Дамудың жаңа траекториясы халықтың өмір сүру сапасын жақсартады – министр

3204

Еліміздің 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірінші деңгейлі құжаты болып табылады. 

Дамудың жаңа траекториясы халықтың өмір сүру сапасын жақсартады – министр

Аталмыш құжат Қазақстанның 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді стратегиясы мен  жалпыұлттық даму жоспарын жүзеге асыру мақсатында әзірленді. 

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары коронадағдарысқа қарсы шара қолдану арқылы тұрақты және инклюзивті экономика қалыптастыруды көздейді. 2018 жылы қабылданған 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары елімізді жаңғырту үдерісін іске қосты. Алайда пандемия жаһандық экономиканы әлсіретіп, әлем елдерінің даму сценарийін түбегейлі өзгертті", – деді Әсет Ерғалиев.

Министрдің мәлімдеуінше, жаһандық жалпы ішкі өнім 3,5%-ға қысқарды. Әлем бойынша мұнай нарығындағы баға құбылды. Ал тауар нарығы тығырыққа тірелді. 

"Сауда нарығында жаңа тәртіп, жаңа талап орнады. Виртуалды байланыс басымдыққа ие болды. Цифрлы технология алға озды. Еңбек нарығының сұранысы басқа арнаға бұрылды. Білім моделі түрленді. Азық-түлік қауіпсіздігінің өзектілігі артты. Денсаулық сақтау саласын түбегейлі жаңғырту қажеттігі туды", – деді ол. 

Әсет Ерғалиевтің айтуынша, 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары өсу мен өркендеудің жаңа моделін қалыптастырады. Оның ішінде мемлекеттің игілігін әділ бөлу, жеке кәсіпкерлердің қоғамдағы рөлін  арттыру, бәсекегеқабілетті адал қоғам құру, өнімділікті ұлғайту, адам капиталын дамыту сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау сынды маңызды бағыттарға басымдық беріледі. 

"Дамудың жаңа траекториясы халықтың өмір сүру сапасын жақсартады және  табысының нақты өсімін қамтамасыз етеді", – деді министр.  

Әсет Ерғалиевтің сөзінше, Қазақстан мемлекеттік басқарудың "азаматтарға бағдарланған" моделіне көшуді жүзеге асырып жатыр. 

"Мемлекеттік жоспарлау, бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік қызмет,  цифрландыру сияқты мемлекеттік басқарудың негізгі жүйелерін қарастыра отырып, біз мемлекеттік органдарды жаңа экономикалық жаһандық трендтерге бағыттадық. Бұл үшін мемлекеттік органдарды жаңа сын-қатерлерге қарсы шара қолданудың тиімді тетіктерін іске қосуға міндеттедік. 

Біз мемлекеттік басқарудың түбір жүйесін трансформациялау қажет деген қорытындыға келдік және осы бастаманы жүзеге асырып жатырмыз", – деді Әсет Ерғалиев

Қанат Махамбет 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу