Осылайша, италиялық команда UEFA Чемпиондар лигасы финалына жолдама алып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ойынның 21-минутында "Интердегі" аргентиналық шабуылшы Лаутаро Мартинестің мерейі үстем болды. 45-минутта "Барселона" қақпасына он бір метрлік айып соққысы белгіленді. Оны Хакан Чалханоглу мінсіз орындап, есепті 2:0-ге жеткізді.
Жағдайдың тым шиеленісіп бара жатқанын сезген "Барселона" ойынның екінші бөлігінде ес жиды. Мысалы, Эрик Гарсия 56-минутта мергендік танытса, Дани Ольмо 60-минутта есепті 2:2-ге жеткізіп, ойынды жаңадан бастады. Испаниялық клуб мұнымен тоқтап қалмады. Тіпті, Рафинья 88-минутта "Барселонаны" алға шығарды. Бірақ, арада 5 минут өтер-өтпестен италиялық клубтан Франческо Ачерби таразы басын теңестіріп кетті.
90 минут бойғы тартыс 3:3 есебімен тең өтіп, кездесу қосымша кезеңге жалғасты. Ойынның 99-минутында Давиде Фраттези соққан гол "Интерге" жеңіс сыйлады. Бұл оларға финалға жолдама алуға жеткілікті еді. Қос клуб арасындағы бірінші кездесуде 3:3 есебі тіркелген болатын.
Финал 31 мамыр күні Германияның Мюнхен қаласындағы "Мюнхен арена" стадионында өтеді.