Ресейдің Киевті және Украинаның солтүстігіндегі басқа да ірі қалаларды басып алу үміті қатаң қарсылық нәтижесінде ақталмады. Енді Мәскеу бар күш-жігерін елдің шығысына қайта бағыттап, сол жерде табысқа жетіп жатса, оны қақтығысты тоқтату туралы келіссөздерде өз шарттарын орындатуға пайдалануға әрекет жасап көрмек.
Ресей әскерлері қазір Украинаның "Донбасс" деп аталатын өнеркәсіп орталығына жаппай шабуыл жасауға дайындалып жатыр және алдағы апталар қарулы жанжалдың нәтижесін анықтауы мүмкін.
Ресейлік стратегияның өзгеруіне және оның ықтимал салдарына шолу.
Сәтсіз шабуыл
Ақпанның 24-інде Ресей күштері Украинаға солтүстіктен, шығыстан және оңтүстіктен басып кіргенде, Президент Владимир Путин 2014 жылы Қырым түбегін аннексиялағандай тез жеңіске жететініне сенген еді.
Мәскеудің одақтасы Беларусьтен Украинаға енген ресейлік әскерлер шекарадан оңтүстікке қарай небәрі 75 шақырым жерде орналасқан Киевтің шетіне тез жеткенімен, үлкен қарсылыққа тап болды.
Киев пен солтүстіктегі басқа да ірі орталықтарға шабуыл жасау әрекеті сәтсіз аяқталғаннан кейін, орыс әскерлері қалаларды қоршауға алып, оларға артиллериямен, әуе шабуылдарымен соққы беріп жатыр. Бейбіт тұрғындар қырылып, инфрақұрылым жаппай қирады. Алайда бұның бәрі Украинаның табандылығын әлсірете алмады. Украина армиясы Киев сыртындағы тас жолдардың бойында ондаған шақырымға созылған ресейлік конвойларға қарсы артиллерия мен дрондарды шебер қолдана білді. Соның салдарынан ресейліктер үлкен логистикалық проблемаларға тап болып, алға ілгерілей алмады.
Стратегиядағы өзгеріс
Наурыздың 29-да Ресей стратегиясын түбегейлі өзгерткенін жариялап, Киев пен Чернигов айналасындағы әскери операцияларды қысқартатынын, оның орнына Донбассты "азат етуге" назар аударатынын мәлімдеді.
Солтүстік пен солтүстік-шығыстағы аудандардан тез шығарылған күштер демалу және қайта жабдықталу үшін Беларусь пен Ресейге оралды.
Мәскеу украиндық және батыстық бақылаушылар "сәтсіз шабуыл" деп сипаттаған бұл жағдайға позитивтік реңк беруге тырысып отыр. Ресейдің мәлімдеуінше, солтүстіктегі іс-қимылдардың мақсаты – ондағы украиндық күштерді титықтатып, әлсіретіп, олардың шығыстағы әскерлерге қосылуына жол бермеу болған.
Қайта топтасу, қайта қарулану
Бақылаушылардың айтуынша, шығыста жаңа шабуылдар жасау үшін ресейлік әскерлердің қайта қамтамасыз етілуі мен топталуына бірнеше апта қажет болуы мүмкін.
"Украинаның солтүстігінен шығарылған ресейлік бөлімшелердің шығыстағы операциялар үшін қайтадан орналасуына жаңадан жабдықталып, техниканы жөндеуден өткізу қажет болуы ықтимал", – деп жазылған Ұлыбритания Қорғаныс министрлігінің твиттерінде.
Кейбір батыстық сарапшылардың сөзінше, шайқасқа қатысқан ресейлік бөлімшелердің төрттен біріне жуығы әрі қарай әрекет етуге жарамсыз болып қалған және олар шайқасқа қайта кіріспес бұрын ұзақ уақыт бойы жабдықталуы қажет.
"Түрлі бөлімшелер көптеген жауынгер жоғалтты, оқ-дәрі шығындады. Енді олар үлкен шабуылдарды жаңадан бастау үшін, тағы жиналып, қаруланады", – дейді НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг.
Шығыстағы қорғаныс
Негізінен орыстілді халық тұратын Украинаның шығысында сепаратистік қақтығыс 2014 жылы Қырым аннексияланғаннан кейін көп ұзамай басталып, 14 мыңнан астам адамның өмірін қиды. Ондағы ұрыстар украиндық күштерді шыңдап, олардың жауынгерлік тәжірибесін арттырып, майдан шептерінде көпдеңгейлі қорғаныс құруға мүмкіндік берді.
Бұл күш-жігер Ресейдің шабуылы басталғанда-ақ пайдасын тигізіп, сепаратистер мен ресейлік армияның әлдеқайда жоғары әскери қуатына қарамастан, олардың айтарлықтай табысқа жетуіне жол бермей отыр.
Шабуылдың басынан бастап Мәскеудің негізгі мақсаты – Азов теңізінің жағалауымен Қырымға апаратын құрлықтық дәліз ашу үшін Мариуполь портын басып алу болды. Орыс әскерлері Мариупольді бір ай бойы қоршап, мыңдаған адамның өмірін қиып, артиллериямен, әуе шабуылдарымен қаланың көп бөлігін тас-талқан етті. Бірақ осы уақытқа дейін олар қаланы толық ала алмай отыр.
Шешуші шайқас
Украина мен Батыс барлаушыларының айтуынша, Ресейдің жоспары – Харьков маңындағы Изюмнен және оңтүстігіндегі Мариупольден шығып, Донбассқа шоғырланған ондаған мың украин жауынгерін қоршауға алу.
Вашингтонда орналасқан Соғысты зерттеу институтының ойынша, ресейлік әскерлер стратегиялық маңызы зор Славянск қаласын басып алу үшін Изюмнен шығып, Донбасстағы басқа да ресейлік күштерге қосылуға әрекеттенбек және де бұл жерде Украинадағы әскери жанжалдың келесі, шешуші шайқасы болуы мүмкін.
Столтенберг те Ресейдің бұлайша шығысқа қарай жылжуын "соғыстың шешуші фазасы" дайындық екенін ескертіп, Мәскеудің Украинаның шығысы мен оңтүстігінде алға ілгерілеп, "бүкіл Донбассты алуға және Азов теңізі жағалайында Ресей мен оккупацияланған Қырым арасында құрлықтық көпір салуға тырысатынын" мәлімдеді.
Мәскеудің осал тұсы
Шығыстағы операциялар барысында да ресейлік күштер солтүстіктегі кедергілер мен проблемаларға тап болуы мүмкін.
Украинаның үздіксіз шабуылдары кезінде ұзақ қашықтыққа құрал-жабдық пен қосымша жауынгер жеткізу оңай емес. Мәскеудің осалдығы осы мәселеде байқалып отыр. Бұл кемшілік нәтижесінде Ресейдің Киевті жылдам алу әрекеті сәтсіздікке ұшырап, армиясы шегініп, тіпті солтүстіктен толық кетуге мәжбүр болды.
Әртүрлі ресейлік әскери бөлімшелер арасында ұйымдасқан әрекеттің жоқтығы, Украинаның әуе қорғанысының толықтай жойылмауы және халықтың басқыншылыққа қарсылығының күшеюі Ресейдің шығыста тез жеңіске жетуін қиындатады және де Ресей армиясы Донбасста украин жауынгерлерін қоршауға аламын деп, қапталдан, тұтқиылдан жасалатын шабуылдарға ұшырауы мүмкін.
Бейбітшілік шарттары
Шығыстағы әскери табыс Путинге Украинадағы әскери жанжалдан масқара болмай құтылуға, Мәскеудің негізгі мақсаттары орындалды, украин әскерінің негізгі бөлігі жойылды, "неонацистік ұлтшыл" күштер талқандалды, Донбасс "азат етілді" деп жариялауға мүмкіндік береді.
Путиннің Украинаға қойған бейбітшілік шарттарына Ресейдің Қырымдағы егемендігі мен шығыстағы сепаратистік аймақтардың тәуелсіздігін мойындау талаптары кіреді. Бірақ бұл талаптарды Президент Владимир Зеленский қабылдамады. Зеленский Қырым мен Донбасс мәселелерін кейінге қалдыруды ұсынып отырса, Мәскеу оларды бейбіт келісімнің бір бөлігіне айналдырғысы келеді.
Уақыт аз
Мәскеу барған сайын "батпаққа батпай" қарулы жанжалдан шығу үшін Путинге шығыста тез табысқа жету өте қажет. Уақыт қазір Ресейге қарсы жұмыс істеуде. Әскери қақтығыстардың әрбір күні Батыс санкцияларының зардабын ауырлатып, РФ-ның шектеулі ресурстарын сарқып жатыр.
Ұзаққа созылған "операциялар" Кремльді нашар дайындалған әскерге шақырылушыларды кеңінен қолдануға мәжбүр етуі мүмкін. Бірақ тәжірибесіз жастарды ұрысқа жіберу халықтың үлкен наразылығын тудыруы ықтимал.
Кейбір сарапшылардың ойынша, Путин Украинаны "неонацистерден" азат етіп, шығыста тез жеңіске жетуден үмітті. Ресей президенті бұл әскери науқанның сәтті аяқталғанын мамырдың 9-да жариялауды жоспарлап отырса керек.
Арыс Әділбекұлы