Чемпиондар лигасында "Ливерпуль" топ жарды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2844

Ағылшын клубы Еуропаның мәртебесі бәрінен жоғары лигасын алтыншы рет жеңіп алды.

Чемпиондар лигасында "Ливерпуль" топ жарды Фото: UEFA.com

Биыл UEFA Чемпиондар лигасының финалына ағылшынның екі клубы шыққан болатын. Атап айтқанда, бас бәйгені Мадридте, яғни бейтарап алаңда, "Ливерпуль" мен "Тоттенхэм" сарапқа салды. Ойын басталған бетте, нақтырақ айтқанда, 24 секундта төреші пенальти беріп, бүкіл әлемді қайран қалдырды.

Доп "Тоттенхэм" қорғаушысының қолына ма, иығына ма тиіп, бас қазы Дамир Скомина 11метрлік айып соққысы нүктесін нұсқады. Ал Мохамед Салах пенальтиді мүлтіксіз орындап, есеп ашты. Содан кейін "Ливерпуль" қорғанысқа көңіл бөліп, қарсы шабуыл ұйымдастырып отыруға көшті. Бірінші тайм осылай аяқталды.

"Тоттенхэм" екінші таймда да шабуылдап, жылдам ойнауға тырысты. Бірақ "Ливерпуль" клубының қорғанысын бұзып өте алмады. Қалай десек те, Алиссонның қақпасына айтарлықтай қауіп бұлтын төндіре алмады. Ал матч соңында қызыл жейделілер тағы бір гол соғып, қарсыласының сағын сындырды.

"Ливерпуль" сапынан екінші голды алты күннен кейін, Қазақстан ұлттық құрамасымен кездесетін Бельгия құрамасының шабуылшысы Дивок Ориги соқты. Ол бұл матчта негізгі құрамда шыққан жоқ болатын. Әйтсе де, 58-минутта Фирминоның орнына шығып, топсасы берік француз қақпашысы Уго Льористің өзін қапы қалдырды.

Өкінішке қарай, бұл ойында "Тоттенхэм" футболшылары мен осы команданың білікті бапкері Маурисио Почеттиноға тағы бір ерлік жасап, әлем жұртын таң қалдырудың сәті түспеді. Ал "Ливерпуль" 14 жылдан кейін Чемпиондар лигасын алтыншы рет жеңіп алды (1977, 1978, 1981, 1984, 2005, 2019). Бұл ретте олардан тек "Реал" (13) және "Милан" (7) клубтары асып тұр.  

"Ливерпуль" (Англия) – "Тоттенхэм" (Англия) – 2:0

Голдар: Салах, 2-пенальтиден. Ориги, 87.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу