Чемпиондық талас. Кімнің бағы жанар екен?

1641

Қазақстан чемпионаты бел ортасынан асты. Алайда нақты алға суырылып шыққан фаворит жоқ. Сонда биыл чемпион кім болмақ?

Чемпиондық талас. Кімнің бағы жанар екен?

15-турда "Ақтөбе" мен "Астана" кездесті. Ақтөбе қаласының орталық стадионы лық толып, маусымның басты кездесуін тамашалағандай болды. Бірінің артынан бірін голдарды топырлатып салған "Ақтөбе" "Астананы" 4:1 есебімен жеңді. Андрей Карпович баптайтын бұл команда осы жеңістің арқасында чемпиондық таласқа қосылды. Бұл шынын айтқанда 6 ұпайға татырлық ойын еді. Себебі "Астана" жеңіліп қалған соң 3 ұпай еншілемеді, ал "Ақтөбе" елордалықтарға бір табан жақындап алды. Екеуінің ортасында қазір небәрі 1 ұпай ғана. "Астана" мен "Ақтөбе" бәсекелес болып жатқан кезде қостанайлық "Тобыл" да тартысқа оралды. Оны жанкүйерлер қызды-қыздымен ұмыт қалдырған сыңайлы.

"Тобыл" сырт алаңда "Қызылжарды" жеңіп 24 ұпай еншілеп алды. Қазір қоржыны қомпайған қостанайлықтар "Астанамен" бірдей тұр. Бұларды чемпиондықтан сызып тастағандар қатты қателесті. Бапкер ауысып, "Тобыл" тәуірленді. Әйтпесе оның алдында берекесіз ойнап, ұпайдан шашау шығаратын. Осы жақында бұл команда Чемпиондар лигасына қатысады. Ол дегеніміз қосымша күш кетеді дегенді білдіреді. Сондықтан да, чемпиондық таласта "Ақтөбе" "Тобылды" артқа тастауы ғажап емес. Одан кейін "Астана" Конференция лигасына қатысады. Бұл да "Ақтөбе" үшін жақсы. Қарсыластар еуроаренада жарақат алып, арлы-берлі алыс жол жүріп, аптаның ортасында ойын өткізіп жатқанда, "Ақтөбе" ішкі біріншілікке асықпай дайындала береді.

Бұл үштіктен кейін тұрған тағы 2 команда бар. Олардың ұпайы 22-ден. Былай қарасаңыз бұлардың да бәсекеге түсуге теориялық тұрғыда мүмкіндіктері бар. Алайда қос команданың әлеуеті жетпейтін сыңайлы. "Каспий" әр ойын сайын қызыл қағаз алып, соның зардабын тартып жүр. Өз алаңында "Тұранға" жеңіліп қалады деп ешкім ойламады. Міне, содан кейін бұл командаға деген сенімділік азайды. Ал "Тараз" өз алаңында "Қайратпен" тең түсті. Жамбылдықтардың мақсаты үздік алтылыққа ену еді. Әзірге олар үшін барлығы тамаша. Клуб ішіндегі қаржылық мәселе ыңғайға келмей тұрғаны болмаса, қалғаны жаман емес.

20 ұпайы бар "Ордабасы", "Атырау", "Қайрат" командаларының чемпиондыққа үміті аз көрінеді. Себебі ойындары ала-құла. Тұрақтылық жоқ. Екі ойын жеңсе, екі ойын жеңіліп қалады. "Қайрат" қазір тіпті мынандай қиын жағдайдан шығып кетудің ретін қарастырып жатыр. "Атыраудың" жайы бұрыннан белгілі. Ортада ойқастап жүрсек те жетеді дейді. Ал мына "Ордабасының" қарымы күшті. Жергілікті жастары да жарқ етіп шығып жатыр. Сырттан алған легионерлері де аянбай тер төгіп жүр. Ең бастысы бапкерлік штабы мықты жұмыс істейді. Шымкенттік команда үздік төрттікке кіріп кетуі әбден ықтимал. Әлгі "Тараз" бен "Каспийді"бір ығыстырса осы "Ордабасы" ығыстыруы мүмкін.

Ал қалған "Тұран", "Ақсу", "Қызылжар", "Мақтаарал" секілді командалар премьер-лигадағы орынды сақтап қалу үшін күресетін болады. Олардың жайы бұрыннан белгілі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу