Cтуденттерге оқу ақысын төлеуге несие берілуі мүмкін

2495

Қарыз алушылар берешекті қаражат аударылған айдан кейін өтей бастайды.

Cтуденттерге оқу ақысын төлеуге несие берілуі мүмкін Фото: inbusiness.kz

Отандық университет пен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының студенттеріне оқу ақысын төлеу үшін несие берілуі мүмкін.

Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік білім беру кредитін беру және орналастыру қағидаларын бекіту туралы бұйрық жобасын әзірледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, еліміздің университеттерінде 592,7 мың адам білім алады. Оның ішінде 171,7 мыңы 2023-2024 оқу жылында қабылданған студенттер. Білім алушылардың жалпы санының 99,6%-ы күндізгі, ал 0,4 пайызы сырттай нысанда оқиды.

Статистикаға қарайтын болсақ, оқуға түскен суденттердің жалпы санынан 71,7%-ы жалпы орта білім базасында қабылданған.

Ашық НҚА порталында жарияланған құжатта көрсетілгендей, мемлекеттік білім беру несиесі білім алушыларға жоғары білім алуға ақы төлеу үшін бағытталады. Нысаналы несие 10 жыл мерзімге теңгемен беріледі.

Қағидаларда несиені игеру кезеңі қарыз алушының университетте оқу мерзімі деп көрсетілген. Оған сәйкес әрбір алдағы академиялық кезең (семестр) үшін осындай оқу ақысын ақы төлеу жүзеге асырылады. Мемлекеттік білім беру кредитін алу үшін үміткер ел аумағындағы университтерде не одан кейінгі жоғары білімнің білім беру бағдарламасы бойынша оқуы керек.

"Тұрақты табыс көзі бар, Қазақстанда кемінде бір еңбекке қабілетті азаматына кепілгерлік берушілер. Бұл өлшемшарт жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына жататын қарыз алушыларға қолданылмайды. Білім беру жинақтау салымы туралы тіркелген шарты немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында оқудың бүкіл кезеңі үшін білім беру қызметтерінің жалпы құнының кемінде 10 пайызы мөлшерінде жиынтық жинақтары бар білім беру жинақтау сақтандыру шарты болуы тиіс", – делінген талқыға ұсынылған құжатта.

Қарыз алушы қағидаларда көрсетілген тізімге сәйкес құжаттарын ұсынуы қажет. Осы тұста ескерер бір жайт, студенттерге нысаналы несие есебінен қолма-қол ақша беруге тыйым салынады. Білім алушы несие бойынша берешекті қаражат аударылған айдан кейін өтей бастайды.

Егер де студент ауруына не толық ақы төлеу үшін мемлекеттік білім гранты бойынша оқуға ауысуына байланысты оқуын мерзімінен бұрын тоқтататын болса, онда бұл туралы уәкілетті органдарды хабардар етуі қажет. Содан кейін несие шарттарына байланысты нысаналы несиені өтеу кестесі қайта қаралады. Ал қарыз алушы өзге себептер бойынша білім алуын жалғастырмаған кезде онда оқуды тоқтатқан күннен бастап, бір жыл ішінде оқу ақысына кеткен соманы қайтарады.

"Егер ол қайтыс болса, онда мемлекеттік білім беру несиесі бойынша талаптар тоқтатылады. Бұдан бөлек несие алушылар мерзімді әскери қызметке шақырылған жағдайда мемлекеттік білім беру кредитін өтеу қызмет өткеру кезеңіне, бірақ 2 жылдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады", – делінген құжатқа қоса берілген қағидаларда.

Осы тұста экономист Мақсат Халықтан Жоғары білім министрлігінің бастамасына қатысты пікірін білдік.

"Өз басым маман ретінде Қазақстанда несие алуға кеңес бермеймін. Өйткені дәл қазір несиелердің пайызы өте жоғары. Сондықтан ол елдегі инфляция және Ұлттық Банктің қойып отырған базалық пайыздық мөлшерлемесіне байланысты несие пайызы да өсіп отыратын жағдайлары бар. Қазір қарасаңыз, нарықта арзан несие жоқ. Сондықтан дәл қазіргі уақытта білім несиесін ұсынатын болса, өте тиімсіз несие болады деп есептеймін. Ал енді егер ақша-несие саясаты қалыпқа келіп, ертең базалық пайыздық мөлшерлеме түсетін болса, онда  төменірек пайызбен несие берілетін болса, мұндай нұсқаларды қарастыруға болады. Тағы бір айтатын негізгі мәселе бар. Білім үшін несие болса, ол өзін-өзі ақтайды. Білім үшін алынған қарыз ақша белгілі бір дәрежеде адами капиталға салынған инвестиция деп қарастыруға болады", – деді ол inbusiness.kz тілшісінің сауалына берген жауабында.

Бір қызығы, берешекті өтеу оқу орнын аяқтаған соң емес, қаражат түскен уақыттың келесі айынан басталады деп жазылған. Бұл қаншалықты дұрыс?

"Шынын айту керек, келесі айдан бастап төлеу керек болса, ол студент, өзі төлей ме? Ол білімге күш салып, оқуы керек. Ал ол уақытта жұмыс істеймін, несиені төлеуім керек деп жүрсе, қандай қиындыққа дұшар болады. Шынын айту керек, бүгінгі күннің өзінде көп студент өздерінің оқу ақысын төлеймін деп даяшы болады, жұмыс істейді, күзетке барып дегендей. Өзінің оқу ақшасын өзі төлеп жатқандар бар. Ал егер оларға сондай несие ретінде мүмкіндік берілсе, пайызы төмен болса бәлкім оны да қарастыруға болатын шығар", – деді сарапшы.

Мақсат Халық бұрын елімізде білім несиесі болғанын баса айтты. Алайда несиені беру шарттары басқа болған.

"Студент оқуды бітіргеннен кейін, жұмысқа тұрғаннан кейін төлеу мерзімі жалғастырылатын. Негізі дұрысы сондай білім несиесін енгізу керек деп ойлаймын. Оқимын, үйренемін деген балаларға білім несиесі болғаны дұрыс. Қандай жағдайда? 4 жыл бойы оқиды, кейін дипломын алады, жұмысқа тұрғаннан бастап қана несиесін төлеуге жол ашылады. Бізге осындай білім несиесі керек. Оның пайыздарына да қарау керек. Егер пайызы жоғары болса, ол білім несиесі ретінде өзін-өзі ақтамайды. Пайызы төмен білім несиесі болса, онда ойластыруға болады. Қоғамда мұндай мүмкіндіктердің болғаны дұрыс. Кей уақытта сол қаражаттың жетіспеушілігінен білім алмай қалатын дарынды, талапты балалар болады", – деп қорытындылады экономист Мақсат Халық.

Айта кету керек, тиісті құжатты ашық талқылау 26 қаңтарға дейін жалғасады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу