Өтпелі матчтар сериясы аяқталғаннан кейін Чемпиондар лигасының 1/8 финалында күресті жалғастыратын барлық 16 команда белгілі болды.
Жарыстың жалпы кезеңінде 36 команда плей-оффқа жолдама алу үшін бақ сынады. Үздік сегіз команда тікелей 1/8 финалға шықса, 9-24-орындарды иеленген ұжымдар элиталық сегіздікке қосылатын командаларды анықтау үшін өтпелі матчтарға қатысуға мәжбүр болды.
Жалпы кезең қорытындысы бойынша 1/8 финалға тікелей жолдама алған командалар қатарында ағылшынның Арсенал, "Ливерпуль", "Тоттенхэм", "Челси" және "Манчестер Сити" клубтары, сондай-ақ Германияның "Бавария", Испанияның "Барселона" және Португалияның "Спортинг" командалары бар.
Ал Францияның "ПСЖ", Италияның "Аталанта", Испанияның "Реал" және "Атлетико", Англияның "Ньюкасл", Германияның "Байер", Норвегияның "Будё-Глимт" және Түркияның "Галатасарай" командалары келесі кезеңге шығу үшін өтпелі матчтар арқылы жолдама алды.
Чемпиондар лигасының 1/8 финалына жеребе тарту рәсімі 27 ақпанда өтеді. Алғашқы ойындар 10-11 наурызға, қарымта кездесулер 17-18 наурызға жоспарланған.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасының қазіргі чемпионы – ПСЖ. Париждік клуб өткен маусымда финалда Италияның "Интер" командасын 5:0 есебімен ойсырата жеңіп, чемпиондыққа қол жеткізген болатын.