Цифрландыру құрылыстың есігін қақты

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
6859

2022 жылы елдегі құрылыс компанияларының барлығы ақпараттық модельдеу технологиясына (ВІМ) көшуге тиіс.

Цифрландыру құрылыстың есігін қақты

BIM (building information modeling) дегеніміз – өндірістік және азаматтық нысандарды ақпараттық модельдеу технологиясы. Бұл технология салынып жатқан құрылыстың толық ақпараттық сипаттамасын жасауға мүмкіндік береді.

Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының жетекші маманы Владимир Талаповтың айтуынша, құрылыс саласын BIM технологиясына көшіру компаниялардың шығынын 15%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

"Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты Қазақстанда BIM технологиясын енгізудің тұжырымдамасын әзірледі. Тұжырымдамаға сәйкес, 2022 жылы еліміздің барлық құрылыс компаниясы аталған технологияға өтуі қажет және бұл міндетті болып табылады. Сондықтан, қазірден бастап цифрландыру процесі басталды", – деді Владимир Талапов "Құрылыс саласының цифрлық трансформациясы" атты конференцияда.

Оның айтуынша, құрылыс саласын цифрландыру ең алдымен қаржы үнемдеуге жол ашады. Мәселен, компания белгілі бір көлемдегі қаражатқа 5 үй салатын болса, ал BIM технологиясын енгізгеннен соң, дәл сол қаражатқа 7 үй тұрғызуға мүмкіндік бар. Екіншіден, құрылыстың сапасы жақсармақ.

"Ұлыбританияда BIM технологиясын енгізгеннен соң, құрылыс компанияларының шығыны 30%-ға қысқарған екен. Қазақстанда экономикалық тиімділік 10-15%-ды немесе одан да жоғары көрсеткішті құрауы мүмкін. Әрине, тұтас картина жобаны жүзеге асыру барысында нақты көзге ұрынатын болады", – дейді Владимир Талапов.

Оның сөзінше, бұл технологияға өту үшін тұжырымдаманың болғаны маңызды. Десе де, бірқатар елдер тиісті тұжырымдамасыз-ақ BIM технологиясын қабылдап жатады. Бірақ, мұндай елдерде түрлі кедергілер бой көрсетіп, кемшілік пайда болады. Бұл ретте, Қазақстан BIM технологиясына арнайы тұжырымдамамен аяқ басқан бірден-бір ел екенін атап өткен дұрыс.

Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, BIM технологиясын құрылыс саласына енгізу үшін шамамен 7-8 млрд теңге көлемінде инвестиция қажет. Бұл ретте, инвестициядағы мемлекеттің үлесі де қомақты болуы керек.     

"Құрылыс саласын цифрландыру барлық бақылау жүйесін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде саладағы ашықтық артып, керісінше, сыбайлас жемқорлық азаяды. Бастысы, компаниялар мен бақылаушы органдар кабинетте отырып-ақ елдегі барлық құрылысты бақылай алады", – дейді Қайырбек Өскенбаев.

Вице-министрдің айтуынша, Сингапурдың BIM технологиясын енгізудегі тәжірибесі өзге елдерге үлгі боларлықтай. Сондықтан, Қазақстан да Сингапурдың жолымен жүруді құп көреді.  

"Қазір нормативтік-құқықтық базаны цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте, жеке серіктестерді тарта отырып, құрылыс саласының технологиялық дамуын бір жарым жыл ішінде жүзеге асыруға болады. Атап өтерлігі, ашықтық қамтамасыз етілмеген деген себеппен сақтандыру нарығы құрылыс саласына аяқ баса қоймайды. Ал цифрландырудан кейін сақтандыру компанияларының құрылысқа деген сенімі артатын болады", – дейді инвестициялар және даму вице-министрі.

Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының басқарушы директоры Александр Шахновичтың сөзінше, Қазақстанда ВІМ технологиясын қазірдің өзінде пайдаланатын компаниялар бар. Бірақ, олар бұл туралы жария еткісі келмейді. Себебі, бұл – олардың бәсекелестерімен салыстырғандағы басты артықшылығы.

"ВІМ технологиясын енгізу мемлекет үшін маңызды. Сондықтан мемлекет қолдауға ниетті. Инвестициялар және даму министрлігі бұл технологияны мемлекеттен тапсырыс алушылар үшін пайдаланбақ. Осылайша, ашықтықты арттырып, жобалардың тәуекелдерін азайтуды көздейді", – дейді Александр Шахнович.

Институтының басқарушы директорының айтуынша, былтыр ғылыми-зерттеу жұмыстарына, стандарттауға және тұжырымдаманы әзірлеуге шамамен 32 млн теңге бөлінген. Ал 2018 жылға бөлінетін қаржы әлі бекітілмеген.

Еске сала кетейік, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты ВІМ технологиясын енгізу идеясын 2015 жылдан бері ұсынып келеді. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу