Дәліздерді қызыл лентамен бөлеміз – мектеп директоры

14550

Жекеменшік білім беру мекемесіндегі санитарлық тазалықты сақтау алгоритмі айтылды.  

Дәліздерді қызыл лентамен бөлеміз – мектеп директоры

Жекеменшік балабақшалар, мектептер және қосымша білім беру орталықтарының өкілдері Білім және ғылым министрлігі мен "Атамекен" ҰКП басшылығынан жаңа оқу жылын бұрынғыдай, дәстүрлі түрде бастауға ықпал етуді сұрады.

Осы орайда білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мен "Атамекен" ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев жекеменшік білім беру секторы өкілдерімен онлайн кездесу өткізіп, мәселені талқыға салды. Білім беру мекемелері басшыларының сөзінше, бұл сала балаларды офлайн оқытуға дайын.

Динара Нұрғалиқызы жекеменшік мектептерде санитарлық тазалықты сақтаудың алгоритмін айтып берді.

"Бірінші кезекте балаларды мектепке кіре берісте күтіп алып, әрқайсысының дене температурасын, тамағын тексереміз. Қолын тазартқаннан кейін аяқ киімін ауыстырады. Сыныпта әр баланың өз партасы мен орындығы бар. Оқушылардың ара-қашықтығы сақталады. Үзіліске шығу қоңырауы жоғары сыныпта оқитындар мен төменгі сыныптағылар үшін бөлек соғылады. Балалар бір жерге жиналмауы үшін дәліздер қызыл лентамен бөлінеді. Балаларды шағын топтарға бөліп оқытамыз. Үзіліс сайын парталарды тазартамыз. Мектепте негізгі 3-4 сабақ өтеді. Қалғаны қашықтан оқытылады", – деп түсіндірді педагог.

Әріптесінің сөзін қолдаған Алматы қаласындағы "Мирас" мектебінің директоры Ирина Власянц жекеменшік мектептерде балаларға қауіпсіз жағдай жасауға жетерлік ресурс бар екенін айтты.

"Ғимаратты дезинфекциялауға, оқушылар мен қызметкерлерге жеке қорғаныс құралдарын алуға мүмкіндік бар. Сабақ кестесін онлайн режимде және шағын топтарда офлайн оқи алатындай, қолайлы етіп әзірлейміз. Бұл үшін мектепте барлық қажетті ресурс бар", – деді "Мирас" мектебінің директоры.

Басқосуға қатысқан жекеменшік балабақша, мектеп және қосымша білім беру орталықтары өкілдері білім беру үдерісі кезінде барлық санитарлық нормаларды сақтай алатындарын және ел азаматтары балаларын онлайн немесе дәстүрлі түрде оқыту тұрғысында таңдауы болуы қажет екенін алға тартты.

Вице-министрі Шолпан Каринова елдегі эпидемиологиялық жағдай қазір қиын екенін айтты. Дегенмен мәселені ары қарай көтеруге уәде берді.

"Біз биылғы оқу жылын дәстүрлі түрде бастауды қарастырған едік. Қазір елдегі жағдай қиын екенін көріп отырсыздар. Денсаулық сақтау министрлігі ауру жұғу ұжымдарда жиі болатынын айтуда. Адамдар көп жиналатын жерде індеттің таралу тәуекелі бар. Дегенмен сіздерді қолдап, мәселені талқылауға шығарамыз", – деді Шолпан Каринова.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу