Чемпиондықтың тағдыры не болмақ?

1738

Қазақстан чемпионатының 19-турында күтпеген нәтижелер орын алды. Енді алтын медальға талас одан сайын шиеленісе түсті.

Чемпиондықтың тағдыры не болмақ?

Басты үміткер "Астана" мен "Ақтөбе" өз кездесулерін өткізді. Елордалықтар сырт алаңда "Каспийді" 0:3 есебімен жеңді. Осылайша, кезекті үш ұпайларын алып, турнирлік кестедегі екінші орындарын нығайта түсті. "Ақтөбе" 4 ұпай озып келе жатты. Осы басымдылықты ұстап тұру үшін олар бұл турда да жеңіске жетуі керек болатын. Турнирлік кестенің ең соңғы сатысында тұрған аутсайдер "Мақтааралға" қонаққа барған ақтөбеліктер алғашқы таймда есеп ашты. Руслан Камболов қақпашы қателігін пайдаланды. Одан кейін жетісайлық команда тәртіп бұзып, пенальти жасап алды. Оны орындаған Әлібек Қасым допты тура маңдайшаға тепті. Әйтпегенде есеп 0:2 болып, "Ақтөбенің" жеңісі сенімді бола түсер еді. Екінші таймда "Мақтаарал" ойыншысын қақпашы Стас Покатилов шалып қалды. Біләл Себайхи пеналтиді сәтті орындап таразы басын теңестірді. Есеп 1:1 болып, ойынның соңына қарай "Ақтөбе" бұл есепті өзгерте алмады.

Үш ұпайдың орнына тек 1 ғана ұпай еншілеген "Ақтөбе" жағдайын нашарлатып алды. Дегенмен әлі де болса 2 ұпай басымдылығы бар. Алдағы ойындарда ұпайдан шашау шығармауы тиіс. Әйтпесе, өкше басып келе жатқан "Астана" кез келген турда қуып жетіп алуы мүмкін. Бірақ "Астананың" алдағы ойындары қиын қарсыластармен болайын деп тұр. "Астана" 14 қыркүйек күні "Тобылмен" кездеседі. Қостанайлықтар өз алаңында "Атырауға" жеңіліп қалып, ашулы отыр. Осы ойында қалайда жеңіс қажет деп жұлқынып тұр.

Өз алаңында жеңіліс дегенді білмейтін "Ақтөбе" "Таразбен" кездеседі. Жергілікті жанкүйерлері қолдау көрсетсе, ғаламат атмосферада "Ақтөбе" қарсыласынан басым түсуі ықтимал. "Тараз" болса соңғы турда "Ақсуға" жеңіліп қалды. Кім біледі, "Тараздың" да "Ақтөбеге" келгенде барын салуы ғажап емес. Екі көшбасшы команда бір-бірінің аяқ алыстарын аңдиды. 20 тур ойындарынан кейін командалар үзіліске кетеді. 21-тур матчтары қазан айының 2 жұлдызында жалғасады. Себебі ортада ұлттық құрамалардың ойыны бар.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу