Дамир Рысбаев хоккей лигасына оралды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3709

Төбелестің көкесі енді болатын шығар.

Дамир Рысбаев хоккей лигасына оралды

Былтыр тамыз айының басында шайбалы хоккейден "Президент кубогы" додасы өтіп, оған Қытайдың "Куньлунь" клубы да келген. Қызық болғанда, Астанада өткен дәстүрлі халықаралық турнирдің қарсаңында "Барыс" пен көрші елдің "Қызыл жұлдыздары" жолдастық кездесу өткізді. Осы ойынның барысында "Барыстың" ең үздік хоккейшілерінің бірі Дастин Бойд ауыр жарақат алып, қатардан шығып қалды.

Қонақтардың бұл дөрекілігіне "Барыс" хоккейшілері кешіріммен қарай алмаған. Сол ойын қып-қызыл төбелеске ұласты. Бірақ Дамир жоқ болатын. Үш күннен кейін екі команда қайта кездесті. Бұл жолы – "Президент кубогы" турнирі аясында. "Барыстың" сол кездегі бас бапкері ойын хаттамасына шойын жұдырықты Дамир Рысбаевты қосты.

Дамир айдынға шыға салып, Қытай клубының ойыншыларына қырғидай тиді. Бірінен соң бірін көк мұздың үстіне домалатып, зәрелерін алды. Айдында жүрген "Куньлунь" хоккейшілерінің бірде-біреуі Дамирге қарсы келмей, мұз үстіне бүркеніп, жата кетумен болды. Үрейлері ұшып кеткен.

Содан Дамир зыр қағып, "Куньлунь" ойыншылары отырған орындықтың тұсына барып, мұзайдын жақтауының ар жағындағы Қытай хоккейшілеріне тап берді. Төрешілер әзер айырып алған. Кейіннен осы команданың шетелдік ойыншылары тізелері дірілдеп, зәрелері ұшқанын тілге тиек етті.

Бірақ бұл төбелестің арты жақсылыққа апармады. Құрлықтық хоккей лигасының басшылары Дамир Рысбаевты өздерінің додаларынан аластатты. Ойнатпай қойды. Дамир осылай "Барыс" сапында өнер көрсете алмады. Тіпті халықаралық додаларға қатыстырылмады.

Содан бері бір жыл өтті. Дамир ҚХЛ-ды, көрермендер мен жанкүйерлер Дамирді сағынды. Құрлықтық хоккей лигасында төбелес күрт азайды. Әрі Дамирдің төбелестеріндей емес. Рысбаев өзгелер сияқты алысып, жұлыспайды ғой. Ол балғадай жұдырығымен ұрады. Көбісін жалп еткізеді. Өзінен үлкен, алыптармен де айқасады.

Орыстың әйгілі тафгайлары Александр Свитов және Евгений Артюхин сынды дәулерімен де төбелескен. Есесін жіберген жоқ болатын. Бұдан кейін Құрлықтық хоккей лигасындағы төбелеске бейім хоккейшілердің көбісі Дамирден сескеніп, ығып жүретін.

Жақында Құрлықтық хоккей лигасының тәртіптік палатасы Дамир Рысбаевқа Жоғары хоккей лигасында бір ай сынақтан өтуге рұқсат берді. Егер бір айда тәртібі жақсы болса, онда Құрлықтық хоккей лигасында ойнауына да рұқсат беріледі екен. Соған қарағанда, ҚХЛ басшыларының өздері төбелесті сағынған сияқты.

Төбелестің немесе Дамирдің олар үшін "пайдасы"... қақтығыс болатын ойындарға көрермендер көп келеді. Бүкіл телеарна жарыса көрсетеді. Сайттар мен газеттер қалыспай жазады. ҚХЛ-дың аты шығады. Таптырмас жарнама!

Негізі  Дамир өздігінен ешкімге бірінші болып тиіспейді. Ол Қазақстан клубтарының ойыншыларына тиіскендердің сазайын береді. Ондайларды аямайды. "Қойын кітапшасына" түртіп жүреді. Өздері соқтыққандарды жазалайды. Былтырдан бері ол тек Қазақстан чемпионатында өнер көрсетті. Бір төрешінің мұзайдын жақтауынан итеріп қалып, шалқасынан түсіргені болмаса, төбелескен жоқ...

Сонымен Дамир бір ай Өскеменнің "Торпедосында" ойнайтын болды. Енді шайбалы хоккей жанкүйерлерінің көбісі осы команданың ойындарын аңдып, қалт жібермей отырады. Оған шүбә келтірмейміз. Бірақ Рысбаевтың ЖХЛ-да төбелеспеуі де мүмкін. Оның ҚХЛ-да ойнағысы келеді.

Айтпақшы Ресейде бір-екі жас жігіт бой көтеріп келе жатқан сияқты. Сүйектері өсіп, денелері толысқандай. Қайсыбіреуі Дамирмен кездескісі келетінін де былтырдан бері айтып жүр. Кім біледі, бәлкім солардың Рысбаевты мұзайдында жекпе-жекке шақыруы да мүмкін шығар.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу