Цифрлық дәуірдегі игілік: Qaganat желісінің қонақтары шала туған нәрестелердің өмірі мен көру қабілетін сақтауға көмектесіп келеді

625

Онлайн-аударымдар, краудфандинг платформалары, әлеуметтік желілердегі қаражат жинау және көшедегі фандрайзинг кең тараған заманда қайырымдылыққа арналған кәдімгі жәшік өткеннің еншісінде қалғандай көрінеді. 

Цифрлық дәуірдегі игілік: Qaganat желісінің қонақтары шала туған нәрестелердің өмірі мен көру қабілетін сақтауға көмектесіп келеді Фото: AYALA

Біз сатып алған заттарымызды картамен төлеп, смартфон экранын бірнеше рет түрту арқылы ақша аударамыз. Мұны сандар да растайды: Ұлттық банктің сайтында жарияланған Fintech in Kazakhstan 2026 зерттеуіне сәйкес, 2019-2026 жылдары Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 67%-дан 88%-ға дейін өскен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Соған қарамастан, көптеген қазақстандық әмиян да, қолма-қол ақша да алып жүрмейтін болғанымен, қайырымдылық жәшіктері әлі де өз міндетін атқарып келеді. Өйткені ең бастысы – көмектесуге деген ниет жоғалған жоқ. Бұған Qaganat қоғамдық тамақтану желісі мысал бола алады: мұнда AYALA қайырымдылық қорының жәшіктері 16 жылдан бері тұр.

Qaganat қоғамдық тамақтану желісі 1996 жылдан бері жұмыс істейді, биыл оған 30 жыл толып отыр. Бүгінде Алматы, Астана және Қарағанды қалаларында желінің 24 асханасы бар, олар күн сайын 25 000-нан астам қонаққа қызмет көрсетеді.

2010 жылы желі 2007 жылдан бері мемлекеттік көпсалалы ауруханаларды, перинаталдық орталықтар мен перзентханаларды шала туған нәрестелерді күтіп-бағуға арналған реанимациялық және диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз етіп келе жатқан AYALA қорымен ынтымақтастықты бастады. AYALA қорының алғашқы қайырымдылық жәшіктері дәл Qaganat асханаларында пайда болды. Ал алғашқы жылдың өзінде олар арқылы 1,4 млн теңгеден астам қаражат жиналды.

Уақыт өте жәшіктер саны көбейіп, бүгінде Qaganat желісінде AYALA қорының 20 қайырымдылық жәшігі орнатылған. 2023 жылдан бастап оларға QR-кодтар орналастырылды. Енді көмектесу одан да оңай: телефонмен кодты сканерлеу жеткілікті.

"Біз үшін қайырымдылық – бір реттік акция немесе белгілі бір күнге орайластырылған шара емес. Көмек жүйелі сипат алып, нақты нәтижеге жеткізген кезде оның құндылығы арта түсетініне сенеміз. Сондықтан AYALA қайырымдылық қорымен ынтымақтастығымызды ерекше бағалаймыз", – дейді Qaganat қоғамдық тамақтану желісінің бас директоры Чинара Бугимбаева.

Жәшіктердің көмегімен не істелді: алғашқы тыныс

Осы жылдар бойы қайырымдылықты қарапайым адамдар – кеңсе қызметкерлері, мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер жасап келеді. Әркімнің өз тіршілігі, өз мүмкіндігі бар, бірақ бәрін біріктіретін бір нәрсе – көмектесуге деген ниет. Qaganat қонақтарының жанашырлығының арқасында 16 жыл ішінде жәшіктер арқылы 46 693 789 теңге жиналды.

Жәшікке бір рет болса да тиын немесе қағаз ақша салған әрбір адамға оның қайырымдылығы үлкен бағдарламаның бір бөлігіне айналғанын білу жағымды болары сөзсіз. AYALA қорының басқа серіктестерінен түскен қаражатпен бірге бұл ақша "Өмір сыйлайық" жобасы аясында мемлекеттік ауруханалар мен перинаталдық орталықтардың балалар реанимацияларын жабдықтауға бағытталды.

Көпшілік үшін медициналық техника – сымдар, экрандар мен металл құрылғылар ғана. Бірақ әрбір осындай аппараттың артында кішкентай пациенттің тыныс алуына, қажетті ем алуына және өмір үшін күресуіне берілген мүмкіндік тұр. Дәрігерлер дәл осы жабдықтардың көмегімен мерзімінен бұрын туған балаларды күтіп-бағады. Олардың ең кішкентайлары дүниеге келгенде небәрі 500 грамм болуы мүмкін.

Осындай мысалдардың бірі – Жаңаөзен қалалық балалар ауруханасы. 2015 жылы AYALA қоры ауруханаға жалпы құны 10,5 млн теңге болатын анестезиологиялық-тыныс алу аппаратын және фототерапия шамдарын табыстады. Бұл қаражат қайырымдылық арқылы, оның ішінде Qaganat қонақтарының көмегімен жиналды.

Осы жабдықтардың көмегімен күтіп-бағылған сәбилер бүгінде 11 жаста. Олар мектепке барады, спортпен айналысады, достарымен араласады және болашақ туралы армандайды. Сірә, бұл балаларға бір кездері алғашқы тынысын алуға көмектескен адамдардың арасында Qaganat қонақтары да болғанын олардың өздері білмейтін шығар.

"Ең алдымен, жанынан бейжай өтпей, көмектескен әрбір қонағымызға алғыс айтқым келеді. Біреу кезінде жәшікке аз ғана ақша салып, оны әлдеқашан ұмытып кеткен болуы мүмкін. Бірақ үлкен көмек дәл осындай қарапайым қадамдардан құралады. Әрбір медициналық аппараттың және жабдық алған әрбір аурухананың артында белгілі бір сәтте жай ғана көмектесуге шешім қабылдаған мыңдаған адам тұр", – деп атап өтті Чинара Бугимбаева.

Жәшіктердің көмегімен не істелді: әлемді көру мүмкіндігі

2021 жылдан бері Qaganat қонақтары сәбилердің аман қалуына ғана емес, әлемді көруіне де көмектесіп келеді. Жәшіктерге жиналған қаражат AYALA қоры мен офтальмолог дәрігер Әсел Шәріпованың бастамасымен іске қосылған "Әлемді көремін" жобасына да бағытталады. Жоба дәрігерлерге шала туған балаларда жиі кездесетін аурулардың бірі – шала туған нәрестелер ретинопатиясын дер кезінде анықтап, емдеуге көмектеседі. Уақтылы диагностика мен ем болмаса, ретинопатия көру қабілетінің толық жоғалуына әкелуі мүмкін.

Жоба жүзеге асқан бес жыл ішінде AYALA қоры еліміздің перинаталдық орталықтарына 13 ретиналдық камера, офтальмоскоптар және лазерлер табыстады. Ретиналдық камераның көмегімен дәрігер ретинопатияның алғашқы белгілерін ерте кезеңде анықтап, емдеуді дер кезінде бастай алады.

Ретинопатияны емдеу үшін лазерлік операция жасалады, ал кейбір жағдайларда көзге "Луцентис" препараты енгізіледі. 2024 жылы қор Qaganat желісіндегі жәшіктерге жиналған қайырымдылық қаражатының арқасында Семейдегі перинаталдық орталыққа осы препараттың 10 құтысын табыстады. Он сәби ем алып, олардың барлығын көру қабілеті бойынша мүгедектіктен сақтап қалуға мүмкіндік туды.

"Луцентис“ препаратын қолдану ауру өте жылдам өршіп, шала туған балалардың көзін шұғыл лазерлік операцияға дайындау қажет болатын ретинопатияның агрессивті түрлерін емдеуде орасан көмек көрсетті. Препараттың әрбір құтысы сәбилердің көру қабілетін сақтап қалу мүмкіндігін арттырып, неонаталдық офтальмологқа хирургиялық араласуларды оң нәтижемен жүргізуге көмектесті. Бізге көмектескен барша жанға рақмет", – деді PhD, жоғары санатты офтальмолог дәрігер Әсел Шәріпова.

Жоба аясындағы көмек ең алдымен ретинопатияны диагностикалау және емдеуге арналған жабдыққа аса мұқтаж өңірлерге бағытталады. Солардың бірі – Батыс Қазақстан облысы. Өткен жылдың өзінде мұнда шала туған 260 сәби ретинопатия бойынша қауіп тобына кірді.

Биыл AYALA қоры Орал қаласындағы Облыстық перинаталдық орталыққа офтальмоскопы бар, құны 13 379 000 теңге болатын офтальмологиялық лазерді табыстауды жоспарлап отыр. Жоба Qaganat жәшіктеріне жиналған қаражаттың есебінен де жүзеге асырылады. Алдағы айларда жабдық перинаталдық орталықта жұмыс істей бастайды. Соның арқасында балалар басқа қалаларға бармай-ақ, Оралдың өзінде жедел офтальмологиялық ем ала алады.

"Qaganat-тың үлкен отбасын және желінің бас директоры Чинара Бугимбаеваны мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! 16 жылдық ынтымақтастық ішінде Qaganat біздің қор үшін жай ғана серіктес емес, балаларға көмектесуге деген ортақ ниет біріктірген шынайы досқа айналды. Осы жәшіктерге бір рет болса да қайырымдылық жасаған әрбір Qaganat қонағы да осы үлкен көмектің бір бөлігі. Сіздердің арқаларыңызда балалар реанимациялары қажетті жабдықтарға ие болды, ал шала туған сәбилер әлемді көруге, өсіп-жетілуге және толыққанды өмір сүруге мүмкіндік алды", – дейді AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сүлейменова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу