Цифрлы халық санағы

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4298

2019 жылдың қараша айында өтеді деп жоспарланып отырған халық санағына цифрлы технологиялар қолданылады.  

Цифрлы халық санағы

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, осы жолғы санақтың басты жаңашылдығы – цифрлы технологияны қолдану. Яғни, бұл компьютерлендірілген санақ болады. Ол үшін арнайы интернет-портал құрылмақ.  

"Тұрғындар өздері туралы мәліметті интернет-порталға жолдай алады. Әрине, бұл олардың қалауы бойынша атқарылады. Бұдан бөлек, санақ алушылар ел аралайды. Олардың қолында арнайы планшет болады. Санақ алушылар планшет арқылы мәліметті интернет-порталға енгізеді. Ақпараттар бірден өңделіп, деректер базасына түседі. Мұның тиімді тұсы көп. Біріншіден, процесс жылдам жүреді. Екіншіден, қателіктер болмайды. Өйткені, қолданылатын технология ақпаратты бірден тексереді. ЖСН-нің сәйкес келетінін я келмейтінін, мұндай адамның бар-жоқтығын сол сәтте-ақ анықтап береді. Егер мәліметтің негізгі бөлігі интернет-порталдағы ақпаратпен сәйкес келетін болса, санақ алушының жүгі де жеңілдейді. Осылайша, жылдамдық тұрғысынан тағы да ұтады", – деді Руслан Дәленов парламент мәжілісінде өткен жиында.

Сонымен қатар, санақ алушылар әр үйді аралап санақ жүргізеді. Яғни, интернет арқылы мәлімет ұсынуды құп көрмейтін немесе интернетке қосылуға мүмкіндігі жоқ тұрғындарды есепке алады.

Руслан Дәленовтің сөзінше, цифрлы технологияны қолдану Қазақстандағы халық санағын жүргізуге жұмсалатын шығындарды азайтады. Жүйені компьютерлендіру және онлайн режимде тіркеу жүргізу процестерін осы жылдың сәуір айында пилоттық режимде Аягөз және Бурабай аудандарында енгізу жоспарланып отыр. Сол секілді планшетпен жұмыс істеу де, интернет-портал да арнайы сынақтан өтеді. Осылайша, олардың қаншалықты тиімді әрі қолайлы екендігі зерделенеді.

Еске сала кетейік, бұған дейінгі халық санағы 2009 жылы ұйымдастырылған болатын. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан халқының саны 16 млн 9,6 мың адамды құрады. 1999 жылғы санақпен 2009 жылғы санақ аралығында ел халқы 1 млн 28,3 мың адамға өсті.

Бұл ретте, қала халқының саны 8 млн 662,4 мыңды құраса, ауыл халқы 7 млн 347,2 мың адамға тең болды. Санақтың қорытындысына сәйкес, ер адамдар – 7 млн 712,2 мың, әйелдер – 8 млн 297,4 мың.

2009 жылғы санақта қазақтардың үлесі 63,1%-ды, орыстар – 23,7%-ды, өзбектер – 2,9%-ды, украиндар  – 2,1%-ды, ұйғырлар – 1,4%-ды, татарлар  – 1,3%-ды, немістер – 1,1%-ды және басқа этностар 4,5%-ды құрады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу