФЛ басшысы Олжас Абраев қаланың логистикалық мүмкіндіктерін зерттеу мақсатымен шырайлы шаһарға сапар жасады.
Қажымұқан атындағы орталық стадион OLIMPBET-футболдан Қазақстан Чемпионатының ойындарын өткізуге рұқсат алған арена. Бұл стадион арнайы санитарлық Протоколға сай келеді.
Қала сыртында орналасқан "БИІК-Тассай" футбол орталығының тамаша спорттық инфрақұрылымы бар, бірақ аталған кешеннің кейбір алаңдарынан тікелей көрсетілімдерді ұйымдастыруға техникалық жағдай жасалмағандығы анықталды.
"БИІК" футбол базасына тиесілі Шымкент қаласында орналасқан тағы бір стадион ойындарды қабылдауға дайын, алайда бұл аренада да ҚКФЛ Техникалық регламентінің тікелей көрсетілімдерді ұйымдастыруға қатысты кейбір шарттарға жауап бермейтіні анықталды.
ҚКФЛ басшысы Олжас Абраев жасалған сапарға қатысты өз пікірін білдірді:
- Бұл стандартты тексеріс, себебі шымкенттік стадиондардың алаң сапасы бізге белгілі. Ел ішінде орын алған жағдайға байланысты ҚКФЛ Әкімшілігі футбол маусымын жалғастырудың барлық жолдарын қарастыруда, сол себептен Шымкент қаласының қазіргі уақыттағы логистикалық мүмкіндіктерді зерттеу біз үшін маңызды болды. Шымкент көп көлемде футбол командаларын қабылдауға дайын ба? Қаладағы стадиондардың инфрақұрылымы тікелей көрсетілімдерді ұйымдастыруға қолайлы ма? Тексеріс барысында жиналған ақпарат ҚКФЛ Әкімшілігімен өңделеді де, Лига ойластырып жатырған маусымды жалғастырудың жобаларында қарастырылады.
Ермұхамед Мәулен