Cоғыспен өткен бір жыл

1717

Украинадағы қарулы қақтығыстың негізгі сәттеріне шолу. 

Cоғыспен өткен бір жыл Фото: yandex.kz

Украинада бір жыл бұрын басталған соғыс мыңдаған адамның өмірін қиып, миллиондарды үйлерінен босытып, талай қаланы жермен-жексен етіп, Ресей мен НАТО ашық қақтығысуы мүмкін деген қорқынышты тіпті күшейтті.

Әскери жанжалдың кейбір негізгі оқиғаларына тоқталсақ, олардың қысқаша сипаты төмендегідей.

2022 жыл. Ақпан

Былтыр ақпанның 24-інде Ресей президенті Владимир Путиннің армиясы Украинаға солтүстіктен, шығыстан және оңтүстіктен басып кірді. Путиннің айтуынша, бұл "арнайы әскери операцияның" мақсаты - этникалық орыстарды қорғау, Украинаның НАТО-ға  өтуіне жол бермей, оны Ресейдің "ықпал ету аймағында"  ұстап, "демилитаризациялау" және "нацистерден тазарту". Алайда Киев пен Батыс бұның бәрін демократиялық жолмен сайланған үкіметі мен туыстары Холокостта қырылған еврей президенті бар мемлекетке қарсы заңсыз агрессия деп есептейді.

Орыс әскерлері Киевтің шетіне тез жетті. Бірақ олардың Украина астанасы мен солтүстік-шығыстағы басқа қалаларды жаулау әрекеттері үлкен қарсылыққа тап болды. Президент Владимир Зеленский болса, өзінің штаб-пәтерінің сыртында видеоға түсіп, қаладан кетпегенін және Украинаны басқаруды жалғастыра беретінін жариялады.

Наурыз

2 наурызда Ресей оңтүстіктегі Херсон қаласын қарамағына алып, айдың басында ресейліктер Херсон облысының қалған бөлігін жаулап, көршілес Запорожье облысының үлкен бөлігін, соның ішінде Еуропадағы ең ірі атом электр станциясын бақылауға кірісті.

Ресей армиясы көп ұзамай Киев маңында тұрып қалып, оның Украина астанасына апаратын тас жолдарда тізілген конвойлары украин артиллериясы мен дрондарының оңай олжасына айналды. Ал, 16 наурызда Ресей стратегиялық порттық қала - Мариупольдегі бейбіт тұрғындар паналаған театрға соққы беріп, жүздеген адамды мерт қылды.

Дегенмен, наурыздың 29-ында Мәскеу Киевтен және басқа аймақтардан күштерінің шығарылғанын жариялап, енді негізгі назарды Донбассқа аударатынын мәлімдеді.

Сәуір

Ресейлік жауынгерлер Киевтен шегінгеннен кейін ортақ бейіттер мен Буча қаласының көшелерінде жүздеген бейбіт тұрғынның мәйіті табылды. Олардың көпшілігі азапталып өлтірілген. Бұл оқиғалардан кейін әлем лидерлері Ресейді ықтимал соғыс қылмыстары үшін жауапқа тарту мәселесін көтерді.

9 сәуірде Ресей шығыстағы Краматорск қаласындағы теміржол вокзалына зымыранмен соққы бергенде 52 бейбіт тұрғын қаза тауып, 100-ден астамы жараланған.

Осы айда Азов теңізі жағалауындағы Мариуполь үшін қызу шайқас жүріп, Ресей армиясының бомбалау операциялары мен артиллериялық шабуылдарынан қаланың көп бөлігі үйіндіге айналды.

Сәуірдің 13-і күні Ресейдің Қара теңіз флотының флагманы "Москва" крейсеріне украиналық ракета тиді. Келесі күні ол суға батып, ресейліктердің ұлттық намысына нұқсан келтірілді.

Мамыр

16 мамырда Украинаның Мариупольдегі соңғы бекінісі саналған алпауыт "Азовсталь" болат зауытын үш айға жуық қорғаған украи сарбаздары ресейлік күштерге берілуге келісті. Мариупольдің құлауы Украинаны Азов жағалауынан ажыратып, Ресей үшін Қырымға дейін құрлықтық дәліз ашты.

18 мамырда Финляндия мен Швеция НАТО-ға қосылу туралы өтініштерін берді. Бұл – Мәскеу үшін үлкен саяси соққы.

Маусым

Украинаға Батыстан көбірек қару-жарақ, соның ішінде АҚШ-тан бірнеше HIMARS зымыран тасығышы жеткізілді.

30 маусымда орыс әскерлері Одесса Қара теңіз портына жақын орналасқан Жылан аралын тастап кетуге мәжбүр болды.

Шілде

22 шілдеде Ресей мен Украина Түркия мен Біріккен Ұлттар Ұйымының арағайындығымен Украинаның Қара теңіз порттарында тұрып қалған астықты блокададан босатуға келісіп, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қауіпті сейілтті.

Шілденің 29-ы күні Ресейдің бақылауындағы Оленовка қаласындағы украиналық сарбаздар (Мариупольді қорғаушылар) отырған түрмеге зымырандық соққы жасалып, кемінде 53 адам жан тәсілім етті. Бұл шабуыл үшін Украина мен Ресей бір-бірін кінәлады.

Тамыз

9 тамызда Қырымдағы әуе базасында күшті жарылыс болды. Бір аптадан кейін мұндағы электр станциясы мен оқ-дәрі қоймаларында тағы жарылыс теңселтті. Бұның бәрі Мәскеу 2014 жылы аннексиялаған қаратеңіздік түбектегі қорғаныстың осалдығын көрсетіп берді. Кейін Украинаның жоғары лауазымды офицері ол шабуылдарды Киев күштері жасағанын мойындады.

20 тамызда ресейлік ұлтшыл идеолог Александр Дугиннің қызы Дарья Дугина Мәскеу маңында бомба қойылған көлік жарылғанда қаза тапты. Осы қастандық үшін Ресей Украинаны айыптады.

Қыркүйек

Қыркүйектің 6-сы күні Украина армиясы Харьков облысының солтүстік-шығысында тосыннан қарсы шабуылға көшіп, Ресейді кең аумақтан тез шегінуге мәжбүр етті.

21 қыркүйекте Путин 300 мың резервисті мобилизациялауға бұйрық берді.  Бұл ұнамсыз әрекеттен жүздеген мың ресейлік көрші елдерге қашты. Сонымен бірге Ресей Украинаның Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарын өз құрамына алу туралы заңсыз "референдумдарды" асығыс өткізді. Оның нәтижелерін Украина мен Батыс елдері жалған деп санайды.

30 қыркүйекте Путин Кремльдегі салтанатты рәсімде осы төрт аймақты аннексиялау туралы құжаттарға қол қойды.

Қазан

8 қазанда жарылғыш зат тиелген жүк көлігі Қырымды материктік Ресеймен байланыстыратын көпірдің үстінде жарылды. Бұл шабуыл үшін Путин Украинаны айыптады. Содан кейін Ресей Украинаның электр станциялары мен басқа да маңызды инфрақұрылымдарына зымырандармен, дрондармен соққы берді.

Мұндай операциялар келесі айларда тұрақты түрде жалғасып, бүкіл Украинаға электр жарығы мен жылу беру тоқтатылды.

Қараша

9 қарашада Ресей күштері Украинаның қарсы шабуылына төтеп бере алмай, өздері басып алған жалғыз ғана облыс орталығы Херсон қаласын тастап кетіп, Кремль үшін масқара шегініс жасады.

Желтоқсан

5 желтоқсанда ресейлік әскерилер Украина дрондарының Ресей территориясына бойлай еніп, алыс қашықтыққа ұшатын бомбалаушы ұшақтар орналасқан екі базаны нысанаға алғанын хабарлады.

21 желтоқсанда Зеленский соғыс басталғалы бірінші рет шетелге шығып, Америка Құрама Штаттарына барып, президент Джо Байденмен кездесіп, Patriot әуе қорғанысы зымырандық жүйелері мен басқа да қару-жарақтар жөнінде келіссөздер жүргізіп, Конгрессте сөз сөйледі.

Қаңтар

1 қаңтарда, Жаңа жылы түні, Украинаның Макеевка қаласында мобилизация бойынша сапқа тұрған ресейліктер қоныстанған ғимараттарға зымырандық соққы берілді. Ресей Қорғаныс министрлігі 89 сарбаздың қаза тапқанын айтса, Украина билігі жүздеген адамның мерт болғанын хабарлады.

Бірнеше айға созылған қиян-кескі шайқастардан кейін Ресей 12 қаңтарда тұз өндіретін Соледар қаласын басып алғанын жариялады. Мұны Киев бірнеше күннен кейін ғана мойындады. Қазір ресейліктер Украинаның Бахмут бекінісін алу үшін шабуылдарды жалғастырып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу