Чемпиондар лигасының 4-тур ойындары қалай өтті?

227

"Қайрат" пен "Қарабах" сенсация жасап, Еуропа төрінде дүйім жұртты тәнтті етті. 

Чемпиондар лигасының 4-тур ойындары қалай өтті? Фото: Қайрат ФК

Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі төртінші тур футболсүйер қауымға ерекше әсер сыйлады. Бұл турда күтпеген нәтижелер мен нағыз сенсациялар болды. Алматылық "Қайраттың" Миландағы ерлігі мен Еуропа алпауыттарының сүрінулері соның айғағы.

Кипрдің "Пафос" клубы өз алаңында испаниялық "Вильярреалды" 1:0 есебімен тізе бүктірді. Кездесудің шешуші сәтінде алаң иелерінің қорғаушысы Деррик Лукассен 47-минутта мергендік танытты. Алдыңғы турда кипрліктер төртінші минуттан бастап аз құраммен ойнап, соған қарамастан алматылық "Қайратқа" қарсы 0:0 есебін ұстап қалған болатын.

"Вильярреал" үшін бұл матч тағы бір сәтсіздікке айналды. Испаниялық ұжым әлі жеңіс дәмін татпады. Олардың еншісінде бар болғаны бір ұпай. Ал "Пафос" 5 ұпай жинап, турнир кестесінде 20-орынға көтерілді.

Әзербайжандық "Қарабах" Еуропаны тағы бір мәрте таңғалдырды. Бакулық команда өз алаңында ағылшын алпауыты "Челсимен" 2:2 есебімен тең түсті. Қожайындар сапынан Леандро Андраде мен пенальтиден Марко Янкович көзге түсті. "Челсидің" сапынан Эстеван мен Алехандро Гарначо гол соқты. Төрт тур қорытындысы бойынша екі команда да 7 ұпайдан жинады. Гол айырмашылығының арқасында ағылшын клубы 12-орында, ал "Қарабах" 15-сатыда тұр.

Алматылық "Қайрат" италиялық алып "Интерге" қарсы тарихи матч өткізді. Чемпиондар лигасының финалисімен өткен ойында қазақстандық клуб қарсыласқа лайықты деңгейде төтеп беріп, аз ғана айырмашылықпен ұтылды — 1:2. 55-минутта капитандық тізгінді ұстаған израильдік жартылай қорғаушы Офри Арад баспен соққан әдемі голымен есепті теңестірді. Бұл гол ерекше маңызды оқиға. Себебі "Қайрат" биылғы маусымда "Интердің" қақпасына доп соққан алғашқы команда атанды. Бұған дейін Милан клубы үш ойынды қақпасына гол жібермей өткізген болатын. Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері әзірге бір ұпай жинап, 34-орында тұр. Ал Кристиан Киву баптайтын "Интер" барлық кездесуде жеңіске жетіп, 12 ұпаймен турнир кестесінің алғашқы үштігінде келеді.

Каталониялық "Барселона" сырт алаңда Бельгияның "Брюггесімен" 3:3 есебімен тең ойнады. Ханси Флик шәкірттері бірнеше рет есепті теңестіріп, алға шығуға мүмкіндік таппады. 91-минутта бельгиялықтардың төртінші голы есепке алынбай, ойын тең нәтижемен аяқталды. Қазіргі таңда "Барселона" 7 ұпаймен 11-орында, ал "Брюгге" 4 ұпаймен 22-сатыда келеді.

Ағылшынның "Манчестер Ситиі" дортмундтық "Боруссияны" 4:1 есебімен айқын жеңді. Матчтың басты қаһарманы Фил Фоден дубль авторы атанды, ал Эрлинг Холланд бұрынғы командасының қақпасын дәл көздеді. Пеп Гвардиола шәкірттері 10 ұпай жинап, 4-орында тұр. Ал "Боруссия" 7 ұпаймен 14-сатыда орналасқан.

Тағы бір ағылшын клубы — "Ньюкасл Юнайтед" үшінші жеңісіне қол жеткізді. Олар Испанияның "Атлетик Бильбаосын" 2:0 есебімен ұтып, ойынның толық бақылауын өз қолында ұстады. Қазір "Ньюкасл" 9 ұпаймен 6-орында, ал испандық клуб 3 ұпаймен плей-офф аймағынан тыс қалды.

Айта кетейік, алда "Қайратты" келесі төрт маңызды матч күтіп тұр:
26 қараша, 22:45 – "Копенгаген" – "Қайрат"
9 желтоқсан, 20:30 – "Қайрат" – "Олимпиакос"
20 қаңтар, 20:30 – "Қайрат" – "Брюгге"
29 қаңтар, 01:00 – "Арсенал" – "Қайрат"

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу