Чемпиондар лигасының финалына чемпион емес командалар шықты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3111

UEFA Чемпиондары лигасының жартылай финалдық ойындары аяқталып, бас бәйгені ағылшын клубтары сарапқа салатын болды.

Чемпиондар лигасының финалына чемпион емес командалар шықты Фото: uefa.com

Чемпиондар лигасының екінші жартылай финалында "Аякс" пен "Тоттенхэм" додаға түскен болатын. Бұған дейін "Реал" (Мадрид) және "Ювентус" (Турин) секілді азул командаларды жолынан тайдырған Нидерланд клубы түзде өткен бірінші ойында 1:0 есебімен жеңіске жеткен-ді. Енді өз алаңында тең түссе де, жарайтын еді.

Обалы нешік, "Аякс" бірінші таймда жанкештілік танытып, екі гол соқты да. ЧЛ финалының жолдамасы қол созым жерде тұрғандай еді. Бірақ, бірақ... Екінші таймда қонақтар түлеп сала берді. Үш гол соғып, "Йохан Кройф Арена" стадионын сілтідей тындырды. Жалпы есеп 3:3 болғанымен, ағылшын клубының түзде соққан голдары артық болып, финалға шықты.

Иә, өз алаңындағы және түздегі екі матчтың үш таймында (135 минут бойы) бірде-бір гол соға алмаған "Тоттенхэм" соңғы таймда, нақтырақ айтқанда, оның соңғы 35 минутында үш гол соқты. Үшінші голды төреші матчтың негізгі уақытына қосқан қосымша бес минут та түгесіліп, алтыншысы басталғанда салды.  

Не сиқыры бар екенін, ағылшын клубы осылай төрткіл дүниені таң қалдырды. Үш голды да "Тоттенхэм" сапындағы Бразилия құрамасының жартылай қорғаушысы Лукас Моура салды. Өзектері өртенген "Аякстің" жанкешті жас таланттары жасыл алаң үстіне жата кетіп, көз жастарына да ерік берді. Амстердам жанкүйерлері аһ ұрды. 

Сөйтіп, Чемпиондар лигасының биылғы финалына ағылшынның екі клубы шықты. Олар – былтыр Англия премьер-лигасында 3-орын алған "Тоттенхэм" мен 4-орынға ие болған "Ливерпуль". Осы ретте айта кетейік, АПЛ-дың биылғы додасының соңғы туры 12 мамыр күні өтеді. "Ливерпульдің" алтыннан, ал "Тоттенхэм" қола жүлдеден үміті бар. 

Ал UEFA Чемпиондар лигасының финалы 1 маусым күні Мадридте өтеді. Бас бәйгені ағылшынның екі клубы сарапқа салатынын жаздық. Иә, бұл – ағылшын премьер-лигасының 39-туры емес, финал. Жартылай финалда "Барселона" мен "Аяксті" жолдарынан тайдырған Англия клубтары шешуші матчта да адам таң қаларлық ойын үлгісін көрсетеді деп ойлаймыз.

Айтпақшы, бүгін Еуропа лигасының жартылай финалдық ойындарының қарымта матчтары өтеді. Мұнда да Англияның екі клубы бар. Олар да финалға шықса, қызықтың көкесі сонда болар еді! Енді, "Валенсия" (Испания) – "Арсенал" (Англия) және "Челси" (Англия) – "Айнтрахт" (Германия) матчтарын асыға күтеміз...

Чемпиондар лигасы. Жартылай финал. Қарымта матч

"Аякс" – "Тоттенхэм" – 2:3 (бірінші ойын – 1:0)

Голдар: де Лигт, 5 (1:0). Зиеш, 35 (2:0). Лукас Моура, 55 (2:1). Лукас Моура, 59 (2:2). Лукас Моура, 90+6 (2:3).

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу