Чемпиондар лигасына букмекерлер дән риза болар

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2533

Чемпиондар лигасының ширек финалындағы "Манчестер Сити" мен "Тоттенхэм" арасындағы матчта жеті гол соғылды.

Чемпиондар лигасына букмекерлер дән риза болар Фото: tottenhamhotspur.com

Бүгін түнде UEFA Чемпиондары лигасының ширек финалдық ойындары тәмамдалды. Соңғы екі жұптағы қос ойында 12 гол соғылды. Қазақ жерінде қар ұшқындап, жауын жауып тұрғанда, Еуропада доп жауды. Әсіресе, ағылшынның Манчестер қаласындағы "Этихад" стадионында доп додасы шектен тыс шиеленісті өтті.

"Манчестер Сити" түзде "Тоттенхэмнен" 0:1 есебімен ғана ұтылғандықтан, футбол ойындарына ақша тігетін бүкіләлем жанкүйерлері жартылай финалға Хосеп Гвардиоланың шәкірттері шығады деп топшалаған болар-ау. Ал іс жүзінде бәрі де басқаша болып шықты. Бір қызығы, 21 минутқа дейін екі команда бес гол соғып, футбол емес, хоккей ойнап жатқандай әсер қалдырды.

Рахим Стерлингтің екінші голынан кейін ғана бұл кездесу футболға "ұқсай" бастады. Десек те, қызықтың көкесі матч соңында қайтадан қыза түсті. Алаң иелеріне жартылай финалға шығу үшін енді бір гол соғу қажет болатын. Қарқындарын үдете түсіп, олар тағы бір доп салды да. Бірақ "Тоттенхэм"  айылын тартар емес. Есепті қысқартып, өздеріне қажетті доп айырмасына қол жеткізді.

"Манчестер Сити" қайтадан алға қарай лап қойды. Қонақтарын қыспаққа ала түсіп, матчтың негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарда гол да соқты. Стадион дүр сілкінді. Бірақ бәрі де бекер екен. Серхио Агуэро допты Стерлингке бағыттаған сәтте офсайдта болғанын VAR жүйесі айқындап берді. Сөйтіп, жартылай финалға "Тоттенхэм" шықты.

Ал Португалиядағы матч қонақтардың үстемдік танытуымен өтті. "Ливерпуль" түзде "Порту" клубын ойсырата жеңіп, жартылай финалға қиналмай шықты. Осыдан бір апта бұрын, ағылшын клубы өз алаңында 2:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Ал "Драгау" стадионында деңгейлері жоғарылау екендігін тағы да паш етіп, төрт гол соқты.

Сонымен, Чемпиондар лигасының жартылай финалында кездесетін командалар жұбы анықталды. Енді "Барселона" мен "Ливерпуль", "Аякс" пен "Тоттенхэм" доп додасын қыздырады. Екі матчтық кездесулер қорытындысы бойынша басым түскендері финалға шығады. Әлі талай қызықтың куәсі болуымыз тиіс. 

Чемпиондар лигасы. Ширек финал. Бірінші ойындар

"Манчестер Сити" – "Тоттенхэм" – 4:3 (бірінші ойын – 0:1)

"Порту" – "Ливерпуль" – 1:4 (бірінші ойын – 0:2)

Жартылай финалдық жұптар. 30 сәуір және 7 мамыр

"Тоттенхэм" – "Аякс"

"Барселона" – "Ливерпуль"

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу