Daewoo Bus Kazakhstan: 2016 жылы 1200 автобус шығаруды жоспарлап отырмыз

18858

Теңгенің құнсыздануы отандық зауыттардың сатылымы көлеміне әсер етті. Отандық зауыт бұдан шығудың жолын импорттық автокомпоненттерге тәуелділікті азайту мен шектеуді арттырудан қарастыруда. 

Daewoo Bus Kazakhstan: 2016 жылы 1200 автобус шығаруды жоспарлап отырмыз

"Daewoo Bus Kazakhstan" ЖШС бас директорының орынбасары Мұрат Ескендіров abctv.kz порталына автобустар нарығындағы жағдай мен кәсіпорынның жоспары жайында айтып берді.

- Компанияның қазіргі жағдайы қандай?

-  Біздің зауытымыз Қазақстандағы тұңғыш толық циклді автожинақтаушы кәсіпорын болып саналады. Зауыт тораптар мен агрегаттарды жинақтаумен ғана айналыспайды, сонымен қатар шанақтарды сырлау, дәнекерлеу, жинақтауды да жүргізеді. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 1200 автобусты құрайды. Кәсіпорынның шығарған өнімін ұлттық компаниялар, коммуналдық кәсіпорындар және республиканың барлық өңіріндегі мелекеттік органдар сатып алады. Ағымдағы жылда зауыт 317,5 млн. теңгеге 8 автобус шығарды. Автобустар Евро-4 стандарттарына сәйкес дайындалған дизельдік қозғалтқыштармен жабдықталған. Бұл автобустарды Өскемен қаласы қоғамдық көліктің көліктік компаниялары сатып алды. Алматы қаласының қоғамдық көлігіне газ қозғалтқыштармен жабдықталған және Евро-5 экологиялық стандарты бар жаңа 35 Daewoo автобусын өткіздік.

Сондай-ақ, Астана қаласы үшін де заманауи автобусты жеткізуге дайын екенімізді айтқым келеді. Бүгінгі күні жергілікті қамтудың үлесі 30-35%-ды құрап отыр. Жылдың соңына дейін тағы да 40 жолаушы автобусын шығару жоспарлануда. Алайда құнсызданудың салдарынан өнім бағасының айтарлықтай қымбаттауы байқалады, осыған сәйкес автобустың жоғары және орта класындағы негізгі модельдеріне сұраныс төмендеді. Өндірістік көрсеткіштің төмендеуін болдырмау және жұмыс орнын сақтап қалу мақсатында компанияның менеджменті биыл шағын класты автобус шығаруды іске қосу туралы шешім қабылданды. Маусым айында ресейлік "ГАЗ" ААҚ-пен Daewoo Bus Kazakhstan қуатында "ГАЗель NEXT" маркалы шағын автобус шығаруға лицензиялық келісім жасалды, алдағы уақытта модельдер қатарын оқушылар мен мүгедектерді тасымалдайтын арнайы автобуспен кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Өндіріс екінші жарты жылдықта іске қосылмақ. Жергілікті қамтудың үлесі бастапқы кезеңде 20% шамасында болады, кейіннен бұл көрсеткішті 50%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Жылдың соңына дейін шамамен 100 шағын автобус шығарамыз деп отырмыз. 2017 жылы қалалық тасымалдауға арналған екі есікті шағын класты автобус шығаруға лицензиялық келісім-шарт жасалады деп күтілуде. Компанияның жоспары бойынша, жылына 500-ге дейін шағын автобус шығару жолға қойылмақ. Жергілікті жинақталатын NEXT-тің басымдылығы оның бағасында, ресейлік ұқсас компанияларға қарағанда, оның бағасына ҚҚС, утилизациялық жинақ және кедендік баж салығы кіреді. Сонымен бірге, шағын автобус ұлттық валютаға сатылатын болады, яғни олардың ақырғы бағасы валюта нарығындағы ауытқуға тәуелді болмайды. Шығарылатын орта және жоғары класты Daewoo маркалы автобустың бағасын түсіру мақсатында компания осы жылдан бастап автобөлшектерді Қазақстан мен Ресейден сатып алмақшы. Бұл - отын бактары, жолаушылар отыратын орындықтар, шиналар, фильтрлер және  шуды тежегіш материалдар. Таяу арада Қырғызстаннан радиаторларды сатып алу да жоспарланып отыр. Өздеріңіз білетіндей, автобөлшектердің бағасы дайын өнімнің бағасын белгілеуде шешуші рөл атқарады. Сол себепті, бүгінгі таңда бірқатар бөлшекті жергілікті өндірісте  жасауға келіссөздер жүргізудеміз. Бұл жерде серіктес ретінде қазақстандық және ресейлік компаниялар қатысады.

-  Яғни, сіздер жарты жылда 43 қалалық автобус сатқан болдыңыздар ғой? Ал сонда қанша автобус шығарғансыздар?   

- Әзірге 300-ге жуық қана шығардық.

-  Қалғандарын не істейсіздер? Қай жерде сатпақшысыздар?

- Қазір бізде тендер болып жатыр. Астана қаласының ІІД, ІІМ, сонымен қатар Ұлттық ұлан мемлекеттік сатып алуды өткізетін болады, олар 20 автобусты сатып алуды жоспарлап отыр және тағы да 20 автобус сатып алмақ. ҰҚК шекаралық әскері де автобусты сатып алмақшы. Сондай-ақ, осылардан басқа 35 автобусты Алматы қаласы  және қалалық автобустардың партиясын Шымкент қаласы сатып алмақшы.

-  Шымкент газбен жүретін автобустарды сатып ала ма?

-  Иә. Жабдықты зауыттың өзі орнатады. Дизельдік отынмен және газбен жүретін автобустар бар.

-  Яғни, автобустың бағасына газ баллоны жабдығының бағасы қосылған ғой?

-  Иә. Олар стандартты 45 орындық автобусты сатып алады. Олардың ішінде бір есікті және екі есіктілері да бар.

-  Астана әкімдігіндегілер сіздердің автобусыңызды сатып алмаудың себебін қалай түсіндіреді? Олар IVECO автобустарын жақсы сатып алып жатыр ғой. Сіздердің автобустарыңыздың несі ұнамайды? Сыйымдылығы ма әлде жайлылығы ма немесе басқа да себебі бар ма?

-  Біз қазір осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Олар жайлылыққа қарауы мүмкін.

- Менің білуімше, Кореяда аса жайлы және сыйымдылығы жағынан жақсы автобус бар. Сондай автобусты жинақтау жоспарларыңызда жоқ па?

-  Әзіргі осы автобустарға маманданудамыз.

- Сіздердің стандартты автобусыңыздың бағасы қандай?

-  45 орынды автобустар шамамен 36 мың доллар болады. Бұл отыратын орындар. Сонымен қатар, 25 орынды қалалық автобустар бар, онда 40-қа жуық тұратын орын бар, сонда жалпы сыйымдылығы  шамамен 65 адам.

- Қоймада қанша автобус бар?

- Қазір қоймада шамамен 100 шақты автобус бар, бірақ олардың барлығына келісім-шарт жасалып қойған. Бізде тағы да келісім-шарттар бар, толымдаушыларға төлем жасаймыз, олардың көбісін Кореядан әкеледі, жылдың соңына дейінгі әкелетіндердің  барлығын жоспарлап қойғанбыз.

- Биыл қанша автобус шығаруды жоспарлап отырсыздар?

- 1200 автобус жоспарлап отырмыз. Сату жоспарымыз да соншама болмақшы.

- Мұның барлығы Қазақстанда ма?

- Әзірге барлығы Қазақстанда ғана.

- Тендерлерден басқа жекелеген компаниялар да сіздердің автобусыңызды алып жатыр ма?

- Иә. Жекелеген автопарктер де сатып алады.

- Теңгенің құнсыздануына байланысты барлық өнімді елде шығару бағытында не істеп жатырсыздар?

- Жергілікті өнімді арттыруға тырысып жатырмыз. Қазір газ жабдықтарын өзіміз орнататын боламыз. Сонымен қатар, бағаның да осы деңгейде сақталып қалуына күш саламыз. Қазір автобус бойынша өзіндік өнім 30-35%, ал шағын автобус бойынша - 20%.  Дәнекерлеу, сырлау, жинақтау - барлығы 30-35%-дың ішіне кіреді. Шанақ металының барлығы Кореядан келеді. Жалпы жергілікті өнімнің үлесін  50%-ға дейін жеткізуге тырысамыз.

- "ГАЗ" компаниясымен ынтымақтастыққа қатысты не айтуға болады? Сіздер тек шағын автобус жинақтайсыздар ма әлде бұл бірлескен кәсіпорын бола ма?

- Жоқ, біз тек жинақтаймыз. Шағын автобус жинақтауды биыл бастамақпыз. Жылдың соңына дейін 100 шағын автобус шығаруды жоспарлап отырмыз.

- Жүк машиналарын жинақтауды жоспарламайсыздар ма?

-  Жүк машиналарын жинақтауды да жоспарда бар. Сонымен қатар, "УАЗ" машиналарын да жинақтау ойда бар, бірақ мұның барлығы келесі жылдың еншісінде және мұның барлығы жұмыс істеп жатқан цехтарда істелмек.

- Қанша УАЗик шығармақшысыздар?

- Әзірге білмейміз.

- Келесі жылы қанша автобус жоспарлап отырсыздар?

- Зауыттың жалпы қуаты жылына 1200 автобус шығаруға жетеді, сол 1200 автобус шығаруды жоспарлап отырмыз.

- Кеңею жоспарларыңызда жоқ па?

-Әзірге ондай ойымыз жоқ.

- Ал "ГАЗель" бойынша?

 - "ГАЗель" машиналарының санын жылына 500-ге дейін арттыратын боламыз.

- Қазақстанда жыл сайынғы "ГАЗель" бойынша нарық қалай жұмыс істеуде?

- Нарықтың қаншалықты жұмыс жасап жатқан айту қиындау, бірақ олар "Вираж" компаниясы арқылы жақсы сатылуда.

- Қытаймен ынтымақтастыққа қатысты айтатын болсақ, FAW сияқты шағын жүк машиналарын шығаруды жоспарламайсыздар ма?

- Біздің "СемАЗ" зауытында Қытайдың 25 тонналық Shacman жүк машиналарын жинау іске асуда. Сонымен қатар, ресейлік "Урал" компаниясымен арадағы келісім-шарт бойынша оның барлық моделін шығарамыз. Сондай-ақ, МТЗ Минск автотрактор зауытымен жасалған келісім негізінде техника шығарамыз.

- Shacman жүк машинасы бойынша жергілікті өнімнің үлесі қандай?

- Шамамен  25%. Кабиналарды, жиектемелерді өзіміз жасаймыз деп жоспарлап отырмыз. Шанақты да өзіміз жасамақшымыз.

- Биылғы жылы Shacman бойынша сату жоспары қандай?

- Шамамен 700-800-ге жуық Shacman машинасын шығаруды жоспарлап отырмыз. Бірінші жарты жылдықта шамамен 350-ін шығардық.

- Былтыр оларды көп шығардыңыздар ма?

- Былтыр олар көп шығарылды. Қазір дағдарыстың әсері сезілуде. Shacman бойынша шамамен 800 жүк машинасы шығарылып, оның 600-ге жуығы сатылды. Сатылмай қалғаны шамалы.

- Ал автобус бойынша көрсеткіш қалай?

-  1200 автобус шығарып, оның 800-ге жуығын саттық.

- Яғни, биыл сатылымға 400 автобус қалды ма?

- Иә.

- Сол себепті, биыл автобустарды жинау төмендеді ғой?

- Иә.

- МТЗ тракторлары бойынша көрсеткіш қандай?

- Былтыр 1500 трактор шығарып, шамамен 1300 тракторды саттық.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу