Дағыстан неге көтерілді?

4389

Лаңшылдар екі шіркеуге, екі синагогаға және полиция бекетіне шабуыл жасаған.

Дағыстан неге көтерілді? Фото: Бейнежазбадан

Ресейлік күш құрылымдарымен атыс арагідік, әр жерде жалғасуда.

Ресей федерациясының құрамындағы "Тау елі" (даг – түркі тілінде тау, стан – иран тілінен ел дегенді білдіреді) Дағыстан кейінгі жылдары тынышы кеткен, тұрақтылығы шайқалған өңірге айналды. Ресейлік сарапшылар мұның бір себебін – Дағыстанның 2022 жылдан бері соғысқа ең көп жігіт аттандырған, тиісінше, содан ең көп зардап шеккен республикалардың бірі болуынан да іздеп жатыр.

Басылымдарының хабарлауынша, федералдық билік соңғы жылдары республикадағы күш құрылымдарының құрамын күрт арттырды. Көшеде көп адамның жиналуына бейресми тыйым салынған көрінеді.

Болған оқиғаға тоқталсақ. Дағыстандық Дербент және Махачкала секілді ірі қалаларында белгісіз адамдар екі православ храмына, еврейлердің екі синагогасына, жол-патрулдік қызмет бекетіне және машинасына шабуыл жасады. Бұл туралы Ұлттық антитеррористік комитет мәлімдеді.

Дербент қаласындағы атыс кезінде алған жарақатынан "Дагестанские Огни" полиция бөлімінің басшысы жантәсілім етті.

Астана уақытымен таңғы беске қарай, Дағыстан басшысы Сергей Мелихов жаңа деректерді жариялады. Оның айтуынша, Дағыстанда 15-тен көп полиция қаза тапты. 6 содыр жойылды.

"Дағыстанға шабуыл салдарынан құқық қорғау органдарының 15-тен көп қызметкері, бірнеше азаматтық адам қаза тапты", – деді Мелихов.

Дербенттегі шіркеуде 66 жасар поп Николай Котельников өлтірілген.

Зардап шеккен адамдардың саны 20-дан асып кетті.

Дағыстанның мүфтийі Ахмад-Афанди Абдулаев бұл шабуылдарды айыптады және "болып жатқан сорақы оқиғалар қатыгездігімен, адамгершілікке жаттығымен шошынтатынын" айтты.

"Мұсылмандар ешқашан бейкүнә және қарусыз адамдарға қатысты агрессия танытпайды. Өз ғибадатханаларында сиынып жатқандардың қанын төгу – Исламға мүлдем жат, ессіздіктің қанқұйлы актісі! Шіркеулерде ғибадаттар басталатын күндері шабуылдар жасау Кавказдың басқа да храмдарында, бұрындары да орын алған. Радикалдар бізді бір-бірімізге айдап салып, дінаралық көпірлерді өртеуді қалайды. Бірақ бұл олардың қолынан келмейді. Біз байырғыдан бейбітшілік дәстүрін берік сақтап келдік және мұсылмандардың басқа конфессиялар өкілдеріне бұлай шабуылдауы болған емес және болмайды", – деді Мүфтий Ахмад-Афанди Абдулаев.

Ол дағыстандықтардың бабаларының бірі имам, шейх Шәміл кезінде орыс солдаттарына арнап шіркеу салып бергенін, өз ғұмырында оның бірде бір шіркеуді немесе синагоганы өртемегенін еске салды.

Ресейлік ақпарат құралдарының мәліметінше, алдымен, кеше кешке Дербент қаласындағы православ храмында және синагогада атыс болып жатқаны туралы хабар тарады. Содырлардың бір тобының ақ түсті Volkswagen Polo-ны айдап жүргені жарияланды. Олар дағыстандық шіркеуде қырық жылдан астам қызмет еткен протоиерей Николай Котельниковті өлтіріп кеткен.

Ізінше, Дағыстанның астанасы, үш миллиондай тұрғыны бар Махачкалада шабуылдардың басталғаны туралы ақпарат түсті. Онда белгісіз біреулер Ермошкин көшесінде полиция бекетіне оқ жаудырған.

Израильдің сыртқы істер министрлігі Дербенттегі синагога өртелгенін, оны қорғаған жергілікті екі күзетшінің өлтірілгенін мәлім етті.

"Израиль СІМ-інің қолындағы деректер бойынша Дербенттегі синагогаға шапқыншылық барысында ол өртелген. Жергілікті екі күзетші өлтірілді. Махачкаланың синагогасына оқ жаудырылған, басқа деректер жоқ. Сондай-ақ шіркеуге шабуыл жасалған, священник өлтірілді. Белгілі болғанындай, шабуыл кезінде синагогаларда жамағат болмаған, жергілікті еврей қауымы арасында қандай да бір құрбанның бары туралы хабарланбады. Израильдің Мәскеудегі елшілігі республикадағы еврей қауымымен байланыста", – деп мәлімет таратты өткен түнде Израиль сыртқы саясат ведомствосы.

Күш құрылымдары содырларды іздеу барысында, кешқұрым жергілікті "Березка" қалалық жағажайында демалып жатқан екі тұрғынды тұтқындап әкетті. Ресейлік ақпарат құралдары олардың "атысқа қатысты деген күдікке іліккенін" асыға хабарлады.

Республикалық Ішкі істер министрлігі тағы төрт содырдың атып тасталғанын баяндады. "Интерфакс" жазуынша, "содыр" деп өлтірілген төрт адамның үшеуі – Дағыстанның Сергокала ауданының басшысы Магомед Омаровтың екі ұлы және ағайыны болып шықты. Baza порталы: "Махачкалаға шабуылға Осман және Әділ Омаровтар қатысты" деп жариялап та жіберді.

Осыдан кейін күш құрылымдары Омаровтың шаңырағына басып кіріп, аудан басшысын тұтқындап әкеткен. РБК құқық қорғау органдарындағы төл дереккөздеріне сілтеме жасап, аудан басшысын Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФҚҚ) өзі тергеуге алып жатқанын хабарлады. "112" порталының мәліметінше, соның қарсаңында Омаров отставкаға кету туралы өтініш жазыпты. Журналист Дмитрий Колезевтің дерегінше, оқиғаға қатысты ақпар тарай салысымен, "Единая Россия" Магомед Омаровты партия қатарынан шығара салды.

Мәскеу кеше Дағыстанда "контртеррористік операция режимін" енгізді. Өңірге қосымша күштер тартылды. Ел астанасы Махачкаланың кіреберісіне тегіс блокбекеттер орнатылып, адамдардың кіруіне және шығуына тыйым салынды.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, қос қалада түн  ішінде де содырлар мен күш құрылымдары арасында атыстар жалғасқан. Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде полицияның көшеде жүрген барлық көлікті тоқтатып, қатаң тінту ұйымдастырғанын жазды.

"Газеты.ру" дерегінше, Дербент қаласы да карантинге жабылып, кіру-шығу блокбекеттермен доғарылды. Дегенмен, таңға жуық контртеррористік операцияның негізгі бөлігі аяқталғаны хабарланды.

РФ тергеу комитеті ресейлік Қылмыстық кодекстің 205-ші "теракт" бабы бойынша қылмыстық істер қозғап жатыр. Тергеу комитетінің Дағыстан бойынша тергеу басқармасының басшылығы, тергеушілер және криминалистер Дербентке жол тартқан.

Ақпарат құралдары ФҚҚ-ның Терроризммен күрес және конституциялық құрылымды қорғау қызметінің жасақтары да республикаға суыт аттанғанын жеткізді. Бұл да біраз жайттан хабар береді.

Дағыстанда ұялы байланыс пен интернетте үзілістер пайда болды. Қалалардың орталық бөлігі электрден ажыратылды. "Интерфакс" қала көшелеріне әскери техника енгенін жазды. Шаһарлардың үстінен әскери тікұшақтар айнала ұшып, төмендегі жағдайды қырағы бақылады. Тиісті видео әлеуметтік желіге салынған.

Дербентте түнге қарай содырлардың бір тобы ғимараттардың бірінде бұғатталған. Артынша күш құрылымдары оны шабуылдады.  

Бұдан бөлек, Дағыстанның ІІМ-і Сергокала ауылының орталық алаңында әлдекімдер полиция машинасына оқ жаудырғанын да жариялады. Бір адам жараланған.  

РБК жергілікті күш құрылымдарына сілтеме жасап, шабуыл жасаушылардың халықаралық лаңкестік ұйымдарға қатысы тексеріліп жатқанын жазды. Мұндай болжам "шабуылдаушылардың сыртқы кейпіне, ұрандарына, қимылдау тәсілдеріне қарап", жасалған екен. Басылымға сұхбатында анонимді дереккөзі шабуылдаушылардың бірнешеуі ІІМ базасында ваххабиттік ортамен байланысты тұлғалар ретінде тіркелгенін айтыпты. Бірақ барлығы да Дағыстан тұрғындары.

Қорыта айтқанда, сарапшылар Дағыстандағы ахуал тұрақтанды деп айтуға ерте дейді. Дәл осы кезде Ресей мен Абхазияның шекарасында да атыс болды. Псоу өзені жанындағы шекаралық бақылау-өткізу бекетінде болған атыстан бір адам қаза тапқан, үшеуі жараланған.

Белгілі болғанындай, 23 маусымның кешінде, православтар Тройца мерекесін атап өтіп жатқанда, Дербенттегі Покровский шіркеуіне жасалған лаңкестік шабуыл салдарынан 66 жасар протоиерей Николай Котельников мен храмның күзетшісі Михаил мерт болған.

Дағыстанның қоғамдық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Шамиль Хадулаевтың айтуынша, діндар қасақана өлтірілген. Оны бауыздап кеткен. Газды тапаншамен ғана қаруланған күзетшіні атып тастапты. Осыдан кейін Покровский шіркеуіне өрт қойған. Өрт ұзақ сөндірілмеген. Бұл – Дербенттегі жалғыз шіркеу көрінеді.

Өйткені КСРО құлағаннан кейін этникалық орыстар осынау тарихи қаладан жаппай көшіп кете бастады. Бүгінде ресми деректер бойынша 125 мың халқы бар Дербенттегі орыстардың үлесі 3%-дан да аз.

Шабуылға ұшыраған тағы бір объект – еврейлердің "Келе-нумаз" синагогасы шіркеудің іргесінде, көрші көшеде, 500 метр қашықтықта ғана орналасқан. Орналасып еді деуге болады: ХХ ғасырдың басында тұрғызылған ғимарат, таулық еврейлердің рухани өмірінің орталығы саналған синагога таңға дейін, түгі қалмай, тып-типыл жанып кетті.

"Новая газета" осылайша, тарихы терең Дербент қаласында енді тек мешіттер қалғанына назар аудартты.

Сонымен қатар, Махачкаладағы Успен кафедральды соборындағы ахуал да күрделенді. Оның айналасында атыс болған, өрт тұтанған. Үлкен шіркеудің 19 қызметкері мен жамағаты есікті іштен жауып алып, тығылған екен. Алдын ала дерек бойынша оларды құқық қорғау органдарының қызметкерлері шығарып ала алған.

Өз кезегінде, Bloomberg соғыс салдарынан жалғыз Дағыстанда ғана емес, Ресейдің басқа да аймақтарында қылмыс күрт өршігенін қаперге салды. Украинаға қарсы майданға ағылған есепсіз қару-жарақтың үлкен бір бөлігі алғы шепке жетпей, кері қайтып, қара нарықта еркін сатылатын көрінеді. Ресейлік журналистер Украинамен шектес ресейлік облыстарда ресейлік солдаттардың қаражаты болмағанда, тауарды қаруға, гранатаға айырбастайтынын анықтады.

Соғыстан кейін болатын қылмыстық дүмпу Ресейдің ЖІӨ-сін 0,2– 0,6%-ға дейін құлдыратады. Құлдырау ауқымы Украинаға қарсы әскери қимылдардың қаншаға ұзайтынына байланысты.

Bloomberg Ресейде бүгінде зорлау қылмыстары күрт өскеніне назар аудартты. Адам зорлағаны үшін ұсталғандар, сотталғандар, тіпті кәнігі маньяктар "қылмысын қанмен жуу" үшін соғысқа аттанып, енді Ресейге оралып жатыр.

РФ Жоғарғы сотының мәліметінше, әскери қызметшілер жасаған қылмыстар 20% ұлғайды. Соның аясында солтүстік көршіде адам зорлау, педофилия, тонау, есірткімен байланысты қылмыстар саны қарқынды өсіп барады. Bloomberg сот деректеріне жүгініп, Ресейде балаларды зорлау қылмыстарының саны соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда 62% көбейгенін хабарлады.

Іргедегі көршіден тыныштық кеткенде, Қазақстан қамсыз отырмай, іргесін қымтап, қауіпсіздікті нығайту шараларын күшейте түссе, жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу