Цифрландыру кедендік түсімдерді арттырып отыр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2099

Импорттаушылардың жартысынан көбі декларацияны "жасыл дәліз" арқылы автоматты режимде тапсырады.  

Цифрландыру кедендік түсімдерді арттырып отыр

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Өмірзақ Бейіспековтің сөзінше, елімізде бюджетке түсетін кедендік түсімдердің көлемі артып келеді. Көрсеткіштің ұлғаюына цифрландыру процесі оң әсер етіп отыр.

"Кедендік түсімдердің еселене түскені байқалады. Бұл - цифрландырудың, жаңа технологиялардың жемісі. Жалпы, цифрландыру барлық процестегі адами факторлардың ықпалын төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Соның нәтижесінде бүгінде импорттаушылардың шамамен 60 пайызы декларацияны "жасыл дәліз" арқылы автоматты режимде тапсырады. Сондай-ақ экспорттың 90 пайыздан астамы автоматты режимде жүргізіледі", – деді Өмірзақ Бейіспеков елордада арнайы экономикалық аймақтар бойынша өтіп жатқан Дүниежүзілік кеден ұйымының өңірлік форумында.

Оның айтуынша, цифрландырудың нәтижесінде кедендік түсімдер бірнеше есе ұлғайған. Тіпті жекелеген позициялар бойынша түсімдердің 12 есе артқаны байқалып отыр.

Бүгінде Қазақстанда бизнес-процестерді цифрландыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, 2018 жылдың 1 қаңтарынан "Астана-1" ақпараттық жүйесіне тауарларды электронды декларациялау енгізілді. Ал осы жылдың сәуірінде "Экспорттық-импорттық операциялар бойынша бір терезе" ақпараттық жүйесі іске қосылды. Аталған жүйе Дүниежүзілік кеден ұйымының стандарттары негізінде әзірленген.

"Қазіргі уақытта сыртқы экономикалық қызмет пен арнайы экономикалық аймаққа қатысушылар аталған жүйе арқылы қажетті рұқсат құжаттарын алуда. Жүйе 13 ақпараттық ресурсты біріктіреді. Сондай-ақ Қазақстанның 11 мемлекеттік ақпараттық жүйесімен ықпалдастырылған", – дейді комитет төрағасының орынбасары.

Өмірзақ Бейіспеков Қазақстанның халықаралық кеден стандарттарын жетілдіру жұмысына қатысуға ниетті екенін жеткізді.

Еске сала кетейік, осы жылдың наурыз айында Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысы Кунио Микурия Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Ол Қазақстанның кедендік бақылауды жетілдірудегі қызметін жоғары бағалаған еді.

Дүниежүзілік кеден ұйымының үш күнге созылатын өңірлік форумына 30-дан астам елдің өкілдері, Дүниежүзілік кеден ұйымының, АҚШ Халықаралық даму агенттігінің, Еуропалық комиссияның мамандары қатысып жатыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу