Credit Suisse сатылды. Бұл шешім әлемін тыныштандыра ала ма?

878

Жаһандық дағдарысқа жол бермеу үшін АҚШ пен Еуропада билік банктердің ісіне араласуға мәжбүр болды.  

Credit Suisse сатылды. Бұл шешім әлемін тыныштандыра ала ма? Фото: АР агенттігі

Дүниежүзінің қаржы жүйесіндегі күйзелістерді жеңілдету үшін Швейцария үкіметі UBS банкі үшін проблемалы бәсекелесі Credit Suisse-ті төмендетілген бағамен сатып алу жоспарын жасақтады.

Бұл шаруа АҚШ-тың Lehman Brothers инвестициялық банкінің сәтсіздігі жаһан экономикасын дағдарысқа ұшыратқаннан кейін 15 жылдан өткенде қолға алынып отыр. Және де екі кредитордың қосылуы – қаржы әлемін тығырыққа тағы тіреген қорқынышпен күресудің тағы бір шұғыл әрекеті.

АҚШ банктерінің банкроттығынан туындаған нарықтық алаңдаушылық туралы білуіміз керек негізгі мәселелер мен өзге де жайттарға тоқталсақ, олардың қысқаша сипаты төмендегідей:

CREDIT SUISSE неліктен UBS банкінің иелігіне өтіп жатыр?

Credit Suisse акцияларының бағасы құлдырап, салымшылар қашып, күйреуге шақ қалды. Сондықтан Швейцария билігі UBS-ті оны өз иелігіне алуға итермеледі.

Credit Suisse жай ғана банк емес. Оның АҚШ-та жойылған SVB орта деңгейдегі банкінен айырмашылығы сол, бұл инвестицициялық компания жаһандық маңызы зор деп жіктелген 30 банктің қатарына кіреді. Сондықтан Credit Suisse құтқарылмаса, америкалық Lehman Brothers күйрегендегідей, әлемнің қаржы жүйесін үлкен қиындықтарға душар етуі мүмкін.

Credit Suisse-тің сәтсіздіктері SVB құлағанға дейін басталды. Дәлірек айтсақ, бұл банк Archegos жеке инвестициялық фирмасымен келісім жасап, 5,5 миллиард доллар шығынға ұшырап, тіпті тыңшылық жанжалдармен қоғам назарына іліккен.

АҚШ банктерінің сәтсіздіктері инвесторларды өзге банктердің қызметіне бұрынғыдай достықпен емес, үңіле қарауға мәжбүр етті. Сауд Арабиясының Ұлттық банкі ең ірі инвестор ретінде қосымша ақша салудан бас тартқаннан кейін Credit Suisse-тен инвесторлар мен салымшылар кетуге асығып отыр.

Жаһандық қаржы жүйесіне сенім қалпына келе ме?

Дәл қазір банктерге деген сенім сетінеп тұр. Экономистер, банк реттеушілері және қор нарығының сарапшылары болса, 2008 жылмен салыстырғанда, қазіргі банктердің жақсы күйде екенін және олардың қаржылық резервтерінің  шығындарға төтеп бере алатындай қалыңдағанын айтады.

Сонымен қатар, бұл жолы билік тезірек жауап берді. АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) пайыздық мөлшерлемелердің өсуі салдарынан шығынға ұшыраған банктерге несие ұсынды.

Жексенбіде, Азия нарықтары ашылар қарсаңда өзге де орталық банктер ФРЖ-ға қосылып, ақшаға мұқтаж кез келген банкке қыруар долларлық несие берді.

Швейцария басшылығы Credit Suisse-дің мүлде күйреуін қаламады. Өйткені 2008 жылы АҚШ үкіметі Lehman Brothers-тің құлдырауына жол бергенде, бүкіл қаржы жүйесін шығын мен қорқыныш шарпыды. Американың банктеріндегі қиындықтар 2007 жылы басталды. Ал, АҚШ Конгресі "Леман" күйрегеннен кейін екі апта өткенде ғана бұл салаға 700 миллиард долларлық төтенше экономикалық тұрақтандыру актісімен көмек берді. Бүгінгі шенеуніктер бұлай кешігуге болмайтынынан сабақ алғанын байқатып отыр.

"Ойланбастан және жылдам әрекет ету керек болды, ал қажет жағдайда, кейін талқылауға болатын моральдық қауіп пен құқықтық кедергілерді дөрекі түрде аттап өту қажет еді. Соның нәтижесінде нарық біршама тынышталғандай. Әрине, бұл дағдарыс аяқтала қойған жоқ. Дегенмен, оның өзгелерге тарау қабілеті әлсіреген тәрізді", - дейді ADM Investor Services International компаниясының бас экономисі және жаһандық стратегі Марк Оствальд.

Швейцария банктері үшін бұл не білдіреді?

Жаһандық қаржы дағдарысы кезінде дәл осылай UBS үкіметтің көмегіне мұқтаж болған еді. Енді сол күн Credit Suisse банкінің де басына туып отыр. Қазір UBS-тің алдында Credit Suisse-ті өзіне қосумен бірге оның проблемаларын шешу міндеті де тұр.

30 жыл бұрын бес ірі банкі болған Швейцарияда қазір жалғыз ғана алпауыт банк қалды.

"Мұның бәрі мемлекеттің қаржы жүйесіндегі кез келген проблемаларды еңсеруге зор міндетті екенін білдіреді", - дейді Цюрих университетінің экономика тарихы профессоры Тобиас Страуманн.

Жаһан экономикасына қалай әсер етеді?

Сарапшылардың пікірінше, нарықтар мен реттеушілердің қысымы енді банктердің жаңа несие алу қаупін азайтуы мүмкін. Соның нәтижесінде қаржы институттарының жаңа сатып алулар мен бизнесті несиелеу мүмкіндігі кемуі ықтимал.

Егер банктердің жағдайына байланысты несие қысқаратын болса, ФРЖ, Еуропа орталық банкі  және Англия банкі сияқты орталық банктер инфляциямен күреске бағытталған пайыздық мөлшерлемені көтеру қарқынын бәсеңдетуі ғажап емес.

Неліктен депозиттер маңызды?

Қаржы жүйесіндегі мазасыздық қор тапшылығына ұшыраған SVB-тің күйреуінен туындады. Клиенттер бұл банктің несие нарту ниетін естігеннен кейін, одан депозиттерін тез шешіп алды және қолма-қол ақшасыз қалған Американың 16-шы ірі банкі 10 наурызда күйреді.

Банктер әдетте депозиттерді басқа клиенттерге несие беру үшін және жобаларды инвестициялауға пайдаланады. Сондықтан депозиттер олардың операциялары үшін өте маңызды.

АҚШ үкіметі SVB клиенттерінің барлық депозиттеріне кепілдік беруге кіріскен шақта, жаһандық банктер клиенттердің қашуына дайындалып жатыр деуге болады.

Saxo Capital Markets мәлімдемесіне жүгінсек, кейбір жаһандық банктер депозиттер азаяды деген алаңдаушылықпен АҚШ долларын қарызға алу арқылы капиталын арттыруға күш салып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу