Чемпиондық талас қайта басталды

1068

2023 жылғы Қазақстан чемпионаты басталғалы жатыр. Кімнің бәсі жоғары?

Чемпиондық талас қайта басталды

Күні кеше ғана Қазақстан Суперкубогы аяқталды. Онда "Астана" 2:1 есебімен "Ордабасыдан" басым түсті. Осылайша жылдың алғашқы трофейі елордалықтарға бұйырды. Ал енді басталғалы тұрған чемпионатта қай командалар басты жүлдеге таласады? Ол әлбетте – "Астана".

"Астана" Қазақстан чемпионы ретінде өз атағын қорғап қалуға тырысады. Алғашқы ойыннан-ақ бұл команда биылғы маусымға керемет дайындалғанын байқатады. Дембо Дарбо секілді шабуылшысы пенальтиден гол салып, сенімділік алды. Қапталда ойнайтын Уррега деген ойыншысы сапалы легионер екенін байқатты. "Тобыл" сапынан ауысып келген футболшылары да мықты ойнады. Әсіресе, Алекса Аманович көзге түсті. Алыстан соққы бағыттап гол салды, әрі қорғаныста қателік жібермеді. Абат Айымбетов, Аслан Дарабаев секілді футболшылар қосалқы құрамда қалғанын есептесеңіз – бұл команда сөзсіз чемпиондыққа бірден-бір үміткер.

Суперкубок ойынында жеңілсе де, абыроймен ойнап берген "Ордабасы" да осал емес. "Астана" "Тобылдың" легионерлерін алса, "Ордабасы" Қостанай қаласының командасынан қазақстандық футболшыларды алыпты. Шымкенттік команда біртіндеп ұлттық құраманың базалық командасына айналып жатқандай. Мысалы, Асхат Тағыберген тамаша пас беріп, Еркебұлан Тұңғышбаев гол салды. Бұл командаға биыл Ғафұржан Сүйімбаев, Сергей Малый, Темірлан Ерланов, Бауыржан Исламхан секілді мықтылар жиналған. Сапалы легионерлерімен қоса есептегенде "Ордабасы" биыл чемпиондыққа таласатынын байқатып отыр.

Ал үшінші команда бұл әлбетте – "Ақтөбе". Бұл команданың үміті зор. Уго Видеомон, Абылайхан Жұмабек, Ыдырыс Ұмаев, Эльдер Сантана секілді шабуылшылары бар команданың жартылай қорғанысында да кілең шебер ойыншылар өнер көрсетеді. Жанкүйерлері қолдау жасаса, өз алаңында кім-көрінгенді жеңіп жіберетін "Ақтөбе" биыл фавориттердің бірі. Дер кезінде қаржы бөлініп, жалақы мәселесі туындамаса бұл команда біршама жерге барары анық. Қорғаныстағы ойыншылары да сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар.

Міне, осы үш клуб биыл чемпиондық атаққа таласады. Ал "Тобыл", "Қайрат", "Ақсу" секілді командалардың дәл қазіргі қарымы сондай күшті емес. Ойыншылар құрамына қарап біз осылай топшыладық. Қалғанын ойын көрсетер. Чемпионаттың бірінші туры 4-5 наурыз күндері өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу