COVID-19: карантин жағдайындағы қашықтықтан оқыту

10207

Екінші оқу аптасы қалыпты жағдайда өтті.  

COVID-19: карантин жағдайындағы қашықтықтан оқыту

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова қашықтықтан оқытудың екінші аптасы қалай өткені жайлы баяндады.

"Екінші оқу аптасының барлық мектепте қалыпты жағдайда өтіп жатқанын көріп отырмыз. Қашықтықтан оқытудың бірнеше форматы ұсынылған болатын. Осы аптаның деректеріне көз жүгіртер болсақ, 2,4 млн оқушы мен мұғалім интернет платформаларды пайдаланып жұмыс істегенін байқаймыз. "Күнделік" жүйесінде де белсенді жұмыс жүруде. Телеарналар арқылы 850 мыңнан  астам оқушы күнделікті сабағын оқып жатыр. Мұғалімдер оқушыларымен электронды журналдар, мессенджерлер арқылы кері байланыс орнатты. Штаттық режимде 25 мыңнан астам оқушы 433 мектепте білім алуда. Почта байланысы арқылы оқып жатқан оқушылардың саны 4 мыңға жуық. Барлық мектеп жұмысын жалғастыруда. Жергілікті атқарушы органдар, әкімдіктер оқушыларды компьютермен қамтамасыз етіп жатыр. 250 мың мұғалім мен оқушыға мектептердегі компьютер таратылып берілді. Бүгінгі күні 11 мыңнан астам жаңа компьютер сатып алынды. Олар да оқушылар мен мұғалімдерге таратылып берілді", – деп айтып өтті вице-министр.

Шолпан Каринова телеарналар арқылы өтетін сабақтарда мұғалімдердің жіберген қатесіне тоқталып, жіберілген қателер үшін балалардан, ата-аналардан кешірім сұрады.

"Қателерді көріп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, қашықтықтан оқыту бізге бір сәтте келді. Мұғалімдер де, мектептер де білім берудің бұндай түріне дайын емес еді. Мұғалімдердің қобалжуы байқалды. Екі аптада 700-ден астам сабақ көрсетілді. Олардың басым көпшілігі мұғалімдердің демалыс күндерінде түсірілген болатын. Бұл жіберілген қателер үшін балалардан, ата-аналардан кешірім сұраймыз. Осы қате кеткен екі сабақ барлық арнадан алынып тасталды.Олар қайта түсіріліп, YouTube арнасына жүктелді. Ары қарай тексеру жұмыстарын күшейтіп, бұндай қателерді болдырмаудың барлық шарасы қолға алынды", – деген вице-министр бұдан былай бейне сабақтар экранға шығар алдында үш мәрте тексерілетініне сендірді.

Білім және ғылым вице-министрі мектептердегі соңғы қоңырау салтанатын өткізу және дәстүрлі оқуға қайта көшу жөнінде пікірін білдірді.  

"Биыл 9,11- сыныпта қорытынды аттестациялау болмайды. Әдетте, 9 сынып 4 пәннен, 11 сынып 5 пәннен емтихан тапсыратын. Барлық пәннің жылдық қорытындысы негізінде аттестат табысталады. Ал соңғы қоңырау – оқу жылы аяқталған кезде болатын салтанатты шара. Қазіргі қашықтықтан оқытуда, елдегі жағдайға байланысты бұл шара болмайды. Жалпы, оқу жылында қорытынды бағаны шығару әдеттегідей жүргізіліп, оқу жылы аяқталады", – деді вице-министр.  

"Әрине, барлығы бұрынғы режимге көшкісі келеді. Бәрі төтенше жағдай кезіндегі ахуалға байланысты болады. Біз жағдайды бақылап, басқа мемлекеттік органдармен байланыс жасап отырмыз. Қанадай да бір өзгерістер бола қалса, алдын ала хабарлап айтамыз. Әзірше қашықтықтан оқыту форматын сақтаймыз" , – деді Шолпан Каринова.

 

Нұржан Көшкін

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу