Ол АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен UFC Fight Night 188 турнирінде бразилиялық Рафаэль Альвеспен жекпе-жекке шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Дамир осы жолғы жеңісіне қиындықпен жетті. Біріншіден, ол жарақатына байланысты 2019 жылғы тамыздан бері октагонға шыққан жоқ. Екі жылдық үзіліс спортшының өзіне деген сеніміне селкеу салды.
Екіншіден, оның жекпе-жегінің күні мен өтетін орны ауысты. Дамир осыдан бір апта бұрын Техаста төбелесуге тиіс болатын.
Үшіншіден, жекпе-жек алдында "трештогинг" жасаған бразилиялық спортшы Дамирдың психологиялық көңіл-күйіне кері әсер етті.
Рафаэль Альвес әлеуметтік желіге тышқан аулап жатқан адамдардың видеосын жүктеп, Қазақстан мен Бразилияның туы бейнеленген эмодзи орнатты. Осыған шамданған Дамир Смағұлов: "Менің ойымша, ол мұны бассыздықтан жасады. Шынымды айтсам, мен оны ақымақ санаймын. Неге? Тілдегісі, ренжіткісі келсе, барлығын маған бағыттасын. Менің халқымда несі бар? Кейін ол маған хат жазып, кешірім сұрады. Мен бұған дейін де бразилиялық спортшылармен кездескенмін. Салмақ өлшеуде олар маған сес көрсететін, ал лифтіде құшақтауға дайын тұратын. Бұл – спорт. Көрсете алатыныңды торда көрсет. Біз дос та, жау да емеспіз, қарсылас қанамыз. Мен өз міндетімді орындаймын. Оны бөлшектеймін", – деді.
Дамир салмақ өлшеуден кейінгі көз арбасу рәсімінен соң қарсыласының қолын алмады.
Төртіншіден, қандасымыз жекпе-жектің алғашқы секундтарында нокдаунға түсті. Қарсылас ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланғысы келді. Дамир бұған жол берген жоқ. Ол өзі айтқандай қарсыласын "бөлшектеп" тастады.
Кәсіби мансабында 20-шы, UFC-де 4-ші рет жеңіс тұғырына көтерілген спортшы 2014 жылдан бері түрлі турнирлерде жекпе-жекке 70 келі салмақ дәрежесінде шығып жүр.
Ол UFC-де осыған дейін бразилиялық Тьяго Мойзестен, испандық Хоэля Альварестан, австралиялық Алекса Горджестен басым болды.
Ерекше атап көрсетерлігі, Дамир Смағұлов октагонға Қазақстан мен Ресей туын қатар алып шығады.
UFC-де ең алғаш рет 2018 жылғы желтоқсанда өнер көрсеткен спортшы биыл
наурыз айында тағы 4 жекпе-жек өткізу туралы келісімшартқа қол қойды.
Бразилиялық Рафаэль Альвестің "сазайын тарттырған" қандасымыз жеңісті сәтінде: "Аллаға шүкір, жеңіске жеттік. Тірімін, саумын. Қолдағандарыңыз үшін рахмет. Лайықты команда, лайықты жеңіс. Жеңістеріңізбен!" – деді.
Қанат Махамбет
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !