Халықаралық ғалымдар тобы – Со Ки-Вон, Доннель Рью, Джуён Ом, Тэвхан Чон, Джэ-Сын Ким, Кукхён Ём, Цзяньли Чен, Кларк Р.Уилсон біраз жыл жүргізген кең ауқымды зерттеу нәтижесінде қорқынышты қорытындыға келді. Тарихта алғаш рет, 1993 жылдан бері Жер 80 сантиметрге жуық қисайған. Бұған антропогендік факторлар ықпал етіпті.
Әсіресе, алып мұздықтардың еріп кетуі, жерасты суларының таусылуы әлемдік мұхиттың деңгейін көп көтерді. Ғалымдардың зерттеуі паш еткендей, сулардың әлемде бірдей таралмауы – бір бөлігінде көп, екіншісінде кем болуы ақыр соңында ғаламшардың айналу өсінің жылжуына соқтырды.
Зерттеу қорытындылары Geophysical Research Letters ғылыми басылымында жарияланды. Одан белгілі болғандай, зерттеушілердің халықаралық тобы ұзақ жылғы динамиканы зерделей келе, Жердің айналу өсі 1993 жылдан 2010 жыл аралығында шамамен 78,48 сантиметрге ығысқанын анықтады.
Мұның басты бір себебі ретінде адамдардың ауыл шаруашылығы жерлерін суару және ауызсуға пайдалану мақсатында жерасты суларын шектен тыс көп шығарып, астатөк тұтынуы аталды.
Климаттық модель негізін бағалауға сәйкес, 1993-2010 жылдар кезеңінде адамдар жерасты суларының 2 150 гигатоннасын шығындаған көрінеді.
Ғаламшарда алғашқы адамдар пайда болған 2,8 миллион жыл ішінде жерасты суларының осынша таусылуы бұрын-соңды ешқашан болмапты. Бұл әлемдік мұхит деңгейінің рекордтық 6,24 миллиметрге көтерілуіне серпін берген.
Зерттеудің жетекші авторы, Сеул ұлттық университетінің (Seoul National University) ғалымы, геофизик Со Ки Вонның (Seo Ki-Weon) түсіндіруінше, бүгінде басқа климаттық факторларға қарағанда, жерасты суларының түгесілуі полюстердің қозғалыс-дрейфіне ең үлкен ықпал етіп отыр.
"Түсінесіз бе, небәрі 18 жылда біз, адамдар жер астынан өте көп суды жер бетіне айдап шығарғанымыз сонша, бұл әрекетіміз Жердің қалыпты, дұрыс айналуына кедергі келтіре бастады. Ұғынықты болуы үшін мұны балалардың зырылдауық ойыншығымен салыстыруға болады. Ол шамамен 4,6 миллиардтай жыл бойы зырылдап айналып тұр, кенеттен адамдар оның бір жағына артық салмақ түсіріп, шайқалта бастады. Соңғы жылдары, соның ішінде 1993 жылдан 2010 жыл аралығында адамдардың жер астынан суды көп өндіріп, оны басқа өңірлерге көп бағыттауы салдарынан Жер бір жағына қарай 80 сантиметрдей "жантая" бастады", – деді ғалым Со Ки Вон.
Бұл зерттеуге тікелей қатыспаған, алайда 2016 жылы судың орнын ауыстырудың полюстерге әсерін анықтаған зерттеуші, Реактивті қозғалыс зертханасының ғылыми қызметкері Сурендра Адхикари аталған ғылыми ашылымның құндылығына назар аудартты.
Оның мәліметінше, жерасты суларын жер бетіне көтеру тек полюстердің қозғалысына ғана емес, сондай-ақ Жердегі климаттың өзгеруіне де ықпал етеді.
Сондай-ақ, жаһандағы мұхит деңгейінің көтерілуінің бір қайнары анықталды. Соның кесірінен, көптеген мемлекет пен қалаларға су астында қалу қаупі күшейе түседі.
"Судың планетамызда тең бөлінбеуі оның шайқалуына әсер етеді. Жер бұрынғыға қарағанда біршама басқаша айнала бастады. Шынында, Жердің айналу полюсі қатты өзгеріп жатыр. Бір жағынан, біз бұрын түсініксіздеу болып келген полюстердің жылжуының себептерін тапқанымызға қуандық. Екінші жағынан, әке ретінде, осы ғаламшардың тұрғыны ретінде мені бұл қатты алаңдатып отыр", – деп қамықты геофизик Ки-Вон Со.
Ғалымдар жерасты суларының таусылуымен бірге жер массасының өзгеруі Солтүстік Американың батыс бөлігінде және Үндістанның солтүстік-батысында ең көп тіркелгенін қаперге салды. Олар орташа ендіктерде орналасқан.
Ғалымдар Жер полюсінің айналысындағы өзгерістерді бақылау арқылы континенттерде қанша су қоры қалғанын және олардың қандай қарқынмен азайып бара жатқанын түсінуге болатынына назар аудартты.
Осы деректер арқылы бүкіл әлемдегі экологтар, сондай-ақ су ресурстарын басқаруға жауапты мемлекеттік құрылымдар жергілікті деңгейде қажетті іс-шараларды, бағдарламаларды әзірлей алады. Болашақтағы "тектоникалық" өзгерістерге қазірден дайындалуына мүмкіндік бар.
Мемлекеттер тізе қоса отырып, теңіз деңгейінің ары қарай көтерілуін тежейтін және басқа климаттық салдарларды жоятын жалпыәлемдік шаралар қабылдай алар еді.