Циклахена экожүйе мен адамзат баласына қауіп төндіріп тұр

1989

Бірақ мемлекет оған қарсы шараларды қарастыруға асықпайды. 

Циклахена экожүйе мен адамзат баласына қауіп төндіріп тұр

Тамыз айында Павлодар облысының тұрғындарын аллергия мазалайды. Дәл осы уақытта жапырағы жайқалып келе жатқан өсімдіктер де қуара бастайды. Мұндай қолайсыз жайттар– улы шөп болып саналатын циклахенаның кері әсері, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар облысының аумағында циклахена алғаш рет осыдан 10-15 жыл бұрын байқала бастады. Жыл сайын бұл шөптің уы кеңге жайылып келеді. Оның зиян болғаны соншалық, қасында басқа түгілі арамшөп өспейді. Өсімдіктерге жанасса қуарып, құрғақ шөпке тисе төрт түлікке уын шашады. Соның салдарынан малдың арам қатуы әбден мүмкін.

"Берегиня–Био" қоғамдық қорының биологы Татьяна Пономареваның айтуынша, циклахена жыл санап экология, ауыл шаруашылығы салаларына қауіп төндіріп барады. Тіпті, жабайы шөп Баянауыл ұлттық табиғи паркінің аумағына дейін таралған көрінеді.

"Облыс аумағында циклахена кем дегенде 200-300 гектар аумақты алып жатыр. Оның тұқымы тез таралатындықтан, нақты аумақ көлемін дөп басып айту қиын. Жыл сайын өсімдік тамыр жайып, Ертіс өзені алқабында, көлік жолдары бойында, қала көшелерінде таралуда. Баянауыл ұлттық табиғи паркі, Торайғыр ауылында тұқым шашқан улы өсімдік әлемде сирек кездесетін қандыағаштың өсуіне зиян тигізуі әбден мүмкін",– дейді биолог.

Татьяна Пономареваның айтуынша, циклахенаның "жауы" жоқ. Яғни, оны аң-құстар, жәндіктер жемейді. Сондықтан табиғи жолмен жойылуы мүмкін емес.

"Біз 2008 жылдан бері циклахенаның қауіпті екенін айтып, дабыл қағып келеміз. Бірақ әлі күнге дейін нақты шаралар қабылданған жоқ. Оларды механикалық әдіспен жұлған нәтиже бермейді. Себебі улы шөптің тұқымы жер астында 10 жылға дейін сақталады. Оны тамырымен жою үшін тиісті гербицидтерді қолдану қажет. Жалпы, химиялық, биологиялық, агротехнологиялық шараларды қамтитын кешенді жобаны әзірлеп қойдық. Бірақ оған қажет қаражат қарастырылмай отыр. Сондай-ақ, республикалық деңгейде циклахенаға қарсы күрес шаралары бекітілген жоспар, ережелер жоқ",– дейді Татьяна Пономарева.

Улы шөп өсімдіктерге ғана емес, адамдарға да зиян. Тамыз-қыркүйек айларында циклахена аллергияны қоздырады. Дәрігерлердің айтуынша, бұдан бірнеше жыл бұрын аталмыш өсімдік аллергиялық жағдайлардың 25%-ына себепші болса, бүгінде бұл көрсеткіш 60%-дан асып жығылады.

"Тамыз айының ортасынан бастап көзім қызарып, мұрным бітіп, аллергияның әлегіне түсемін. Бұрын мұндай ауру белгілерін жусанмен байланыстыратынмын. Кейін бұған циклахена атты өсімдіктің тұқым шашуы себеп екенін білдім. Бұл ретте басты проблема – өңірде аллерголог дәрігерлердің жетіспеуі. Нормативтік көрсеткіш бойынша, 50 мың адамға бір аллерголог қызмет көрсетуі тиіс болса, 750 мың тұрғыны бар біздің облыста небары 3 маман жұмыс істейді. Сондықтан дәрігердің қабылдауына уақытылы жазылу мүмкін емес",– дейді Павлодар қаласының тұрғыны Айнұр Смағұлова.

Өкінішке қарай, жергілікті билік циклахенаның адам мен экожүйеге тигізер қаупін әлі күнге дейін түсінбегенге ұқсайды. Әкімдік пен жауапты сала өкілдері шараларды дер кезінде қолға алмайынша, улы өсімдіктің тұқымы жойыла қоймас.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу