"Дамуында "ерекшелігі" бар балалардың аналарына әлеуметтік қызметкер мәртебесін беру қажет"

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3463

Қазақстан әйелдерін не толғандырады? Олар қандай мәселелерді шеше алмай жүр? Әйелдерді әлеуметтің осал тобынан шығару үшін қайтпек  керек? 

"Дамуында "ерекшелігі" бар балалардың аналарына әлеуметтік қызметкер мәртебесін беру қажет"

Осы және басқа да сұрақтарға "Қазақстан әйелдер күштері альянсы" төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша "Әйелдер күштері альянсының" төрағасы Назгүл Мақжан жауап берді.

"Барлық бақытты отбасы бірдей бақытты, әр бақытсыз отбасы өзінше бақытсыз". Бұл – атақты жазушы Лев Толстойдың сөзі. Меніңше осыдан асырып айту мүмкін емес. Елімізде отбасымен бірге тұрғын үй тауқыметін тартып, көрінген үйдің босағасын жағалап жүрген әйелдер жоқ емес, бар. Олардың табысы немесе мемлекеттен ақшалай алатын атаулы әлеуметтік көмегі баспана жалдаудан аспайды. Көп жағдайда үй иелері көпбалалы отбасыларға, баласын жалғыз тәрбиелеп отырған немесе мүгедек балалары бар әйелдерге пәтерлерін жалға беруден бас тартады. Салдарынан алғашқылары жертөлелерді, саяжайларды немесе үй деп айтуға келмейтін үй-жайларды мекендейді. Олар құқықтық сауатсыздық немесе төлем қабілетінің жеткіліксіздігі салдарынан тұрғын үй алуға қатысты мемлекеттік бағдарламаларға да қатыса алмайды", – деді "Қазақстан әйелдер күштері альянсы" төрағасының орынбасары.

Оның сөзінше, Қазақстан әйелдерінің арасында денсаулығына атүсті қарайтындар, медициналық көмекке жүгінбейтіндер, ауылдан қалаға көшіп келіп, ресми тіркеуге тұрмайтындар жетіп артылады. Тіркеуге тұрмағандар

емханалар мен ауруханаларға бара алмайды, жұмысқа қабылданбайды және әлеуметтік көмек алмайды.

"Дұрыс тамақтанбау мен салқын үй-жайларда тұру салдарынан көпбалалы отбасылардағы балаларда рахит, отбасы мүшелерінде зат алмасудың бұзылуы және әртүрлі созылмалы аурулар пайда болады. Соңғы уақытта психикалық және физикалық дамуында ауытқушылығы бар балалардың дүниеге келуі жиі тіркеліп жатыр. Бүгін балаларымыздан үнемдеп, аяғанымыз, ертең алдымыздан шығады. Бұл болашаққа жасалған қиянат. Өйткені "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу" әлдеқайда тиімді. Менің ойымша, көпбалалы аналарға декреттік демалыстың барлық кезеңінде орташа жалақы төлеу керек. Себебі олар ұлттың болашағын тәрбиелеп отыр. Бұған қоса "Ана капиталын", тұрғын үй сертификатын енгізу қажет", – деді ол.

Оның сөзінше, дамуында ерекшелігі бар бала тәрбиелеп отырған аналарға тұрғын үй алу үшін жеңілдікпен несие рәсімдеу шартын қайта қарау керек. "Ерекше бала" тәрбиелеп отырған отбасыларда, әдетте ата-ананың біреуі ғана жұмыс істейді. Ал кірістің жалпы жиынтығы көп жағдайда мемлекеттік бағдарламаға қатысуға жетпейді. Егер отбасында тек анасы немесе әкесі ғана болса ше?! Мұндай санаттағы адам үшін өз қаражатына пәтер сатып алу мүмкін емес. Мәселені шешу үшін жеңілдікпен берілетін тұрғын үйді үлестіру кезінде жоғарыда сөз болған санаттағы азаматтарға кезек бөлек тізім бойынша жасалуы және "сатып алу құқығымен" не "өтеусіз негізде" тұрғын үй беру мүмкіндігі қарастырылуы керек", – деді Назгүл Мақжан.

Ол кәмелетке толмаған, дамуында  ерекшелігі бар бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар жәрдемақыға ғана өмір сүретінін мәлімдеді.

"Осындай жағдайды бастан кешіріп отырған аналарға бастапқы жарнасыз ипотекалық тұрғын үй беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Олардың балаларының мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуына байланысты алатын жәрдемақысын кіріс көзі ретінде есепке алу қажет", – деді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша "Әйелдер күштері альянсының" төрағасы.

Назгүл Мақжанның мәлімдеуінше, мүгедек балаларды оңалту – өзекті мәселе.

"Олар жылдар бойы кезекте тұрады. Мәселені мүгедек балаларды емханалардың өзінде оңалту арқылы шешуге болады", – деді ол.

Оның айтуынша, дамуында "ерекшелігі" бар балалардың аналарына әлеуметтік қызметкер мәртебесін беру қажет.

"Дамуында ерекшелігі бар баланы ата-ана 18 жастан кейін де тәрбиелейді. Өйткені ақыл-ойы бұзылған, физикалық дамымаған адамға өмір бойы қарайласу керек. Алайда олардың жасы ұлғайған сайын қамқорлық жасау  қиындай түседі. Көптеген жағдайда генетикалық аурулармен ауыратын адамдарға мүгедектіктің 2-ші немесе 3-ші тобы беріледі. Теориялық тұрғыдан алғанда, бұл оның өз-өзіне қамқорлық жасай алатынын білдіреді. Алайда Даун синдромы немесе аутизммен ауыратын адамдар, психикалық генетикалық ауытқушылығы бар науқастар өз бетінше өмір сүре алмайды.

Аталған санаттағы адамдарға мүгедектіктің 1-тобын тағайындау туралы мәселені заңнамалық деңгейде қайта қарау керек. Аталған санаттағы адамдардың өмір сүру деңгейін аз да болса жақсарту мақсатында қамқоршыларға ай сайын жәрдемақы төлеу мәселесін шешу қажет", – деді Назгүл Мақжан.

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу